Бала тілегі сөзі
Сыныбы: 4
Пәні: Өзін-өзі тану
Сабақ түрі: Жаңа ұғымды қалыптастыру
Сабақ типі: Жаңа сабақ
Әдістері: ой қозғау, Венн диаграммасы, топтастыру
Көрнекі құралдар: интерактивті тақта, тақырыпқа байланысты слайд
Сабақтың тақырыбы: «Жақсы сөз жанға қуат береді»
Мақсаты
Оқушыларға жақсы сөздің құндылығы туралы түсінік беру.
Міндеттері
- Жақсы сөздің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.
- Жақсы сөздерді орынды қолдану дағдыларын дамыту.
- Ізгілікке, ізеттілікке, жақсы сөз арқылы жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеу.
I. Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту
Шаттық шеңбері
— Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін сендерді «Өзін-өзі тану» сабағында көргеніме қуаныштымын.
— Қандай көңіл-күйдесіңдер?
— Бір-біріміздің қолымыздан ұстағанда нені сезінеміз?
Оқушылардың жауаптары тыңдалады.
Өлең жолдары
Ой — жүйрік, тіл — шебер,
Танытса шындықты.
Мәнді ойды тілмен бер,
Сөзді тауып ұқыпты.
Сіз, біз деген жылы сөз —
Жақсылықтың мейірі.
Бір-біріне болып көз,
Кең болсын адам пейілі.
Ән
«Бала тілегі» (сөзі: С. Молдасанұлы, әні: Ф. Жолдасова)
Бүгінгі әңгімеміздің өзегі — жақсы сөздің адамға күш-қуат беруі. Жылы сөз жанды жадыратады, жүректі жылытады және адамды жақсылыққа жетелейді.
Ой қозғау (әңгімелесу)
- Қай кезде жақсы сөздерді қолданасыңдар?
- Жақсы сөз естігенде қандай күйде боласыңдар?
- Жаман, дөрекі сөз естігенде қандай сезім пайда болады?
- Жақындарыңа қандай жылы сөз айтқың келеді?
Халқымыз: «Жақсы сөз — жарым ырыс» дейді. Жақсы сөз естісең, жаның жай табады. Жылы сөз ашуды басады, жүректі жұмсартады, бақыт пен қуанышқа жетелейді.
II. Мағынаны тану
Мәтінмен жұмыс
Мәтін абзац-абзац болып оқылады: «Сыпайы қоян» (Мексика ертегісі).
- Қоянның жылы сөздері оған қалай көмектесті?
- Жылы сөз арқылы қандай жағдайларда көмек көрсетуге болады?
Дәйексөз
«Жүректен шыққан сөз жүрекке жол табады»
Ә. Науаи
Жылы сөз адамдарды достастырады, сабыр сақтауға көмектеседі, көңілді көтереді, ашуды басады. Әр сөз жүрекпен қабылданады. Сондықтан бір-бірімізге мүмкіндігінше жылы әрі ізгі сөз айтуға дағдыланайық.
Сергіту сәті
Ақша бұлттар аспанда, (қолдарын жайқалтады)
Жерімді жайнап құлпыртсын. (жерді көрсетеді)
Нұрын сыйлап біздерге, (күнді көрсетеді)
Көкте мәңгі күн тұрсын. (күнді көрсетеді)
Жаңа ақпарат
Жақсы сөз адамды қуанышқа бөлейді және қарым-қатынасты жақсартады. Адамдар бір-бірімен сыпайы сөйлесу арқылы сыйластық пен достыққа қол жеткізеді.
Суретпен жұмыс: жақсы сөздің түрлері
1) Құттықтау, ізгі тілек
«Құрметті ұстаздар! Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Сіздерге шығармашылық табыс, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға бақыт тілейміз».
Күтілетін жауап: құттықтау сөз, жақсы тілек.
2) Амандық-саулық сұрау
«Апа, аман-есенсіз бе? Қал-жағдайыңыз қалай? Ауырып қалды деп еді, айығып кеттіңіз бе?»
Күтілетін жауап: амандық сұрау, жағдай білу.
3) Алғыс, ризашылық
«Алло! Сәлеметсің бе, Айжан! Сенің маған 8-наурызға жіберген ашық хатыңды алдым. Саған көп-көп рақмет айтып, алғысымды білдіргім келеді».
Күтілетін жауап: алғыс айту, ризашылық білдіру.
4) Мақтау
«Жарайсың, құлыным! Менің кішкентайым ата-анасына қолғанат болып жүр екен. Әлі-ақ еліңді қорғайтын азамат боласың».
Күтілетін жауап: мақтау.
5) Мадақтау, көңіл көтеру
«Сымбат, сен қандай әдемі болып құлпырып кетіпсің!»
Күтілетін жауап: мадақтау.
Ойын-жаттығу: сыпайы диалог
Оқушылар топқа бөлінеді. Әр топ берілген жағдаят бойынша жақсы сөздерді қатыстыра отырып шағын көрініс көрсетеді.
1-топ
Сабаққа кешігіп келген оқушы мен мұғалім арасындағы әңгіме.
2-топ
Тұтынушы мен сатушы арасындағы сыпайы қарым-қатынас.
3-топ
Емханадағы науқас пен дәрігер арасындағы диалог.
III. Ой толғаныс
Дәптермен жұмыс
- Венн диаграммасы.
- Топтастыру: жақсы сөздерді мағынасына қарай жіктеу.
Қорытынды ой
Жақсы сөз бен жылы тілек әр адамның көңілін көтеріп, жүрегіне жылу береді. Жылы сөз адамдарды татуластырады, жақындастырады. Бір-бірімізге жақсы сөзді жиі айту арқылы өзара сыйластық артады.
Жүректен жүрекке
Оқушылар шеңберге тұрады. Қолдарына шарлар мен жалаулар беріледі. Бірге төмендегі өлең жолдарын айтады:
Күлімде, күн, күлімде,
Жер жасарсын, көгерсін!
Кешегідей бүгінде,
Қанат қақсын көгершін.
Күлімде, күн, күлімде,
Бүлдіршіндер қуансын.
Қырдың көкшіл түгіндей,
Қолдарына ту алсын.
Күлімде, күн, күлімде,
Күлсін барлық бала шат.
Берекелі бүгіндей,
Бейбіт болсын болашақ!