Наурызға басып аяқ, Қалыс қауым болмасын некен саяқ

Армысың, Әз Наурыз!

Мақсаты

  1. Қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүрін және Наурыз мейрамының мәнін түсіндіру, дамыту, көркейту.
  2. Оқушылардың ойлау қабілетін дамыта отырып, қиялын, дүниетанымын, ізденіс дағдыларын жетілдіру.
  3. Оқушыларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу; халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеуге және сақтауға баулу.

Көрнекілігі

  • Буклет
  • Кестелер
  • Шарлар
  • Қанатты сөздер
  • Үнтаспа

Ұйымдастыру

1-жүргізуші

Бағыма көктемменен еніп едің,
Іздедім шуағыңнан көңіл емін.
Бір мезет жоғалғаным табылғандай,
Шаттанды шашуыңнан төңірегім.

Көркейтсін, баспасын да даланы мұң,
Тербетсін табиғатты дана жырың.
Қош келдің төрімізге, төрлет бүгін!

2-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Бәріміздің көптен күткен Наурызымыз да келді! Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді болып, тілектеріңіз қабыл болсын. Аман-есен тойдан тойға жетіп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда қалып, жаңа жылда жаңа үміт, жаңа тіршілік орнасын. Осы Ұлыстың Ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурыз қуанышпен есік ашсын. Барлық ақ ниет тілектеріңіз қабыл болсын!

№35 мектеп-гимназиясының оқушылар ұйымы дайындаған «Армысың, Әз Наурыз» атты мерекелік кешіне қош келдіңіздер!

Салтанатты бөлім

Құттықтау сөз

Алғашқы құттықтау сөз мектеп директоры ________________________________ беріледі.

1-жүргізуші

Жүріңдер Наурызға басып аяқ,
Қалыс қауым болмасын, неке-саяқ.
Ән шырқап, би билейтін қауым болып,
Тұрмайық, уақыт келді өнерді аяп.

Көрініс: Қазақ биі

2-жүргізуші

Уа, жараңдар, жараңдар!
Көңілің бар — ояныңдар!
Атаң менен анаң бар,
Үлкен-кіші ағаң бар.
Наурыз тойы басталды —
Бәрің бері қараңдар!

Көрініс: Ауылдағы Наурыз

«Әр елдің салты басқа» демекші, әр ауыл Наурыз мерекесін өзінше тойлайды. Ендеше, Иманбай ақсақалдың ауылында Наурыз қалай өтіп жатыр? Соны бірге тамашалайық.

Сахна көрінісі

Ауыл бейнесі. Ортада дастарқан. Ата, келін және немере.

Диалог

Немере

Ата, осы «Наурызтөл» деген не?

Ата

Балам-ау, «Наурызтөл» дегеніміз — Наурыз айында мал төлдей бастайды. Сол кезде туған төл «наурыз төлі» деп аталады. Қазақ үшін мал — береке. Сондықтан мұндай төл ерекше күтіледі, «төл басы» ретінде бағаланады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Көбіне қуанышқа, тойға немесе Құрбан айт күндері ырымдап сойылады.

Немере

Рахмет, ата. Енді біліп жүретін болдым.

Келесі көрініс

Жастар келеді: Айжан, Жазира, Тұрарбек, Сағатбек, Ақжелең, Жанель. Аталарымен көріседі.

Тұрарбек

Ата, Наурыз мерекеңіз құтты болсын! Наурыздан Наурызға аман жетейік. Сізге көрісіп кетуге келдік.

Ұйымдастыру ақпараты

Атырау қаласы, Жұмыскер кенті, №35 мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Тәжбентаева Зульфия Сайлаубайқызы.