Тыныс белгілерін түсіндіру
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Пән / сынып
Қазақ тілі, 9-сынып
Сабақ тақырыбы
Үтірдің сөйлем ішінде қойылуына арналған жаттығу сабағы
Сабақ түрі
Қалыптан тыс сабақ
Мақсат, күтілетін нәтиже
Жалпы мақсат
Оқушылар үтірдің сөйлем ішінде дұрыс қойылуына жаттығады. Бірыңғай мүшелерді, оңашаланған айқындауыштарды және оқшау сөздерді (қаратпа сөз, қыстырма сөз, одағай) мәтіннен тауып, тыныс белгілерін қойып, себептерін түсіндіреді және өз жұмыстарында орынды қолдануды үйренеді. Сауатты жазу дағдысы қалыптасады.
Оқу нәтижесі
- Үтірді сөйлем ішінде сауатты қолданады.
- Кез келген мәтіндегі үтірдің не себепті қойылғанын түсіндіре алады.
- Тыныс белгілерін қолдануда дәлелді, жүйелі ой қорытады.
Сабақта қолданылатын материалдар
- АКТ арқылы берілетін тапсырмалар
- Бағалау бетшелері
- Топ үстелдерінің белгілері
- Стикерлер
Оқыту әдістері (7 модуль кіріктірілуі)
- СТО: «Миға шабуыл»
- РАФТ
- Деңгейлік тапсырмалар
- Жаңа тәсілдер, топтық жұмыс
- Ауызша және жазбаша жұмыстар
- Бағалау, АКТ, кері байланыс
Дереккөз
9-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы. Алматы: Мектеп, 2013. Авторлар: Р. Әмір, М. Атабаева.
Сабақ барысы
I. Қызығушылықты ояту
2 минут
Сынып 4 топқа бөлінеді. Деңгейлік тапсырмаларға негіздеу үшін топ құрамы алдын ала жоспарланып, әр үстелге қатысушылар тізімі қойылады.
Топпен әңгімелесу (сұрақ-жауап)
- Қандай тақырып өтіп жатырмыз? — Сөйлем ішіндегі тыныс белгілері.
- Үтір қандай тыныс белгіге жатады? — Ерекшелеуші тыныс белгі.
- Неге? — Сөйлем ішіндегі мағыналық бөліктерді айқындап, бөліп көрсету қызметін атқарады.
- Сөйлем ішінде қандай жағдайларда үтір қойылады? — Бірыңғай мүшелерде, оңашаланған айқындауышта, оқшау сөздерде (қаратпа, қыстырма, одағай), сондай-ақ құрмалас сөйлем құрамында.
- Қайсысы ерекшелеуші қызмет атқармайды? — Құрмалас сөйлемдегі үтір: ол сөйлемдердің ара жігін ажыратады.
II. Мағынаны ашу
22 минут
Интерактив тақта арқылы үш түрлі тапсырма ұсынылады. Әр топ өз мүмкіндігіне қарай бір деңгейлі тапсырманы таңдап орындайды.
I жұмыс
7 минут
Үш деңгей бойынша ұсынылады.
I деңгей (озат оқушылар)
172-жаттығу: бірыңғай мүшелі 3 сөйлемді көшіріп жазып, сөйлем мүшесіне талдау жасау.
II деңгей (ізденіске бағытталған)
183-жаттығу: қаратпа сөзді, қыстырма сөзді және бірыңғай мүшелі сөйлемдерді теріп жазу; тыныс белгілерін түсіндіру (5 сөйлем).
III деңгей (қолдауды қажет ететін оқушылар)
183-жаттығу (Б): мәтінді іштей оқу; негізгі ойды табу; пікір алмасу және диалог құру. Жұмыста оқшау сөздер мен оңашаланған айқындауыштарды қолдану.
Нәтижені тексеру: 4 минут.
II жұмыс
7 минут
Үш деңгей бойынша ұсынылады.
I деңгей (озат оқушылар)
186-жаттығу: «ХХІ ғасыр жеткіншегі қандай болуы керек?» тақырыбында пікірлесіп, мақала жазу. Берілген қыстырма сөздерді қолдану.
II деңгей (ізденіске бағытталған)
184-жаттығу: көшіріп жазу, тыныс белгілерін түсіндіру. Қаратпа сөз бен қыстырма сөздің ұқсастығы мен айырмашылығын дәлелдеу. Берілген 3 сөзге морфологиялық талдау жасау.
III деңгей (қолдауды қажет ететін оқушылар)
187-жаттығу: одағайларды тауып, тиісті тыныс белгілерін қойып көшіріп жазу; түсіндіру.
Нәтижені тексеру: 4 минут.
III. Ой толғаныс
16 минут
III жұмыс: РАФТ (жалпы сыныптық жұмыс)
Түсіндіру
1 минут
Жазу
10 минут
Тексеру
5 минут
Тақырып
Сауаттылық
Рөл
Бірыңғай мүше, қаратпа сөз, қыстырма сөз, одағай немесе оңашаланған айқындауыштың біреуін таңдаңыз — сол ұғымның атынан сөйлеңіз.
Аудитория
Сыныпқа, сынып оқушыларына немесе жеке бір оқушыға арнаңыз.
Форма
Хат, өтініш, алғыс хат (өкпе-наз немесе ризашылық түрінде).
Нәтиже: әр топтан оқушылар өз жұмыстарын ұсынысымен бірге дауыстап оқиды.
IV. Бағалау
2 минут
Бағалау бетшелеріндегі критерийлер бойынша қатысушы мұғалімдер бағалайды. Сабаққа 12 мұғалім қатысып, олардың екеуі қазақ тілі пәні мұғалімі болды.
V. Рефлексия
2 минут
Слайдта берілген сұрақтар бойынша оқушылар қысқаша кері байланыс береді:
- 1 Сабақта саған қандай жұмыс ұнады (немесе ұнамады)?
- 2 Қай тыныс белгінің қойылуын толық меңгермедім деп ойлайсың?
- 3 Келесі сабақта қандай жұмыс түрі болғанын қалайсың?
Үй тапсырмасы
Түсіндіру: 1 минут
189-жаттығу: оқушылар өз қалауы бойынша екі түрлі жұмыстың бірін таңдап орындайды.
Рефлексиялық есеп: бақылау және қорытынды
Сабаққа 12 мұғалім қатысты, оның екеуі — қазақ тілі пәні мұғалімдері. Бағалауды сол әріптестердің қатысуымен ұйымдастырдым. Сынып 4 топқа алдын ала бөлінді: бір топқа үздік оқушылар, бір топқа үлгерімі төмен оқушылар, қалған екі топқа жақсы оқушылар жинақталды. Әр үстелге тізім қойылып, оқушылар сол бойынша орындарына жайғасты.
Тапсырмаларды топ болып өздері таңдауы тиіс болды. Алайда үздік топтағы кейбір оқушылар талдау жұмыстарынан қашқақтап, ең жеңіл тапсырмаларды таңдауға бейімделді. Бұл — сыныпта грамматикалық талдаудан имену бар екенін көрсетті, демек әлсіз тұстар айқындалды. Жалпы мақсат — оқушы өз мүмкіндігіне қарай таңдау жасап, жауапкершілік алу еді; бұл дағдыны әлі де жүйелі түрде қалыптастыру қажет екені байқалды.
Ең сәтті жұмыс
Ең нәтижелі тапсырма — соңғы РАФТ жұмысы болды. Оқушылар хат, өтініш, арыз сияқты әртүрлі формада мәтіндер ұсынды. Нұртас есімді шығармашылыққа жақын оқушы айтыс үлгісінде өлең жазып, үтірдің маңызын көркем тілмен жеткізді.
Оқушы жұмысының үзіндісі: айтыс-өлең
Нұртас
Келеді жанды жейтін сүйел дегім,
Ұнайды кемпірге ұқсап иілгенің.
Қаншалықты тырысып бақсам дағы,
Сипағанды білмейтін сиыр едім.
Екі-үш бала сені оқыса мәз болады,
Қалғандары: «Мына сені не қылады?!»
Жек көретін себебі бар, үтірім-ай,
Сені ойласа, еске түседі «2» алғаны.
Үтір
Мойындасайшы, тауықтай миың жоқты,
Апай саған қалай қояды «5» пен «4»-ті?
Қазақ тілден «объектің» мен болғанда,
Деп жыларсың анаңа: «Үшті төкті!»
Білуші едім кімдердің «бес» екенін,
Білуші едім кімдердің «бос» екенін.
Айтып берсем мысалды өзім жайлы,
Түсінерсің пайдамның осы екенін.
Нұртас
Айтқаныма ренжімеші, үтірім-ай,
Жауабыңа ойланып мен кідірдім-ай.
Ешқашан қайталанба жалқаулығым!
Осы — менің сертімді бергенім-ай!
Үтір
Түзелдің енді, міне, Нұртасжаным,
Ойларыңа мәз болып таңданамын.
Уәдеңе берік болып орындасаң,
Сен арқылы баршаға мақтанамын!
Редакторлық ескертпе
Үзінді мазмұны оқушының авторлық стилі сақтала отырып берілді. Кей жерлердегі емле мен тыныс белгілері оқылымды жеңілдету үшін ықшам түзетілді.