Оқушылардың міндеттері
Орал қаласы, А. Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия
Мұғалім: С. С. Давлеткалиева
Тәрбие сағаты: «Біздің еліміздің негізгі заңы»
Бұл тәрбие сағаты оқушыларды Ата Заңда бекітілген баланың негізгі құқықтары мен міндеттерімен таныстырып, адамның ең қымбат қазына екенін — оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін — түсіндіруге бағытталады.
Мақсаты
- Ата Заңдағы баланың құқықтары мен міндеттерін меңгерту.
- Адамгершілікке, отансүйгіштікке, өз еліне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
- Тілін, дінін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын, әдет-ғұрпын қастерлеуге баулу.
Көрнекілік
- Мемлекеттік рәміздер
- Қанатты сөздер
- Қосымша материалдар
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру бөлімі
- Таңертеңгілік ой сергіту: оқушылар бір-біріне амандасу тілегін білдіреді.
- Ой қозғау: тақтаға цифрлар ілінеді. «Бұл цифрлар нені білдіреді?» деген сұраққа оқушылар жауап береді.
- Тақтаға 19 саны ілінеді. Мұғалім тақырыпты хабарлап, «19 саны нені меңзейді?» деп сұрайды.
II. «Заң адамды бағындырады, заңды ақыл бағындырады»
Талқылауға арналған сұрақтар
- «Заң» және «Конституция» ұғымдарын қалай түсінесіз?
- Заң не үшін қажет деп ойлайсыз?
Мұғалім Конституция туралы қысқаша мәлімет береді: тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда, ал жаңа Конституция 1995 жылғы 30 тамызда қабылданды. Конституция 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Заңдарды Парламент қабылдап, бекітеді және өзгерістер енгізеді.
Конституция сөзі латынның constitutio сөзінен шыққан, мағынасы — «орнату», «құрылым». Яғни бұл — мемлекеттегі тәртіп пен құрылымды айқындайтын негізгі құжат.
III. Баланың құқықтары мен міндеттері
«Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» деген нақыл сөзді негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының «Баланың құқықтары туралы» заңындағы жекелеген баптарға тоқталайық: 8, 15, 16, 20-баптар және 50-бап.
8-бап: Баланың денсаулық сақтау құқығы
Құқық- Әрбір баланың денсаулық сақтауға бұлжымас құқығы бар.
- Салауатты өмір салтын насихаттау және ынталандыру.
- Баланың және ата-анасының денсаулық жағдайын бақылау, балалар ауруларының алдын алу.
- Білікті медициналық көмек көрсету.
Мақал-мәтел
Денсаулық — байлықтан қымбат.
15-бап: Баланың білім алуға құқығы
ҚұқықӘрбір баланың білім алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының білім туралы заңына сәйкес тегін орта білім алуға кепілдік беріледі, сондай-ақ конкурс негізінде орта кәсіптік және жоғары білім алуға мүмкіндік қарастырылады.
Қанатты сөз
Талап қыл артық білуге,
Артық ғылым кітапта.
Ерінбей оқып көруге.
16-бап: Баланың еңбек бостандығы
ҚұқықӘрбір баланың еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрлерін еркін таңдауға құқығы бар.
Мақал-мәтел
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
20-бап: Баланың міндеттері
МіндетӘрбір бала Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-ожданын және қадір-қасиетін құрметтеуге, мемлекеттік нышандарды қастерлеуге міндетті. Сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи-мәдени мұраны қорғауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға тиіс.
Оқушылардың күнделікті міндеттері
- Ар мен намысты құрметтеп, кез келген жағдайда өзін лайықты ұстау.
- Оқу уақытын тиімді пайдалану, білім көкжиегін кеңейту, сабаққа жүйелі дайындалу.
- Сыныптан және мектептен тыс шараларға белсенді қатысу.
- Мектеп игілігіне үлес қосу, мектеп намысын қорғау, дәстүрін жалғастыру.
- Мұғалімдер мен қызметкерлерді құрметтеу, мектеп ережелеріне бағыну.
- Мінез-құлық ережелерін сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету.
- Басқа адамның ар-намысын қадірлеу, құқық бұзушылыққа жол бермеу.
- Өзінің және өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау.
- Таза әрі ұқыпты жүру.
- Сыныпты, мектеп ғимаратын және ауласын таза ұстау.
- Мұғалімдер мен ата-аналардың заңды талаптарын орындау.
IV. «Ата Заң» туралы өлең
Келе жатыр керім күн, Халық сүйіп қалаған. Ата Заңын елімнің Құрметтейді бар адам. Алтын заңым қорғайды Бар адамның теңдігін. Әділетті қолдайды, Арқа тұтып ел бүгін. Ол баршаға жөн нұсқап, Жетелейді жарыққа. Ел басшысы оны қолға ұстап, Ант береді халыққа.
V. Қорытынды
Ақ сүтін беріп, аялап өсірген ананы қалай сүйсең, еліңді де солай сүю — қасиетті борыш.