Ұстаз десе
Эссе: «Ұстаздық еңбек жолымда…»
«Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырған да ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады». (К. Д. Ушинский)
Ұстаз туралы ой
Ұстаз! Ұстаздықтан асқан ұлылық бар ма? Уақытыңмен санаспай, бағытыңнан адаспай ұстаздық ете білу – ерлік.
«Ұстаз» дегенде жүзінен күн нұрындай жылылық есетін, әр ойы мен әр қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, адамзат санасына нұр құятын тынымсыз, лаулаған жалын иесін елестетемін.
Алдыңғы буыннан тәлім алып, кейінгі жасқа өнеге қалдыруды мақсат еткен мен де ұшқыннан алау маздатып, жалындап жанғым келді. Өмір деп аталатын таңғажайып әлемге жол сілтеген қарапайым жандардың аялы алақаны мен ыстық жүрегі мен үшін ұмытылмас күндер, айлар, жылдар болып сақталып қалды.
Тамыры терең тағылым
Өмірлік бағдар
Өмірге көзқарасымды қалыптастырып, бағыт-бағдарымды айқындауға жәрдем берген, адамдық пен надандықтың, адалдық пен арамдықтың ара жігін ашып көрсеткен, кісілік пен кішіліктің қадірін ұғындырған — көңілімдегі алып Адамдар.
Шынайы ұстаз бейнесі
Атақ пен даңқты мақсат етпей, оқытатын пәнін шын сүйген, шәкірттері үшін жаны күйген адамдар менің ұстаздық жолды таңдауыма себепкер болды.
Ең жақын қолдау
Ол — менің әкем мен шешем. Олардың «Асылы, сенен жақсы мұғалім шығады-ау» деген бір ауыз сөзі мен үшін ұстаздық сапарға берілген жолдамадай еді.
Білім мен еңбек жолы
Кәсіби қалыптасу
- 1984 жыл: Гурьев педагогикалық училищесінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым.
- 1989 жыл: Білімімді жетілдіру мақсатымен Атырау педагогикалық университетін тәмамдадым.
- Еңбек жолымды Құлсары қаласындағы №9 Макаренко атындағы мектептен бастадым.
Жауапкершілік пен қуаныш
Күні кеше жас ұстаз болып табалдырығын аттаған мектебім мені жылдар бойы есейтіп, шығармашылық шабытымды шыңдады. 2004 жылдан бері оқу ісінің орынбасары қызметін атқарып келемін.
Өз пәнімде оқушымен жұмыс жасасам, бұл қызметте ұстаздармен түрлі жұмыстар жүргізу — мен үшін үлкен бақыт. Дүниедегі білім атаулының кілті де, құпия сыры да ұстазға анық.
Өркениет талабы және мұғалім миссиясы
Өркениеттің ғалами талабы білімді ұстазды қанаттандырып, жаңашылдық пен ізденіс шыңына қондырады. Мен білетін ұстаз — дәл осы өркениетке лайықты ұстаз.
Биіктік атаулы мені әрдайым қызықтырады: оның тылсым құпиясы күрделілігімен тереңіне бойлауға шақырады. Бірте-бірте көтерілген саты баспалдақтай өрге сүйреген құштарлық ұстаз тұлғасын асыл қасиеттермен толықтыра түсті.
Жаңа ғасырдың тізгіні
Ғажап идеялар мен дархан істер, ғаламат жоспарлар жаңа ғасырдың қолынан келеді. Ал осы алау оттай жұлқынған ғасырдың тізгіні — ұрпақ қолында. Ұрпақ бақытының бір ұшы озық ойлы ұстаздың еңбегіне байлаулы.
2012 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұстаздарға өз болмыстарын заман талабына сай өзгерту қажеттігін атап көрсетті. Бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық модельге көшу арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жетелеу, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу.
Кәсіби жаңғыру: тәжірибе және жүйелі жұмыс
Біліктілікті арттыру
Осы бағытта еңбектенуді мақсат етіп, өз білімімді жетілдіру жолында Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасының екінші деңгей курсын тәмамдадым.
Бағдарлама аясында үйренгенімді іске асыру үшін жаңаша жоспарлар құрып, ай сайынғы жұмысымның өзегіне айналдырдым.
Әдістемелік қолдау
Ай сайын коучинг, семинар, конференциялар өткізу арқылы әріптестерімді екінші деңгей бағдарламасының жеті модулімен таныстырып, сындарлы оқыту тәсілдерін біртіндеп тәжірибеге енгізуге бағыт-бағдар беремін.
Коучингтер арқылы өзіме деген сенімім нығайды. Әріптестеріме оқытудың әдіс-тәсілдері туралы мәлімет бере жүріп, әрбір шараны тартымды ұйымдастыруға болатынын түсіндім. Осылайша өзім де өзгеріске бейім, жаңаша ойлайтын ұстаз деңгейіне көтерілдім.
Қазіргі заман мұғалімі қандай болуы керек?
Жұмыс барысында тренингтің мұғалімге берері мол екенін анық көрдім. Қытайдың дана ойшылы Конфуцийдің: «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деген сөзі ұстазға қойылар талаптың мәнін айқындайды.
Ұстазға тән кәсіби өлшемдер
- Өткен тәжірибені жаңа тәсілдермен ұштастыра білу
- Кәсіби қызығушылығы жоғары, танымы биік болу
- Бастаған ісінің нәтижесін көре алатын жауапкершілік
- Ғылыми-зерттеу жұмыстарына бейімділік
- Педагогикалық үдерістің заңдылықтарын терең түсіну
- Әдістемелік жаңалықтардан хабардар болып, үздіксіз іздену
Менің ойымша, қазіргі заман мұғалімі — рухани жағынан дамыған, педагогикалық құралдардың барлық түрін шебер меңгерген білікті маман болуы тиіс. Өйткені ХХІ ғасыр — компьютерлік ақпараттар легі күшейген кезең. Интернет арқылы әлем жаңалығын минут сайын алып отырған жасөспірімді таңғалдыру, сабаққа ұйыту, дәріс тыңдата білу кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Тәлімгердің үнсіз жетекшілігі
Ақылды ұстаз ешнәрсені назардан тыс қалдырмайды: тәлімді тікелей төндірмей, оқушыны білдірмей жетелейді, байқатпай бағыт-бағдар береді.
Өзім де әрдайым ізденуден жалықпаймын, жаңалыққа құштармын. Еңбегімнің жемісі де бар. Егер жас ұстаздардың жігеріне жалын беріп, көкірек көкжиектерін кеңейтуге тамшыдай болса да үлес қоса алсам — бұл менің ұстаздық мұратымның орындалғаны.