Еліктеу сөздің түрлері
Қазақ тілі • 6-сынып
Сабақтың тақырыбы: Еліктеу сөздің түрлері. Еліктеуіш сөздер
Бұл сабақта еліктеу сөздердің түрлері түсіндіріліп, еліктеуіш сөздерге арналған тапсырмалар арқылы оқушылардың білімі кеңейтіледі және оларды күнделікті өмірде қолдануға үйретіледі.
Мақсаты
- Еліктеу сөздердің түрлерін түсіндіру.
- Еліктеуіш сөздер бойынша тапсырмалар арқылы білімді кеңейту.
- Тақырыпты өмірмен байланыстырып, қолдану дағдысын қалыптастыру.
Күтілетін нәтиже
- Топта жұмыс істеу арқылы ізденеді, біледі, түсінеді.
- Тақырыптың негізгі идеясын ашады.
- Пәнге қызығушылығы артады.
Бағалау
- Өзін-өзі бағалау.
- «Екі жұлдыз, бір ұсыныс».
- Топтық және жиынтық бағалау.
Модульдер
АКТ, СТО, ОЖЕ, ТжДОЖ, ОБжК, ОҮБжОБ, ДО.
Құрал-жабдықтар
Интерактивті тақта, стикерлер, постер қағаздары, маркерлер, бағалау парақтары.
Әдіс-тәсілдер
Алгоритм әдісі, шығармашылық жұмыс, «Өкіл — Таңдау — Бәрі», «Өрмекші торы».
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды түгендеу.
- Сыныпты 3 топқа бөлу.
Үй тапсырмасы (өткен тақырып)
Тақырып: негізгі және туынды еліктеу сөздер. Үй жұмысы алгоритм әдісімен 5 сұрақ арқылы тексеріледі.
Алгоритм әдісімен тексеру тәртібі (5 минут)
Сұрақтар интерактивті тақтадан көрсетіледі. Оқушылар топ бойынша сағат тілі бағытымен бір қадам алға жылжып, әр сұраққа жазбаша жауап береді. Әр жауап парағына аты-жөнін белгілеп отырады.
5 сұрақ аяқталған соң әр оқушы жауаптарды мұғалім ұсынған дұрыс нұсқамен салыстырып бағалайды. Соңында парақтар бастапқы иесіне қайтады. Келіспеген жағдайда сабақ соңында түзетуге мүмкіндік беріледі.
Сұрақтар
-
Еліктеу сөздер тұлғасына қарай нешеге бөлінеді?
2-ге: негізгі және туынды.
-
Еліктеу сөздерден жұрнақ арқылы басқа сөз таптары жасала ма?
Иә: зат есім, сын есім, етістік.
-
Туынды зат есім жасайтын жұрнақтар:
-ыл, -іл, -л, -ғыр, -гір.
-
Туынды етістік жасайтын жұрнақтар:
-ыра, -іре, -да, -де.
-
Туынды сын есім жасайтын жұрнақтар:
-ыр, -ақ, -ек, -іш, -ық.
Қызығушылықты ояту: «Сөйлейтін сандар»
Берілген көбейтінділерді есептеп, шыққан сандарды өсу ретімен орналастыру арқылы жаңа тақырыпқа байланысты сөзді табу тапсырылады.
Берілген қатар
54 • 81 • 21 • 45 • 35 • 49 • 48 • 63 • 40
і — — т — е — — к — л — ш — у — і — — е
Көбейту тапсырмалары
- 3 × 7= ______
- 5 × 9= ______
- 6 × 8= ______
- 7 × 5= ______
- 9 × 9= ______
- 7 × 9= ______
- 6 × 9= ______
- 8 × 5= ______
- 7 × 7= ______
Кіріспе: Еліктеу сөздер туралы түсінік
Мағынасына қарай жіктелуі
Еліктеу сөздер мағынасына қарай еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді.
-
Еліктеуіш сөздер — табиғат құбылыстары, заттардың қозғалысы, адам мен түрлі аң-құс дыбыстарына еліктеуден туған сөздер.
Мысалдар: тарс-тұрс, гүрс, сыңғыр-сыңғыр.
-
Бейнелеуіш сөздер — заттардың, адам мен аң-құстың қимыл-қозғалысын көріп, сипаттайтын сөздер.
Мысалдар: маң-маң, елпең, арбаң-арбаң.
Негізгі анықтама
Табиғаттағы заттардың қозғалып, бір-бірімен қақтығысып, соғылуы сияқты алуан түрлі қимыл-әрекеттер нәтижесінде әртүрлі дыбыстар пайда болады. Сол дыбыстарға еліктеу арқылы жасалған сөздер еліктеуіш сөздер деп аталады.
Еліктеуіш сөздер қайталанып та, қосарланып та қолданылады. Көбіне көмекші етістікпен тіркесіп, қимылдың амалын білдіреді немесе жеке тұрып та жұмсалады.
Мысалдар: тырс-тырс етті, сарт етті, арс-арс етеді.
Өмірмен байланысты тәжірибелік көрсету
- Сағатты алып, дыбысын тыңдату.
- Стакандағы суға оттықты жағып түсіру.
- Шарды жарып көрсету.
- Қоңыраудың үнін тыңдату.
Жаттығулар
- 310-жаттығу — ауызша орындау.
- 311-жаттығу — тақтада орындату.
Сергіту сәті және жұмбақтар
Музыка әуенімен сергіту сәтін жасап, бүгінгі тақырыпқа байланысты жұмбақтар жасырылады.
Жұмбақтар (еліктеу сөздермен)
-
Жай ғана сарт етіп жабылады, іздегенің ішінен табылады.Жауабы: сандық.
-
Қорбаң-қорбаң еткен, өмірі орманда өткен.Жауабы: аю.
-
Сырт-сырт еткен дыбысы, ояту оның жұмысы.Жауабы: сағат.
-
Жалт-жұлт етеді, жерге сіңіп кетеді.Жауабы: қар.
-
Тоқ-тоқ етіп «тамағын», ағаштан іздеп табатын.Жауабы: тоқылдақ.
Шығармашылық және топтық жұмыстар
Шығармашылық жұмыс
- Тақырыпты қорғау.
- Эссе немесе өлең жазу.
- Еліктеуіш сөздерді иллюстрация арқылы бейнелеу.
Әр топ бір-біріне «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» әдісімен пікір білдіреді.
Келесі топтық жұмыс: «Өкіл — Таңдау — Бәрі»
Жалпы сыныпқа ішінде еліктеу сөздер жиі кездесетін бейнеролик көрсетіледі (2 минут). Әр топ мүшесі жасырын карточка таңдайды.
Өкіл
Бейнероликтен сөз тудырушы жұрнақтары бар еліктеу сөздерді теріп жазады: туынды сын есім, туынды етістік, туынды зат есім.
Өкілдің жауап деңгейіне қарай топ мүшелері де сол өлшеммен бағаланады.
Таңдау
Бейнероликтен кез келген еліктеу сөзді алып, түрлендіреді: септеу, тәуелдеу.
Мұғалім топ ішінен 1–2 оқушыны таңдап сұрайды.
Бәрі
Еліктеу сөздерді тұлғасына және құрамына қарай ажыратып, мысалдар келтіреді: негізгі/туынды, дара/күрделі.
Қорытындылау: «Өрмекші торы»
Әр оқушы еліктеу сөздерді қолданып, бір сөйлем құрастырады. Топ ішінде бір-бірін толықтырып, ортақ қорытынды жасалады.
Рефлексия
Оқушыларға стикерлер таратылып, төмендегі сұрақтарға жауап жазылады:
- Бүгін мен не үйрендім?
- Сабақтан алған әсерім қандай?
- Бүгінгі көңіл-күйім қандай?
Автор туралы мәлімет
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Сүттіқұдық ауылы, №52 Б. Аралбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Барлыбаева Жаудир Ауелбекқызы.