Жүйрік тілді ақын бол
Тіл — тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз. Ана тілі — ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қалатын ең асыл мұра.
Сынып сағатының мақсаты
1) Құрмет пен сүйіспеншілікті ояту
- Оқушылардың ана тілге деген құрметін, сүйіспеншілігін арттыру.
- Тілді дамыту, мәнерлеп сөйлеуге баулу.
- Ой-өрісті кеңейту, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.
2) Тіл өнері мен мәдени мұраны таныту
- Қазақтың шешендігі мен тапқырлығының қыр-сырын тану, үлгі алу.
- Салт-дәстүрдегі тіл шұрайын сезіну.
- Халық мәдениетін тіл арқылы насихаттау.
- Ана тілінің өміршеңдігін және адам тіршілігіндегі рөлін ұғындыру.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Балалар, бүгінгі таңда ана тілін білу мен үйренудің маңызы туралы кең көлемде жұмыстар жүргізілуде. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы күшіне енді. Ана тілінсіз іс өрге баспайды. Ендеше, ана тілімізді қастерлейік, қадірлейік.
Жүргізушінің арнауы
Тілім барда — қазағым бар, халқым бар,
Дәстүрім бар, ата жолы, салтым бар.
Кең даладай жиналмаған шалғайым,
Аңқылдақ та, ашық мінезім бар.
Көрініс: «Менің тілім өлмейді»
Оқиға орны: түрме іші
Қайрат дауыстап өлең оқып отыр. Тергеуші екі күзетшімен бірге кіреді.
Тергеуші
Не туралы өлең оқып отырсың? Бүгін жазаланатын күнің екенін білесің бе?
Қайрат
Білемін. Мен ана тілім туралы өлең оқып отырмын.
Тергеуші
Айтар ақтық сөзіңді айтып қал.
Қайрат
Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Құшақ жая таныстым сан тіліммен.
«Жаман үйді қонағы билейді» деп,
Қала жаздап айырылдым өз тілімнен.
Өзге тілге еліктеп ел болмайық,
Қазағымның артығы жоқ өз тілінен.
Тергеуші
Әй, оңбаған! Шыныңды айт: орыс тілінде жаз!
Қайрат
Мойныма алдым жаланы —
Туған жердің намысы.
Бөтен қолда кетпесін,
Титыққа орыс жетпесін.
Тергеуші
Әкетіңдер! Атыңдар!
Тақпақтар: тілге тағзым
1-оқушы
Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.
2-оқушы
Тілім менің — тіршілігім, тынысым, құным менің!
Бас бергенмен, Махамбет тіл берген жоқ.
Тіл кесілсе, не болмақ күнім менің?!
3-оқушы
Тілім менің — ұлы Абайдай, Мұхтардай пірім менің!
Тұнығым, рухани жан азығым,
Ол бүлінсе — менің де бүлінгенім.
Ән
Е. Хасанғалиевтың «Анаға сәлем» әні орындалады.
4-оқушы
Өнер алды — қызыл тіл,
Ой толғаған сырлы тіл.
Қалауын тауып қар жаққан,
Тас тілетін алмас тіл.
Қоршаған ал отау тіс,
Сарайын ашып, сырын біл.
Мақал-мәтелдер
Жүргізуші: Ал, енді балалар, тіл туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?
- Ақыл көркі — тіл, тілдің көркі — сөз.
- Көңіл — гүл, тіл — бұлбұл.
- Аяққа кісен салуға болар, қолға кісен салуға болар, ал тілге кісен салуға болмас.
Ойын: «Ұйқасын тап»
Енді балалар, шешендік өнерлеріңді сынайық. «Ұйқасын тап» ойынында берілген жолдардың жалғасын табыңдар.
- 1) Түк сезбеген балаң… Жақсылық көрме одан.
- 2) Жүйрік тілді ақын бол… Жақсылыққа жақын бол.
- 3) Достарыңмен тату бол… Дұшпаныңа қату бол.
- 4) Туған жердің гүлі бол… Азамат бол, ірі бол.
Қорытынды: ортақ үн
Хормен:
Туған жері — түп қазығы, айдыны,
Туған тілі — сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы — тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Барлығы қосылып, еліміздің әнұраны — «Менің Қазақстаным» орындалады.