Өсімдік түрлері
Сандық білім беру ресурсы
Бұл сандық ресурс бастауыш сынып оқушыларына арналған көмекші оқу құралы. Материалдар модульдерге бөлініп, тақырыпты терең әрі жеңіл меңгеруге көмектеседі. Оқушы өздігінше оқып, тапсырмалар арқылы білімін пысықтап, өзін-өзі тексере алады.
Сыныбы
2-сынып
Пәні
Дүниетану
Тақырыбы
Өсімдік
Мақсаты
- Материалды модульдерге бөліп, тақырыпты жан-жақты әрі түсінікті түрде меңгерту және пысықтау.
- Сабақтан тыс уақытта әр оқушыға қосымша білім алуға мүмкіндік жасау.
- Өздігінше ізденуді дамыту және пәнге, жалпы білім алуға қызығушылықты арттыру.
Мазмұны
- 1.Кіріспе
- 2.Өсімдік — тірі организм
- 3.Өсімдік түрлері
- 4.Өсімдік мүшелері
- 5.Өсімдіктің өсуіне не қажет?
- 6.Модуль бойынша тапсырмалар
- 7.Қосымша білім
- 8.Сөзжұмбақ
- 9.Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Сәлем, балақай! Білім әлеміне қош келдің! Бұл жерде Дүниетану пәні бойынша қызықты қосымша мәліметтер мен тапсырмалар берілген. Мәтіндерді оқып, тапсырмаларды орындап көр. Соңында өз-өзіңді тексер. Сәттілік!
Өсімдік — тірі организм
Неге өсімдік тірі табиғатқа жатады?
Біз — адамбыз. Адамның достары көп, солардың бірі — өсімдіктер. Олар әдемілік сыйлайды, ауа тазартуға көмектеседі және айналаны көркейтеді. Өсімдіктер тірі табиғатқа жатады, себебі олар өседі, өнеді, көбейеді, ал уақыты келгенде немесе ауырса солып, тіршілігін тоқтатады.
Өсімдікке не қажет?
- Күннің жылуы
- Таза ауа
- Су
- Қоректік заттар
Күтімі жақсы болса, өсімдік жақсы өседі әрі әдемі болады. Күтімі нашар болса, қисық өседі немесе қурап қалады. Осыдан өсімдіктің тірі организм екенін білеміз.
Өсімдік түрлері
Өсімдіктердің негізгі топтары: ағаштар, бұталар, шөптер. Әр топтың көптеген түрлері бар.
Ағаштар
Қайың, емен, қарағай, көктерек, терек, шырша, қарағаш, жөке, жеміс ағаштары және т.б.
Ағаш — діңі жақсы жетілген, бойы 2 метрден кем емес көпжылдық өсімдік.
Ағаштар мәңгі жасыл (ине жапырақты) және күзде жапырағы сарғайып түсетін жалпақ жапырақты болып бөлінеді.
Бұталар
Таңқурай, итмұрын, қарақат, жыңғыл, бөртегүл, шеңгел және т.б.
Бұта — ағашқа қарағанда аласа, бірнеше сабағы бар өсімдік.
Шөптектестер
Жоңышқа, бақбақ, көкнәр, селеу, бидайық, күнбағыс, бидай және т.б.
Шөптер — жұмсақ, жіңішке сабағы бар өсімдіктер.
- Біржылдық: бидай, күнбағыс
- Екіжылдық: орамжапырақ, сәбіз, шалғам
- Көпжылдық: бидайық, жоңышқа, бақбақ
Өсімдік мүшелері
Өсімдіктің әр мүшесінің өз қызметі бар: тамыр, сабақ, жапырақ, сондай-ақ гүл, жеміс, тұқым.
Тамыр
Өсімдіктің топырақтағы бөлігі. Тамыр тереңге бойлай өседі, өсімдікке су тасиды және оны топыраққа берік ұстап тұрады.
- Тамыр түрлері: негізгі жуан тамыр, жанама тамыр, шашақ тамыр.
- Еменнің тамыры кейде 15 метрге дейін жетуі мүмкін.
- Шөлде өсетін сексеуілдің тамыры 20–30 метрге дейін барады.
Су тереңде болса — тамыр ұзын, су таяз болса — тамыр қысқа болады.
Сабақ
Сабақ жер бетінде өседі. Онда бұтақтар, жапырақтар, гүлдер және жемістер орналасады. Тамыр арқылы келген су мен қоректік заттар сабақпен жоғары көтеріліп, өсімдіктің барлық бөлігіне тарайды.
- Сабақ қатты, жұмсақ, иілгіш немесе сынғыш болады.
- Қысқа да, ұзын да болуы мүмкін.
Жапырақ
Жапырақ — өсімдіктің тыныс алатын негізгі мүшесі. Ол көмірқышқыл газын жұтып, таза оттегін бөледі. Артық ылғалды буландырып, өсімдікті қатты ыстықтан қорғайды.
Жапырақта өсімдікке қажет қоректік заттар — қант пен крахмал түзіледі. Ол үшін күн сәулесі, жылу, ауа және су қажет.
Гүл, жеміс, тұқым
Әуелі тұқым құнарлы жерге түседі. Қолайлы жағдай болса, тұқымнан тамыр пайда болады. Тамыр тереңге бойлап, сабақ күнге ұмтылады. Сабақта жапырақтар мен гүлдер өседі. Гүл ашылған соң, оның орнында жеміс түзіліп, жемістің ішінде жаңа тұқымдар жетіледі.
Өсімдіктің өсуіне не қажет?
Негізгі қажеттіліктер
- Су
- Ауа
- Жарық
- Жылу
- Құнарлы топырақ және қоректік заттар
Су мен топырақ туралы
Өсімдіктер суды жаңбырдан, жер асты суларынан алады, ал егін мен бақша өсімдіктерін адам суарады, арықпен су жеткізеді. Әр өсімдік өз ортасына бейімделеді: ылғал сүйгіш немесе құрғақшылыққа төзімді түрлері болады. Кейбір өсімдіктер тастың жарығында да өседі.
Өсімдік қоректік заттарды топырақтан алады. Сондықтан құнарлы топырақты жерде өсімдік көп және тез өседі. Топырақтың құнарын тыңайтқыш арқылы арттыруға болады.
Ауа, жарық және жылу
Өсімдік ауаны әрі тамыры арқылы, әрі жапырағы арқылы алады. Сондықтан топырақты қопсытып тұрған дұрыс: тығыз топырақ ауаны нашар өткізеді. Көктемде күннің жылуы жеткілікті болғандықтан, өсімдіктер өсе бастайды. Көктем мен жаз — өсімдік өсуіне ең қолайлы мезгілдер.
Модуль бойынша тапсырмалар
Тест тапсырмалары
1) Өсімдік — тірі организм
Қайсысы дұрыс?
- а) Өсімдік өседі, өнеді, қурайды
- ә) Өсімдік өлі табиғатқа жатады
- б) Өсімдіктердің пайдасы өте аз
Өсімдікке тірі организм ретінде не қажет?
- а) Ауа, жайлы жер, бөлме
- ә) Ауа, жылу, жарық, су, топырақ
- б) Тамақ, су, топырақ
2) Өсімдік түрлері
Қайсысы дұрыс?
- а) Таңқурай — бұта
- ә) Шырша — жалпақ жапырақты
- б) Өсімдік ағаш, бұта, шөп болып бөлінеді
Жыңғыл қай топқа жатады?
- а) Ағаш
- ә) Шөп
- б) Бұта
3) Өсімдік мүшелері
Өсімдік мүшелері қалай бөлінеді?
- а) Тамыр, жеміс, сабақ
- ә) Тамыр, сабақ, жапырақ, гүл, жеміс, тұқым
- б) Тамыр, жапырақ
Тамыр қандай қызмет атқарады?
- а) Су әкеледі, қорек жасайды
- ә) Су әкеледі, топырақта бекітіп ұстап тұрады
- б) Жарық пен жылу береді
Судан қоректік заттарды жасайтын өсімдік мүшесі қайсы?
- а) Тамыр
- ә) Сабақ
- б) Жапырақ
4) Өсімдіктің өсуіне не қажет?
Қайсысы дұрыс?
- а) Қосымша тамақ
- ә) Тек қана су болса жеткілікті
- б) Су, ауа, жылу, топырақ, жарық
Өсімдіктің жапырағында түзілетін қоректік заттар:
- а) Су, ауа
- ә) Күн сәулесі, су
- б) Қант, крахмал
Қосымша білім
Жауқазын
Жауқазын — шалғындарда, қыраттарда, бұталардың арасында және көгалдарда өсетін шөптесін өсімдік. Гүлі сары, жапырағы хош иісті. Ол ерте көктемде алғаш шығатын гүлдердің бірі, көбіне мамыр айында гүлдеп, адамдарды қуантады.
Әдемілігімен қатар емдік қасиеті де бар. Ежелгі гректер жауқазынды «он екі құдайдың гүлі» деп атап, түрлі ауруға шипа болады деп сенген.
Емен
Емен — алып ағаштардың қатарына жатады. Діңі жуан әрі мықты. Еменнің жемісі — жаңғағын жабайы қабандар мен үй шошқалары жақсы көреді.
Күзде еменнің жапырағы ең соңынан түседі. Ол төзімді ағаштардың бірі.
Терек
Терек — тез өсетін биік ағаш. Көктемде жабысқақ, хош иісті бүршіктері бөртіп, кейін сырғалары пайда болады. Соңынан теректің жемістері — жаңғақтар түзіледі.
Жеміс піскенде ашылып, тұқымдары желмен жан-жаққа тарайды. Ауада ұшып жүретін ақ мамықтарды сен де көрген шығарсың. Терек жол жиегінде өсіп, шаң-тозаң мен желден қорған бола алады.
Өсімдік рекордтары
- Ең ұзақ өмір сүретін қылқан жапырақты: секвойя — 2000 жылдан астам өмір сүре алады.
- Ең алып ағаш: секвойя — биіктігі 100 м-ден, диаметрі 20 м-ден асуы мүмкін.
- Ең үлкен шөп: бамбук — 20 м-ге дейін өседі, тәулігіне 1 м-ге дейін ұзара алады.
- Ең ірі жапырақ: рафия пальмасы — ұзындығы 20 м-ге дейін.
- Ең ірі тұқым: кокос — салмағы 20 кг-ға дейін.
- Ең ұзын теңіз өсімдігі: теңіз балдыры — 60 м-ге дейін.
- Ең үлкен ормандар: Сібір тайгасы және Бразилияның тропикалық ормандары.
Ойын-жұмбақтар
Жаздай інге тығылып,
Жатқан қызыл түлкіні,
Құйрығынан суырып,
Әкелді әжем бір күні.
Жауабы: сәбіз
Бұл не деген көп киім,
Жетпіс қабат көк киім?
Үй ішінен табасың.
Тамаққа да саласың.
Жауабы: қырыққабат
Бақтарда балбырап,
Тұрады албырап,
Уылжыған уыздай,
Алма емес ол бірақ...
Жауабы: шабдалы
Сөзжұмбақ
Балақай! Сөзжұмбақты дұрыс шешсең, жасырынған сөздерді табасың.
1. Өсімдіктің жер астындағы бөлігі — тамыр
2. Өсімдік тіршілігіне қажет нәрсе — ауа
3. Өсімдіктің жер бетіндегі бөлігі — сабақ
4. Шыршаның жапырағы неге ұқсайды? — ине
5. Діңі жуан әрі мықты болатын өсімдік тобы — ағаш
6. Қант пен крахмал түзетін өсімдік мүшесі — жапырақ
7. Итмұрын қай топқа жатады? — бұта
Пайдаланылған әдебиеттер
1) Оқу бағдарламасы және бастауыш сыныпқа арналған Дүниетану оқулығы материалдары.