Әңгіменің шиеленісуі Хафиздің Ақсақ Темірге берген бағасы

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Шаған жалпы орта білім беретін мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ханов Шохан Уалиханович ұсынған 7-сыныпқа арналған қазақ әдебиеті сабағының жоспары.

Сабақтың тақырыбы

Қ. Бекқожин — “Ақсақ Темір мен ақын”

Негізгі назар: балладаның жанрлық ерекшелігі, композициялық құрылым және кейіпкерлер қақтығысы.

Жалпы мақсаттар

  • Қ. Бекқожин туралы жалпы шолу жасау.
  • Баллада мен өлеңнің айырмашылығын түсіну.
  • Оқушылардың сыни ойлауын дамыту.

Оқытудың нәтижесі

  • Қалижан Бекқожин туралы жалпы мәлімет біледі.
  • “Ақсақ Темір мен ақын” балладасының композициялық құрылымын меңгереді.
  • Шығармашылық ойы дамиды.

Негізгі дереккөздер

АКТ Постер Маркер Стикер Оқулық Жұлдызшалар

Сабақтың барысы

Кіріспе

  • Амандасу, оқушылардың назарын сабаққа аудару.
  • Тренинг: оқушылар бір-біріне жылы тілек айтады.

Үй тапсырмасын тексеру (Білу кезеңі)

  • Үй тапсырмасы бойынша білімдерін тексеру.
  • Орындамаған оқушыға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету.

Жоспар бойынша әңгімелеу (алдыңғы тақырып)

1-топ

Сафуан Шаймерденовтің қызметі туралы мәлімет жинақтау.

2-топ

Жазушының еңбектері мен шығармалары туралы айту.

Ортақ тапсырма

“Сафуан Шаймерденов кім?” тақырыбында топтастыру жасау.

Топқа бөлу

Оқушылар екі топқа бөлінеді: “Ақсақ Темір” тобы және “Хафиз” тобы.

Жаңа сабаққа дайындық

Интерактивті тақта арқылы Қ. Бекқожиннің фотосуреті көрсетіледі. Сұрақтар:

  • Фотода кім бейнеленген? Бізге таныс па?
  • Аты-жөні, кәсібі, шығармалары туралы не айта аламыз?

Түсіну кезеңі

Мұғалімнің кіріспе сөзі: бүгінгі сабақта Қалижан Бекқожиннің “Ақсақ Темір мен ақын” балладасы қарастырылады.

Баллада дегеніміз не?

Баллада — орта ғасырларда француз, испан, итальян поэзиясында қалыптасқан лириканың бір түрі. Ол тарихи шындықты, ерлік әрекеттерді суреттейтін, шағын сюжетке құрылған өлең.

Шығарманың идеялық өзегі

Баллада Әмір Темірдің сөз құдіретін бағалай білетін кемел ойлы тұлға екендігін танытады.

Балладаның негізгі оқиғасы

Негізгі оқиға — Әмір Темірдің кезекті Үндістан жорығынан оралып, түрік сұлтанына қарсы аттанбақ болған тұсында түрік қызына ғашық Хафиз шайырмен кездесуі. Хафиздің:

Түріктің бір қызына ғашық болып,

Сол бір қыз езу тартып күлген үшін,

Бетінде оймышталып бір мең үшін —

“Садаға Самарқан да, Бұқара да”

деген жолдарын әмірші естіп, Хафизді Ақсақ Темірдің алдына алдырады. Осы тұста сөздің салмағы мен ақынның батылдығы айқын көрінеді.

Композицияны анықтау: сәйкестендіру

Екі топқа ортақ тапсырма: баллада оқиғаларын композициялық бөліктерімен сәйкестендіру.

  1. 1. Басталуы: Ақсақ Темірдің Жейхун жерін басып алып, жеңісін тойлауы.
  2. 2. Дамуы: Әміршінің алдына Хафиз ақынның әкелінуі.
  3. 3. Байланысуы: Ақсақ Темір мен Хафиз ақынның тілдесуі.
  4. 4. Шиеленісуі: Хафиздің Ақсақ Темірге берген бағасы.
  5. 5. Шарықтау шегі: Ақын сөзінің өткірлігі әміршіні райынан қайтаруы.
  6. 6. Шешімі: Ақсақ Темірдің Хафизге рақымшылық жасауы.
  7. 7. Қорытынды: Ақынның бостандыққа шығуы.

Топтық жұмыс: постер қорғау

І топ: Ақсақ Темір туралы

Әмір Темір — қолбасшы, мемлекет қайраткері. Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Алғашында Қашқария уәлаятының билеушісі болды.

Осы кезеңнен бастап ол Моғолстан ханы Тоғлұқ-Темірмен, оның ұлы Ілияс Қожамен және Балх пен Самарқан әмірі Хұсейнмен билік үшін күрес жүргізіп, 1370 жылы Мауараннахрды өз қолына алды.

Жас кезінде Түркістан маңындағы бір шайқаста аяғынан жарақат алып, кейін “Ақсақ Темір” атанды. Иран деректерінде — Тимурләнг, Еуропада — Тамерлан деген атпен белгілі.

Әмір Темір қазақ жерінде мәңгілік ескерткіш ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салдыруға ықпал етті.

ІІ топ: Хафиз туралы

Хафиз — лақап аты, шын есімі — Шәмседдин Мұхаммед. Ол — парсы ақыны.

Әкеден ерте айырылып, күнкөріс тірлігіне жасынан араласқан. Өз бетімен сауат ашып, кітап көшіру өнерімен айналысқан. Хафиздің 1855 жылы өз қолымен көшірген кітабы сақталғаны айтылады.

Медреседе білім алып, діни ілімді меңгерген. “Хафиз” сөзінің негізгі мағынасы — “жақсы жаттай білетін адам”.

Венн диаграммасы

Екі топ өз атауын Венн диаграммасы арқылы қорғайды. Оқушылар Ақсақ Темір мен Хафиздің ортақ және дара қасиеттерін ажыратады.

Ақсақ Темірге тән

  • Билеуші
  • Қолбасшы
  • Түркілердің барлас тайпасынан шыққан

Ортақ қасиеттер

  • Орта ғасырларда өмір сүрген
  • Тарихта есімдері қалған
  • Қайсар, өжет мінезді
  • Ақылды

Хафизге тән

  • Ақын
  • Парсы
  • Өлеңдердің авторы

Таңдау үшін қасиеттер тізімі

Билеуші; орта ғасырларда өмір сүрген; ақын; қолбасшы; тарихта есімдері қалған; парсы; батыр; қайсар; қатігез; өжет мінезді; өлеңдердің авторы; ақылды; ақкөңіл; түркілердің барлас тайпасынан шыққан.

Әдебиет теориясы: көркемдегіш құралдар

І топ: Аллитерация және эпитет

Аллитерация

Теңіздей тебіренді Жейхун бүгін,
Темірдің жыр еткендей жойқындығын.

Эпитеттер

Ақ шатырлар, көк орай, сары қымыз, долы сөз, самал таң.

ІІ топ: Метафора және кейіптеу

Метафора

Темір — ашынған арыстан, жолбарыс, барыс, қара бұлт, айдаһар.
Хафиз — киік; сөзі — мүсәпір (у).

Кейіптеу

Тажал ғып Азияға берген Тәңір,
Талқандап талай жұртты, келген Темір.