Гүлжамила апай
Сабақтың тақырыбы
«Іздегенде табылатын қасыңнан» атты тәрбие сағаты (6-сынып).
Сабақтың мақсаты (А)
Оқушыларға достың адам өміріндегі маңызы мен орнын, достықтың шынайы белгілерін түсіндіру; досқа деген танымын, талғамын шыңдау.
Сабақтың мақсаты (Б)
Өз ойын ашық айтуға, сұраққа ойланып, нақты әрі толық жауап беруге үйрету; ойлау қабілеті мен тіл мәдениетін дамыту.
Сабақтың мақсаты (С)
Оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, адалдыққа, татулық пен мейірімге тәрбиелеу; достықты қадірлеуге және адал дос таба білуге баулу.
Сабақтың әдістері
- Сұрақ-жауап
- Баяндау
- Топтық сайыс
Көрнекіліктер
- Достық туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
- Буклеттер
- Сызба-нұсқалар
- Презентация
Сабақтың барысы
Гүлжамила апай: Құрметті ұстаздар мен оқушылар, бүгін 6 «Б» сыныбындағы «Іздегенде табылатын қасыңнан» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер.
Досым, саған сенемін, сеніп өтем,
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген өмірдің көрігі екен,
Достық деген өмірдің тірегі екен.— Мұқағали Мақатаев
Бүгінгі тәрбие сағатымыз — өмірге сән беретін, адам бойындағы ғажайып сезім: достық туралы. Ақындардың жырларын оқып, даналардың сөзін зерделей отырып, достықтың адам бойындағы ең асыл қасиет екенін түсінеміз. Ең бастысы — адал досты жалған достан ажырата білу.
Достық ұғымы
Достық — адамдардың бір-бірін шын жақын көріп, қалтқысыз сеніп, тілектес әрі мұраттас болуы. Достықтың мәні мен сырын түсінуге ұмтылмаған жан кемде-кем. Бұл — оның адам өміріндегі орнының киелі әрі маңызды екенін көрсетеді.
Шын дос үшін қалайда
Тік қатерге басыңды.
Айыра біл алайда
Досың менен қасыңды.
Осы ойдың төңірегінде ашық әңгіме бастаймыз: достықты қалай түсінеміз, оның шынайы белгісі қандай?
Топтық жұмыс
Топтарға бөліну
Сынып үш топқа бөлінді: «Дос», «Жолдас», «Құрбы-құрдас». Топ жетекшілері: Арыстанбек, Сұлтанбек, Жоламан.
Арыстанбек
Нағыз дос бір-біріне тарылмайды,
Жуырда түрткеніне жарылмайды.
Жақсы-жаман айтар деп елемейді,
Бақ-дәулет сол адамнан айырылмайды.
Сұлтанбек
Не жетеді нағыз досқа, асылға,
Қуансаң да, қайғырсаң да қасыңда.
Қиналады — сен қиналсаң болғаны,
Ұйықтамасаң — ұйықтамайды ол дағы.
Жоламан
Адал дос барлық жерде керек екен,
Өмірде достың орны бөлек екен.
Жақсы дос жадыратса жан дүниеңді,
Жаман достан жамандық келеді екен!
Талқылау сұрақтары
- Достықты қалай түсінесіңдер?
- Достықтың шынайы белгісі қандай?
- Үш топ өз ойларын жазып, ортаға салады.
Қуаттың ойы
Дос емес, достың сөзін көтермесе,
Салған жерден түбіңе жетем десе.
Не қылып, дос атына қосылады,
Көтеріп бір сөзіңді бүйтем десе.
Венераның ойы
Нағыз дос бір-біріне тарылмайды,
Жуырда түрткеніне жарылмайды.
Жақсы-жаман айтар деп елемейді,
Бақ-дәулет сол адамнан айырылмайды.
Меруерттің ойы
Жақсының әрбір сөзін қайырмаңыз,
Жасыған жездей болып мойымаңыз.
Сыр алмаған біреумен дос болам деп,
Сыр алған досыңыздан айырмаңыз.
Достықтың тамыры: дәстүр және тәжірибе
Достық — өмірдің ең зор қуаныштарының бірі. Сырыңды бөлісетін, қуанышың мен қайғыңды бірге көтеретін адамның болуы — үлкен байлық. Дос болу — киелі ұғым.
Ертеде дос болу үшін не істеген?
Ертеде ер азаматтар достыққа серттесу үшін құрбандық шалып, бауыздалған малдың қанына көйлектерін малып, кейін көйлек ауыстырып киген. Бұл рәсім «кеуделері түйіскен, қанды көйлек киіскен» деген ұғыммен сипатталып, достықтың беріктігін білдірген.
Жарылғасын
Австралиялықтар өздерінен үш нәрсе сатып алған адамды ғана дос санаған.
Нұрсұлтан
Ежелгі орыстар бір жасақтағы әскерлерді дос деп есептеген.
Жамал
Арабтар достық келісімін шарт арқылы бекіткен: үстелге қойылған тұздан әрқайсысы бір уыстан жеген. Фадланның айтуынша, достардың ас ішетін ыдысы, жуынатын табағы, тіпті киімі де ортақ болуы тиіс.
Даналардың сөзі
Аристотель
«Достық — өмір үшін ең қажетті нәрсе. Өйткені ешкім игілікке түгел ие бола тұрса да, дос-жарансыз өмірді қаламайды».
Ой түйін
Достық — бір-бірін қажетсіну, құрметтеу, шынайы тілектестік, сенім, тірек болу, әсіресе қиын күнде іркілмей жанынан табылу. Сын сәтте «Мұнан менің қай жаным аяулы?» деп қасыңда тұра алатын адам ғана досқа лайық.
Әлішер Науаи
«Жақсы киім бойға жарасады,
Жақсы жолдас ойға жарасады».
Сұрақ-жауап: «Мықты болсаң, озып көр»
Сұрақ 1: Достық сезімі дегеніміз не?
Гүлсара
Достық — аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гауһар тас. Екеуі де кіршіксіз, мөлдір. Нағыз дос адамға шабыт беріп, өмірдегі сәтсіздіктерге мойымауға үйретеді.
Венера
Достық сезімі — адамдардың бір-бірін қажетсінуі мен шынайы құрмет тұтуы.
Мадина
Достық — бір-біріне тірек болып, қиын-қыстау күндерде жанынан табылу.
Сұрақ 2: Нағыз достың белгісі қандай?
Ерсұлтан («Дос» тобы)
«Жақсы адам — тәңірдің нұры» дегендей: өзің жақсы болсаң, досың көп; жаман болсаң — досың жоқ. Орташа болсаң, бір жақсыға ілесе аласың.
Исабек («Жолдас» тобы)
Жаны таза, жүзі жылы, жөні түзу, ақылды, парасатты болу — нағыз достықтың белгісі.
Қорытынды ой
Достық — сөзбен емес, ісімен сыналатын құндылық. Шынайы дос қуанышта ғана емес, қиындықта да қасыңнан табылады; сеніміңді ақтап, адамдық қасиетіңді биіктетеді.