Үйіңде анаңа қалай көмектесесің

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

1) Оқу дағдысы

Мәтінді мәнерлі әрі сауатты оқуға жаттықтыру, оқушыларды өз ойларын еркін айтып, ортаға салуға үйрету.

2) Тіл және шығармашылық

Тіл байлығын, сөздік қорын, шығармашылық ойлауын және танымдық қабілеттерін дамыту.

3) Тәрбиелік бағыт

Аналарға деген сүйіспеншілік сезімін ояту, ана еңбегін ардақтап, құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақ түрі

Аралас сабақ.

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру, әңгімелесу
  • Сұрақ-жауап
  • Талдау, жинақтау, топтастыру
  • СТО стратегиялары, мәтін құрастыру

Көрнекіліктер

Әртүрлі суреттер, сөзжұмбақ.

Сабақтың барысы

I. Психологиялық дайындық

Қуан, шаттан!
Қуанатын күн бүгін,
Қайырлы таң, қайырлы күн!
Күліп шықты күн бүгін.

II. Алған білімді диагностикалау

1) «Көмек» ойыны

Балапандарынан айырылып қалған тауыққа көмектесу үшін оқушылар балапан суреттерінің артқы бетіндегі сұрақтарға жауап береді.

Топтарға ат қою

Аналардың еркелету сөздерін еске түсіреміз: айым, күнім, жаным, ботам, балапаным, қошақаным және т.б. Аналарымыз бізді еркелетіп, аялы алақанына салып отырғанын елестетеміз.

I топ: Қошақандар

Қой туралы мәтін оқу.

II топ: Құлыншақ

Жылқы туралы мәтін оқу.

III топ: Ботақандар

Түйе туралы мәтін оқу.

IV топ: Ақ лағым

Ешкі туралы мәтін оқу.

III. Миға шабуыл

Бесік жыры әуені қосылады. Өмірде анаңнан артық жан жоқ: ол сені мәпелеп өсіреді, барын аузыңа тосады, дүниенің жақсысын саған сыйлайды, бар өмірін балаға арнайды. Түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін береді. Сондықтан әр бала өз анасын ренжітпеуі тиіс. Анасы бар адам — бақытты. Ана — кешірімді жан: ол сенің қылығыңды кешіреді, аяйды.

IV. Оқушылардың танымдық әрекеті

1) Видео көрсету

Тақырып: «Аналардың ақ ниеті».

Мәтін құрастыру

Берілген мейірімді сөздерге сүйеніп, «Ана» туралы мәтін құрастырамыз. Әр топтың жетекшісі жұмысты қорғайды.

асыл ана мәпелейді еркелетеді күтеді ананың алақаны сыйлау ақыл айтады

V. Сергіту сәті

Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары орындалады.

VI. Ана туралы мақал-мәтелдер мен тақпақтар

Әр сөзіңді жаттаған,
Жүрегімде сақтағам.
Анашым деп мақтанам,
Айналайын ақ анам!

Баланың да тірегі,
Дананың да тірегі.
Шаншымасын ешқашан
Аналардың жүрегі.

Ана десем, сезім билер тым ыстық,
Жарасымды адамдарға туыстық.
Берсе барлық адамға ана мейірін,
Орнар еді бар әлемде тыныштық.

Мақал-мәтелдер

  • Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.
  • Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.

VII. Дәптермен жұмыс

Дәптерлерді ашайық,
Салақтықтан қашайық.
Қолға қалам алайық,
Әдемі етіп жазайық.

I топ

Анаңды суреттеп айтып бер.

II топ

Анаңа қандай тілек айтасың?

III топ

Үйіңде анаңа қалай көмектесесің?

IV топ

Аналарыңды қалай қуантар едің?

VIII. Шығармашылық жұмыс

Бәріміз аналарымызды жақсы көреміз. Ендеше, аналарымызға арнап қолымыздан гүл жасайық.

IX. Сөзжұмбақ шешу

  1. Анаңның әкесі саған кім болады?
  2. Өзіңді қайдан көре аласың?
  3. Суда тіршілік ететін не?

X. Алған білімді қорытындылау: «Бес жол өлең»

1) Кім? Ана

2) Қандай? Мейірімді, ардақты

3) Не істейді? Ойлайды, қорғайды, тілейді

4) Сезімді білдіретін сөз тіркесі: Анамды көргенде шаршағанымды ұмытамын.

5) Мәндес сөз: Шеше

XI. Жылы сөздер шеңбері

Анаға байланысты жақсы сөз айта отырып, күннің шуағына гүл жапсырамыз. Оқушылар төмендегідей сөздерді қолданады:

Менің анам — сұлу.

Менің анам — мейірімді.

Менің анам — аяулы.

Менің анам — өмір нұрын себуші.

Менің анам — ардақты.

Менің анам — ақ жол нұсқаушы.

Менің анам — қамқоршы.

Менің анам — жанашыр.

XII. Әнмен аяқтау

Әрқашан күн сөнбесін,
Аспанға бұлт төнбесін.
Қасымда болсын анам,
Болайын мен де аман!

XIII. Мадақтау

Оқушылардың белсенділігі мен шығармашылық жұмыстары бағаланып, мадақтау сөздері айтылады.