Үйсіндердің астанасы

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Мекеме

ШҚО, Аягөз ауданы, С. Ғаббасов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп

Пән мұғалімі

Тулеуов Талғар Халықбергенұлы, тарих пәні мұғалімі

Тақырып

Қазақстан аумағындағы тайпалық одақтар мен мемлекеттер

Мақсаттар

Сабақтың мақсаты

Қазақстан аумағында өмір сүрген тайпалардың шығу тарихын, қоғамдық құрылысын, шаруашылығын және ескерткіштерін жинақтап, қайталау.

Дамытушылық мақсаты

Тарихи оқиғаларды қорытындылап, қосымша деректерді тиімді пайдалану арқылы оқушылардың ой-өрісін дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

Оқушыларды отаншылдыққа, туған жерін және елін сүюге, тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу.

I бөлім — Таныстыру

Шарт бойынша әр топ өз атауын таныстырады: қарсы топқа атауы жазылған тақтайша беріледі, ал қарсы топ сол атаудың шығу тарихын түсіндіреді. Егер таба алмаса, топ жетекшісі толықтырады.

I топ — Яксарат

Яксарат — Сырдария өзенінің байырғы атауы. Алғашында бұл атау Сырдарияның қазіргі Ленинабад пен Ташкент аралығындағы орта ағысына қатысты қолданылған, кейін бүкіл өзеннің атауына айналған. Птоломей және басқа да авторлар Яксарат атауы осы өңірді мекендеген сақтардың яксарат тайпасымен байланысты болуы мүмкін деп жорамалдайды.

II топ — Хорезм

Хорезм атауы б.з.б. II мыңжылдықтан бұрын пайда болған. Біздің дәуіріміздің IV ғасырында Хорезм мемлекеттің маңызды орталықтарының біріне айналған. Кей деректерде Арал теңізінің атауы осы кезеңнен бастап кеңірек қолданылғаны туралы жорамал бар.

II бөлім — Сұрақ-жауап

Әр сұраққа топтың бір мүшесі жауап береді. Төменде ойынға енгізілген негізгі сұрақтар мен қысқаша жауаптар берілген.

1) Грек авторы Ктесий сақ әйелдерін қалай сипаттаған?

Ктесийдің жазуынша, сақ әйелдері ержүрек болған: соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмектесіп, ұрысқа араласқан.

2) Қаңлылар қандай елдермен сауда жасаған?

Қара теңіз жағалауындағы елдермен, Сириямен, Үндістанмен, Балтық теңізі бойындағы елдермен және Иранмен сауда байланыстары болған.

3) Аңдық стиль өнері қалай пайда болды?

Б.з.б. VII ғасырдың басында далалық аймақтарда аңдарды бейнелеу дәстүрі қалыптасты. Сақтар аң стилімен Алдыңғы Азия мен Иранға жасаған жорықтары барысында танысқан. Осы ықпалмен «өмір ағашы» ұғымы және арыстан бейнесі тарады; кейін бұл түсінік жергілікті жануарлар мен құстардың (жылқы, қой, түйе, бұғы, ақбөкен, барыс, жолбарыс, бүркіт, қасқыр, қоян) бейнелеріне ауысты.

4) Атилланың әлемдік тарихтағы орны қандай?

Атилла туралы еңбектер VI ғасырдан бастап бүгінге дейін жазылып келеді; неміс, француз және италиян тілдерінде көптеген туындылар жарық көрген. Итальялық композитор Джузеппе Верди «Атилла» операсын жазған. Қазақ халқында Атилла бейнесі «Еділ» атауымен де сақталған; Волга өзені қазақша «Еділ» деп аталады.

5) Үйсіндер туралы деректер қай ғасырда және кімдердің жазбаларында жиі кездеседі? Олар қай өңірді мекендеді?

Үйсін атауы қытай жазбаларында б.з.б. II ғасырдың басында жиі ұшырасады. Деректерде олар атжақты, аққұбаша, сары шашты болып сипатталады. Үйсіндердің шығыс шегі бір кезеңде Қытайдың солтүстік-батысындағы Бесбалақ ауданы арқылы өтсе, батысында Шу мен Талас өзендері бойына дейін жеткен; Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылған болуы мүмкін. Ордасы — Қызыл Аңғар қаласы, Ыстықкөл маңы.

6) Сармат тайпаларының орналасуы туралы не айтуға болады?

Көне дәуір авторлары б.з.б. III ғасырдың басында оларды «савроматтар» деп атаған. Сармат ескерткіштері Қазақстанның Батыс аймағында, әсіресе Жайық, Елек, Жем өзендері бойында жиі кездеседі.

III бөлім — Әңгіме құрастыру

Шарт бойынша оқушылар тарихи тұлғаларды қатыстырып, шындық пен қиял аралас қысқа әңгіме құрастырады. Қарсы топ оқиғадағы қай дерек дәл емес екенін табады және тарихи тұрғыдан дұрыс нұсқасын ұсынады.

«Яксарат» тобының әңгімесі

1955 жылы Жетісу жеріндегі Есік қорғанынан археолог Ә. Марғұлан «Алтын киімді адамды» тапқан. Зерттеушілердің пікірінше, ол б.з.б. V–IV ғасырларға жатады. Жасы 8–10-да, бойы 165 см болған. Алтын киімі 8 мыңға жуық әшекеймен безендірілген.

Дұрыс жауап

1969 жыл; Қ. Ақышев; жасы 17–18-де; әшекей саны шамамен 4 мыңға жуық.

«Хорезм» тобының әңгімесі

Ғұн мемлекетінің өрлеуі б.з.б. IV ғасырда өмір сүрген Тұман шаньюймен байланысты. Ғұндар мен Қытайдың Хань әулеті арасындағы соғыс б.з.б. 288 жылы Хань әулетінің жеңілісімен аяқталып, Қытай императоры ғұндарға жыл сайын алым-салық төлеуге мәжбүр болған.

Дұрыс жауап

Б.з.б. III ғасыр; өрлеу Мөде шаньюймен байланысты; соғыс б.з.б. 188 жылы болған.

IV бөлім — «Кім тапқыр?»

1,5 минут ішінде мүмкіндігінше көп сұраққа толық әрі нақты жауап беру бағаланады.

I топтың сұрақтары

  1. Сақ өнері стилі қалай аталады? (Аң стилі)
  2. Үйсіндер туралы жазып кеткен ежелгі тарихшы. (Сыма Цянь)
  3. Ғұн әскерінің негізгі құрамы. (Атты әскер)
  4. Сарматтар шаруашылығының негізгі саласы. (Көшпелі мал шаруашылығы, егіншілік)
  5. Үйсіндер басшысы қалай аталған? (Гуньмо)
  6. Сақ қоғамында кімдер ақ түсті киім киген? (Абыздар)
  7. Қаңлылардың астанасы қай қала болған? (Битянь)
  8. Ғұн мемлекеті б.з.б. қай жылы оңтүстік және солтүстік ғұндар болып екіге бөлінді? (Б.з.б. 55 жыл)
  9. Каталаун шайқасы қай жылы болды? (451 жыл; Галлиядағы Каталаун даласы)
  10. Сарматтар еліміздің қай аумағын мекендеген? (Батыс Қазақстан; б.з.б. VIII ғ. — б.з. V ғ.)
  11. Ғұндар негізінен қандай үйлерде тұрған? (Киіз үй)
  12. Қаңлылар неге табынған? (Күнге, айға, жұлдыздарға)
  13. Бай үйсіндердің қанша жылқысы болған? (4–5 мың)
  14. Сақтардың парсы патшасы Кирге қарсы күресін кім басқарды? (Томирис)
  15. Ежелгі грек авторлары сақтарды қалай атаған? (Азиялық скифтер)

II топтың сұрақтары

  1. Өз еңбегінде сақтар туралы кім жазған? (Геродот)
  2. Үйсіндер қай аумаққа қоныстанды? (Сақтардан кейін Жетісу өңіріне)
  3. Қаңлылар астығын қайда сақтаған? (Қыш көзелер мен ыдыстарда)
  4. Ғұндардың Еуропаға жорығын кім басқарды? (Еділ патша)
  5. Сарматтар қай тілде сөйлеген? (Скиф тілдер тобы)
  6. Шошақ бөрікті сақтар қалай аталған? (Тиграхауда)
  7. Ғұндар ыдыс-аяқ жасауға қандай материалдар пайдаланған? (Ағаш, қыш, тері)
  8. Қаңлылар шаруашылықтың қосымша қай түрімен айналысқан? (Металл өндіру)
  9. Үйсіндердің астанасы. (Қызыл Аңғар)
  10. Ғұндарда бұйым бетіне алтын түйіршіктерді дәнекерлеу әдісі қалай аталады? (Зерлеу)
  11. А. Македонский сақтарға қашан жорық жасады? (Б.з.б. IV ғасыр)
  12. Үйсін тайпалары үйлерін неден тұрғызған? (Шикі кірпіш пен тақта тастан)
  13. Хаома сусынын дайындайтын сақтарды қалай атаған? (Хаумаварга)
  14. Ғұн билеушісі қалай аталады? (Шаньюй)
  15. Сақ қоғамы неше топтан тұрады? (Үш: жауынгерлер, абыздар, малшылар)

V бөлім — Тарихи терминдер

2 минут ішінде берілген терминнің мағынасын түсіндіру қажет.

Батыр

Жеке ерлігімен ерекше көзге түскен ержүрек, қаһарман адамдарға берілетін құрметті атақ.

Кереге

Киіз үй қаңқасының тор көзді, шеңбер құрайтын төменгі қабырғасы.

Текемет

Бетіне түрлі-түсті ою-өрнек басылған киіз төсеніш.

Кебеже

Азық-түлік сақтауға арналған үлкен сандық.

Археология

Адамзаттың өткен тарихын заттай деректер арқылы зерттейтін ғылым.

Қалқан

Металл мен қалың теріден жасалатын қорғаныш құралы; батырдың бес қаруының бірі.

Шаңырақ

Киіз үйдің негізгі бөліктерінің бірі, төбесін ұстап тұратын шеңберлі құрылым.

Шапан

Қалың матадан, арасына жүн не мақта салып, астарлап сырып тігілген сырт киім.

Семсер

Болаттың ең асылынан жасалатын ұрыс қаруы; қылыш көбіне қайқы, семсер түзу жасалады.

Этнография

Халықтың шығу тегін, рулық-тайпалық және әлеуметтік құрамын, тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрып ерекшеліктерін зерттейтін ғылым.