Балаларды жылдамдыққа, мықтылыққа баулу
Қимылды ойындар жинағы
Төмендегі ойындар балалардың қимыл-қозғалысын, ептілігін, шапшаңдығын, ұйымшылдығын және тыңдай білу дағдыларын дамытуға арналған. Әр ойынның мақсаты мен өткізу тәртібі ықшам әрі түсінікті түрде берілді.
Паровоз №1
Топтық қозғалысМақсаты: балаларды бірінің артына бірі тіркеліп, паровоз сияқты жүруге және өлең жолдарын қайталап айтуға үйрету.
Өлең мәтіні
Қатар-қатар тұрайық,
Кәне, кәне, сұрайық.
Кімнің болса бойы ұзын —
Паровозы пойыздың?
Кімнің, апай, бойы ұзын,
Паровозы — ол пойыздың?!
Ал, паровоз, баста алға,
Бәрімізді басқар да!
Пш-пш, пш-пш! — біз кеттік,
Жүрісті біз күшейтіп.
Гу-гу, гу-гу — гүрілдеп,
Қалып қойма бірің де.
Пш-пш, пш-пш! — біз кеттік,
Жүрісті біз үдеттік.
Өткізу тәртібі
- Тәрбиеші бойы ұзын баланы көрсетеді — ол «паровоз» болып алға тұрады.
- Қалған балалар оның артына бір-бірінің белінен не иығынан ұстап тізіледі.
- Өлең ырғағымен алға жылжып, дыбыстық еліктеулерді (пш-пш, гу-гу) бірге айтады.
Ұшты-ұшты №2
ЗейінМақсаты: ненің ұшатынын, ненің ұшпайтынын ажыратуға және аңғарымпаздыққа тәрбиелеу.
Ереже
- Ойын үй ішінде де, далада да ойналады.
- Бастаушы «ұшатын» құс не зат айтса — балалар қолдарын жоғары көтереді.
- «Ұшпайтын» зат айтылса — қимылдамай отырады.
- Қателескен бала айып ретінде тақпақ айтады немесе ән салады; екі рет жаңылса — айып шарты күрделене түседі.
Үлгі жүргізу
Ұшты-ұшты сұңқар ұшты (қол көтеріледі)
Ұшты-ұшты қарға ұшты (қол көтеріледі)
Ұшты-ұшты арба ұшты (қол көтерілмейді)
Ұшты-ұшты дауыл ұшты (қол көтерілмейді)
Ұшты-ұшты ұшақ ұшты (қол көтеріледі)
Ұшты-ұшты торғай ұшты (қол көтеріледі)
Ұшты-ұшты жылан ұшты (қол көтерілмейді)
Осылайша, жаңылмаған ойыншы жеңімпаз атанады.
Ақ қоян №3
ЖылдамдықМақсаты: балаларды жылдамдыққа және төзімділікке баулу.
Өлең мәтіні
Ақ қоян-ау, ақ қоян,
Орныңнан тұрсаңшы,
Шашыңды тарасаңшы,
Бетіңді жусаңшы.
Әй-әй, көйлек кисеңші,
Біреудің қолын үзсеңші.
Өткізу тәртібі
- Балалар қол ұстасып, шеңбер құрып тұрады; бір бала ортада «қоян» болып отырады.
- Шеңбердегі балалар қоянды айналып жүріп өлең айтады.
- Өлеңдегі қимыл атауларына сай «қоян» бәрін орындап шығады.
- Өлең біткенде қоян жүгіріп барып, шеңберді бұзуға тырысады.
- Шеңбер үзілсе — қоян шеңберге қосылады, ал үзілген жердің оң жағындағы бала жаңа қоян болады.
Қасқырлар мен лақтар №4
ЕптілікМақсаты: балаларды жылдамдыққа және ептілікке тәрбиелеу.
Ойын барысы
- Аралары 10–15 адым қашықтықта «қора» мен «өріс» сызылады.
- Ойыншылар «қорада» тұрып, төмендегі сөздерді айтады, содан кейін «өріске» қарай жүгіріп шығады.
- Алаң ортасында тұрған 2–3 «қасқыр» оларды қуып ұстайды.
- Ұсталғандар ойыннан шығып, келесі айналымда қайта кіреді (немесе тәрбиеші белгіленген ережеге сай ауыстырады).
- Қасқырлар ұсталмаған балалардың ішінен сайланады; ойын осылай жалғасады.
Айтылатын сөздер
Бөрте, бөрте, бөрте лақ,
Бөрте лақ, тым ерке лақ.
Кетесің кейде секеңдеп,
Байламаса көкем кеп…
Қаздар №6
МузыкаМақсаты: балалардың музыкалық есту қабілетін дамыту және қаздардың тіршілігімен таныстыру.
Керекті құралдар
Сырнай немесе сылдырмақ.
Қысқаша түсіндіру
Қаз — өте сақ құс. Балапан шығарған кезде ата қаз көбіне балапандардың соңында жүреді. Қауіп төнсе, ата қаз бен ана қаз балапандарын бірге қорғайды. Қаздар көк шалғында шөп жейді.
Ойын барысы
- Барлық балаларға сырнай (немесе сылдырмақ) үлестіріледі, бір бала «ата қаз» болып белгіленеді.
- Балалар шалғында жайылып жүрген қаздарды бейнелеп, баяу дыбыс шығарады.
- Тәрбиеші «қауіп төнді» деген белгі бергенде, ата қаз аспапты қатты 2–3 рет тартып белгі береді.
- Балалар қанат қағып жүгіріп келіп, «ана қаздың» жанына жиналады.
- Ойын қайталанады, ата қаз қайта сайланады.
Төбеде доп қуу №7
ҰйымшылдықМақсаты: балаларды шапшаң әрі дербес қимыл-әрекетке үйрету, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Ойын барысы
- Қатысушылар екі топқа бөлінеді.
- Әр топтың ойыншылары екеуден бірінің артына бірі сапқа тұрады; капитан команданың алдында тұрады.
- Екі команда арасы 3–4 метр қашықтықта орналасады.
- Әр капитан волейбол добын екі қолымен төбесіне көтеріп ұстайды.
- Жетекші «Бастаңдар!» дегенде, капитан допты басынан асыра артындағы ойыншыға береді; доп осылай тізбекпен артқа өтеді.
- Допты берген ойыншы саптың соңына барып тұрады; беру жалғаса береді.
- Доп капитанның қолына екінші рет қайта тигенше ойын айналыммен жүре береді.
- Капитан өз орнына қайта келіп, допты бірінші болып жоғары көтерсе — команда жеңеді.
Күн мен түн №8
Ажырата білуМақсаты: балаларды ептілікке, жылдамдыққа және ажырата білуге баулу.
Ойын барысы
- Балалар екі топқа бөлінеді: «Күн» және «Түн».
- Әр топтың өз «үйі» (қауіпсіз аймағы) болады.
- Тәрбиешінің көрсетуімен екі команда да жаттығулар жасап тұрады.
- Тәрбиеші «Күн!» деп белгі берсе, қарсы топ «Күн» тобын өз үйіне жеткенше қуып ұстауға тырысады (сол сияқты «Түн!» белгісінде де).
- Ұсталған балалар қуушылар қатарына қосылады.
- Ойын алма-кезек жалғасады; көп бала ұстаған команда жеңеді.
Көги-гөк №9
ШапшаңдықМақсаты: шапшаңдыққа және ептілікке баулу.
Ойын барысы
- Тақпақ айту арқылы бір қыз «кемпір» болып сайланады, қалғандары «қаздар» болады.
- Кемпір шетке тұрады. Қаздар тізіліп, бірінің соңынан бірі ұстап, қаз жүрісіне еліктеп, оңға-солға баяу шайқалып келеді.
- Кемпір бірінші келген балаға «Жоғалтпаңдар!» деп тапсырады (ойын ішкі шарты бойынша белгі).
- Қаздар айнала жүріп, қайтадан тізіліп кемпірге келеді.
- Кемпір: «Әлгің қайда?» — деп сұрайды. Балалар: «Қалды сайда!» — деп жауап береді.
- Кемпір: «Олай болса, сендердің біріңді алып қаламын», — деп балаларға бас салады.
- Балалар тізбекті бұзбай қашады. Қолға түскен бала кемпірдің қасында қалады.
- Ойын барлық бала ұсталғанша жалғасады.
Тақпақ
Гөк, гөк, көги көк,
Гөк, гөк, көги көк.
Гөк, гөк, көги көк…
Түлкі мен қаздар №10
Рөлдік ойынМақсаты: түлкі мен қаздың қимылын салуға, жылдамдыққа баулу.
Ойын барысы
- Балалар залдың бір шетінде «қаздар» болып тұрады.
- Бір бала залдың екінші шетінде «түлкі» болады.
- Түлкі қимыл көрсетіп әнді бастайды, қаздар қимыл көрсетіп жауап береді.
- Ән біткенде қаздар қашады, түлкі қуады.
- Ұсталған бала келесі айналымда түлкі болады.
Диалог мәтіні
Түлкі:
Қаңқ-қаңқ, қалың қаз,
Қашсаң, пана табылмас.
Қаздар:
Қулықты қой, қу түлкі,
Аузыңды жап, әрі қаш!
Түлкі:
Мамыр, мамыр, мамыр қаз,
Мамырламай бері бас.
Қаздар:
Қой, қой, түлкі, сұм түлкі,
Балапандар әлі жас.
Түлкі:
Тыңдамаймын сөзіңді,
Ұстап жеймін, қане, қаш!
Ақ сандық, көк сандық №11
КүшМақсаты: күштілікке, шапшаңдыққа және ептілікке баулу.
Ойын барысы
- Екі бала бір-біріне арқаларын беріп, қол ұстасып отырып алады.
- Жүргізуші өлеңді мәнерлеп айтады.
- Өлеңнің соңындағы «арт» сөзі — белгі: сол сәтте балалар қол ұстасқан күйі тез тұруы керек.
- Қайсысы қарсыласын арқалап кетсе, арқадағы бала үй жануарларының дауысын салады.
Өлең мәтіні
Ертең ауылым көшеді,
Уық-буын шешеді.
Қара қойым қашады,
Құмалағын шашады.
Ақ сандық, көк сандық,
Арқан тарт, кілем арт!
Ит пен қоян №12
Қуып жетуМақсаты: шапшаңдыққа және ептілікке баулу.
Ойын барысы
- Ойын жазық алаңда ойналады.
- Бір бала «ит» болады, қалғандары «қояндар» болады.
- Ит қояндарды қуып ұстайды.
- Ұсталған балалардың бәрі «итке» айналады.
- Барлық қоян итке айналғанша ойын жалғаса береді.
Автор туралы мәлімет
Өңір
Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылы
Мекеме
«Нұршуақ» балабақшасы
Лауазымы және авторы
Әдіскер-психолог: Мукушева Махаббат Жұмашевна
Материал: «Қимылды ойындар жинағы».