Киімдерді атау
Сабақ туралы мәлімет
Топ
Желкен (ересек тобы)
Тәрбиеші
Смағұл Ф. Т.
Білім саласы
Қатынас
Бөлім
Тіл дамыту
Тақырып
Қысқы киімдер
Сабақтың мақсаты
- Балаларға киім, киім түрлері және қысқы киімдер туралы түсінік беру.
- Қысқы киімдерді ажырата білуге үйрету.
- Жұмбақ шешу арқылы ойлау қабілетін дамыту.
- Сөз тіркестері мен сөйлем құрату арқылы сөздік қорды молайту.
- Киімді ұқыпты, таза киюге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Қысқы киімдердің суреттері
- Қуыршақ
Негізгі идея
Суықта тоңбас үшін жылы киімдерді дұрыс таңдап, ретімен киіне білу.
Оқу іс-әрекетінің барысы
I. Кіріспе бөлім
Балалар топқа келген қонақтармен орындарынан тұрып амандасады: «Сәлеметсіздер ме?»
Ән әуенімен қонақ — Миона келеді. Ол саяхаттап жүріп адасып қалғанын, бұл жақтың өте суық әрі аяз екенін айтады және балалардан көмек сұрайды.
Тәрбиеші Мионаны жылы қарсы алып, балалардың бүгін қыста қалай және қандай киім кию керектігін түсіндіріп көмектесетінін айтады.
Өлең арқылы тақырыпқа шығу
Шанамен зырлап желетін,
Шаңғы, коньки тебетін.
Аққала жасап ойнайтын...
Балалар өлеңнің қыс мезгілі туралы екенін анықтайды.
Сұрақ-жауап
- Қазір жылдың қай мезгілі? — Қыс мезгілі.
- Қыста табиғатта қандай өзгерістер болады? — Қар жауады, күн салқындайды.
- Тоңбас үшін не істейміз? — Жылы киінеміз.
II. Негізгі бөлім
Сөздік жұмыс: жұмбақтар
Аузы біреу, бес құдық,
Қысты күні бойлатам,
Бесеуіне бес құрық.
Жауабы: қолғап
Күні бойы жүргізеді,
Үйге де кіргізеді.
Бірақ өзі ізетті,
Босағада қалып, шығуымды күтеді.
Жауабы: аяқ киім
Іші — егіс,
Сырты — тегіс.
Жауабы: тон
Керегесі тыртық, уығы қысқа,
Керек болған үй екен біздің тұсқа.
Отарға мал айдасам, жолға шықсам,
Үйімді тігіп жүрем жазда, қыста.
Жауабы: бөрік
Балалардың үлгі жауаптары
- Қыста қалың тон киеміз.
- Бөрік аң терісінен тігіледі.
- Қыста жылы аяқ киім кисек, тоңбаймыз.
- Әжем маған арнап қолғап тоқып берді.
Демонстрация және сөйлем құрастыру
Балалар суреттерге қарап қысқы киімдер туралы әңгіме құрайды.
Үлгі сипаттама (ұл бала)
Айбол басына баулы құлақшын киген. Үстінде қызыл күрте бар. Қолында әдемі қолғап, аяғында жылы етік.
Үлгі сипаттама (қыз бала)
Айшаның мойын орағышы әдемі. Үстіне жылы тон киген. Аяғында жылы байпақ бар.
Сөйлемді толықтыру
Суықта не киеміз? — балалар суретке қарап сөйлем құрайды:
- Қыста қолымызға қолғап киеміз.
- Қыста басымызға құлақшын кию керек.
- Қыста үстімізге тон кию керек.
- Қыста аяғымызға жылы аяқ киім кию керек.
Мнемо-кестемен жұмыс (байланыстырып сөйлеу)
Мақсаты: сұрақ-жауап арқылы суретке қарап сипаттама беріп, байланыстырып сөйлеуге үйрету.
Мысал: бас киім
- Мынау не?
- Бас киім.
- Неден тоқылған?
- Жіптен тоқылған.
- Төбесінде не бар?
- Пампоны немесе шашағы бар.
- Пішіні қандай?
- Домалақ.
- Неге ұқсайды?
- Допқа ұқсайды.
- Қандай (сезімі)?
- Жұмсақ, жылы.
- Түсі қандай?
- Түрлі түсті.
- Кімге арналған?
- Ер балаға арналған.
- Қай мезгілде киеміз?
- Қыс мезгілінде.
Мысал: тон
- Мынау не?
- Тон.
- Түсі қандай?
- Қоңыр.
- Көлемі қандай?
- Үлкен.
- Неден жасалған?
- Теріден жасалған.
- Қай мезгілде киеміз?
- Қыс мезгілінде.
- Кімге арналған?
- Қыз балаға арналған.
Сергіту сәті
Тоңса біздің қолымыз,
Қолғапты киіп аламыз.
Сарт-сарт-сарт —
Шапалақты соғамыз.
Тоңса біздің аяғымыз,
Етікті киіп аламыз.
Топ-топ-топ —
Топылдатып билейміз.
Дидактикалық ойын: «Қыста қалай киіну керек?»
Шарты: киімдердің қайсысы ер балаға, қайсысы қыз балаға сай келетінін айтып, сөйлем құрастыру.
1) Қыз баланы киіндіру және сөйлем құрау
Қуыршақты ретімен киіндіріп, балалардан дұрыс киіндірілгенін сұрау. Қуыршаққа ат қойып, сипаттап сөйлем құрату.
Үлгі жауап
Арай бұтына жылы гамаж, үстіне жылы тон, аяғына етік, басына бас киім, мойнына мойын орағыш, қолына қолғап киді. Арай қысқы серуенге дайын.
2) Ер баланы киіндіру (Мионаны қатыстыра отырып)
Миона ер балаға лайық киімдерді таңдап киіндіреді. Балалар киімнің дұрыстығын тексеріп, сөйлем құрайды.
Үлгі жауап
Айбар бұтына шалбар, үстіне жылы тон, аяғына етік, басына құлақшын, мойнына мойын орағыш, қолына қолғап киді. Айбар қысқы серуенге дайын.
Тәрбиеші қол көтеріп, әңгіме құрауға қызығушылық танытқан балалардың пікірін тыңдап, жақсы сөйлем құраған балаларды мадақтайды.
Шығармашылық жұмыс: тұзбен жұмыс
Жай әуен қосылып, балалар Мионаның сыйына арнап қысқы киімдердің бөліктерін құрастырады: тон, қолғап, малақай, етік, мойын орағыш.
Киімдерді топтастыру
- Малақай, құлақшын — бас киімдер.
- Байпақ, кебіс, пима — аяқ киімдер.
Тыныс алу жаттығуы: «Қолғап»
Балалар тынысын реттеп, қысқы киімдер тақырыбын бекіте түседі (Миона да қатысады).
Дайын жұмыстар қаралып, жасалған қысқы киім үлгілері қонаққа сыйға тартылады.
Миона балаларға алғыс айтып, көп нәрсе үйренгенін жеткізеді және өз сыйлығын беріп, қоштасады.
III. Қорытындылау
Қайталау сұрақтары
- Бүгінгі оқу іс-әрекеті ұнады ма?
- Бізге кім қонаққа келді? — Миона.
- Миона қандай көмек сұрады? — Адасып қалып, тоңып қалғанын айтты.
- Ол неліктен жеңіл киінген? — Өйткені олардың елінде үнемі ыстық.
- Қыс мезгілінде қандай киімдер киеміз? — Балалар қысқы киімдерді атап шығады.
Тәрбиеші балалардың белсенді қатысқанын атап өтіп, кез келген уақытта көмек сұраған жандарға жәрдем беруге шақырады. Соңында қонақтармен қоштасып, оқу іс-әрекеті аяқталады.