Жинақтық сан есімді меңгеру

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Орын
Астана қаласы, №53 мектеп-лицей
Пән
Қазақ тілі мен әдебиеті
Мұғалім
Қошқарбаева Айжан Тоқтарқызы
Сынып
7-сынып
Тақырып
Кездесуді ұйымдастырамыз. Жинақтық сан есім

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Қарапайым сөйлеу үлгілерін қолдану арқылы тақырып аясында оқушылардың ақпараттық түсінігін кеңейту, лексикалық тақырып аясында жинақтық сан есімді меңгерту.

Дамытушылық

Жаңа тақырып бойынша әртүрлі тілдік тапсырмалар орындату арқылы сұхбат құру мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік

Тілдесім барысында орындалатын тапсырмалар арқылы оқушыларға рухани-мәдени тәрбие беру.

Жетістік критерийлері

Төмен деңгей

Белгілі адамдармен кездесуді қалай ұйымдастыруға болатыны туралы ақпарат береді, достарымен сөйлесе алады.

Орта деңгей

Тақырыпқа қатысты жаңа сөздерді тілдесім барысында тиімді қолданады.

Жоғары деңгей

Танымал адамдармен кездесу ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар айтады, кездесудің барысын сипаттай алады.

Негізгі түсініктер, материалдар және әдістер

Негізгі түсініктер

  • кездесу
  • өткізу
  • маман иесі

Материалдар

  • интерактивті тақта, слайдтар
  • түрлі түсті қағаздар, фломастерлер
  • өзара бағалау парағы
  • жапсырма қағаздар, маркерлер

Оқыту әдістері

  • сипаттау, талдау, әңгімелеу
  • сұрақ–жауап, диалог
  • жұптық жұмыс
  • «Мен жұлдызбын» тренингі
  • «6 сөйлемді әдіс», сергіту жаттығулары

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сабақтың мақсаты мен күтілетін нәтижелері қысқаша айтылады, сыныптың жұмыс ырғағы қалыптастырылады.

II. Үй тапсырмасын тексеру және қызығушылықты ояту

1) Психологиялық ахуал

«Мен жұлдызбын» тренингі: оқушылар екі қатарға тұрып, бір-бірлеп танымал адамның кейпінде қатар арасымен өтіп, қол бұлғайды.

2) Сұрақтар арқылы ой қозғау

  • Қай танымал адамдармен кездесу ұйымдастырғыларың келеді?
  • Кімді кездесуге шақырар едіңдер?
  • Кездесуді қалай ұйымдастыруға болады?
  • Қандай жоспар құрар едіңдер?

Оқушылар жауап беріп, кездесуді ұйымдастыруға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салады.

III. Мағынаны ашу

1) Сөздікпен жұмыс

Мұғалім интерактивті тақта арқылы тақырыпқа қатысты жаңа сөздерді таныстырып, аудармасын береді. Оқушылар сөздерді оқып, қайталайды.

2) Мәтіналды жұмыс

а) Айтылым

Оқулықтағы 1 және 3-тапсырмалар орындалады: оқушылар суреттен қай маман иесімен кездескісі келетінін айтып, себебін түсіндіреді және сұрақтарға жауап береді.

ә) Тілдесім

Оқулықтағы 2-тапсырма: оқушылар достарымен кездесуге шақырғысы келетін маман туралы әңгімелесіп, сұхбат құру мәдениетін қалыптастырады.

3) Грамматика

Жинақтық сан есім тақырыбы түсіндіріліп, тапсырмалар арқылы бекітіледі.

4) Мәтінмен жұмыс

а) Тыңдалым

Оқулықтағы 4-тапсырма: мәтін рөлдерге бөлініп оқылады. Мақсат — мәнерлеп оқу, дұрыс дыбыстау, жаңа ақпаратты қабылдау.

ә) Айтылым

Оқулықтағы 5-тапсырма: мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру арқылы ойлау әрекеті жандандырылады.

б) Жазылым

Оқулықтағы 6-тапсырма: мақалдардағы сан есімдерге тиісті жұрнақ жалғап, сауатты көшіріп жазу.

Жазылымға арналған мақалдар

  1. Жетімнің қарны жет(і)...
  2. Аларманға алт(ы)... аз, берерменге бес... көп.
  3. Төрт... түгел болса, төбедегі келеді, алт(ы)... ала болса, ауыздағы кетеді.
  4. Ағайын — алт(ы)..., ана — бір....

5) Мәтінсоңы жұмыс

а) Тілдесім: «Қоржын» ойыны

Оқушылар үш топқа бөлінеді. Жеребе арқылы кездесуге шақырылатын мамандар таңдалып, сұрақтар көмегімен кездесуді өткізу жоспары жасалады.

  • Кездесуді қалай ұйымдастырасыңдар?
  • Кездесу ерекше болуы үшін не істейсіңдер?
  • Келген қонаққа қандай сыйлық ұсынасыңдар?

ә) «Сыр сандық» жұмысы

«Сыр сандыққа» салынған сөздердің мағынасы талданып, есте сақтауға бағытталған қысқа жұмыс жүргізіледі.

6) Сергіту сәті

Әр оқушы өзі ұнататын танымал адамды кездесуге шақырып, шақыру қағазының үлгісін дайындайды.

IV. Ой толғаныс

Тақырыпқа байланысты 6 сөйлемнен тұратын шағын эссе жазылады.

V. Бекіту

Оқулықтағы 7-тапсырма: сөйлемдерге қажетті жинақтық сан есімдерді қойып, жазу арқылы білім бекітіледі.

VI. Бағалау

Оқушыларға аты-жөні жазылған өзара бағалау парағы беріледі. Әр оқушы сыныптастарының атының тұсына өз бағасын қояды. Мұғалім оқушылардың бағалауына сүйене отырып, қорытынды бағаны шығарады.

VII. Үй тапсырмасы

Оқулықтағы 8-тапсырманы орындау.