Бүгінгі Жаңа жылдағы жаңа ертегі атты қайырымдылық шыршасына қош келдіңіздер
Сахналық көрініс: сарайға қонақтардың жиналуы
Зал тақырыпқа сай безендірілген: сарайдың ішінде ортада фуршет қойылған, қонақтар біртіндеп жиналып жатыр. Бірі сыпайы иіліп амандасса, бірі өзара әңгімелеседі, үй күтушілері қызмет көрсетіп жүреді.
Сайқымазақтың хабарландыруы
Сайқымазақ:
Ханымдар мен мырзалар! Сарайға мәртебелі патшам мен патшайым келе жатыр! Қарсы алыңыздар!
Қонақтар екі жаққа жол беріп, иіліп амандасады. Патша мен Патшайым уәзірі Бүлдіргенмен бірге кіріп, таққа жайғасады.
Патшаның сөзі және балалардың келуі
Патша:
Армысың, амансың ба, халқым менің!
Жаңа жылым — менің жаңа жырым.
Ақтаралық әнменен көңіл сырын.
Салтанатты кешімнің қонақтарын
Қарсы алыңдар, қошеметпен!
Сахналық әрекет
Балаларға арналған әуенмен ертегі кейіпкерлері кішкентай бүлдіршіндерді жетектеп, ортаға — шырша жанына алып шығады.
Патшайым:
Төрлетіңдер, балалар,
Шырша сәнін көріңдер.
Әсем әнмен би билеп,
Көңілді өмір сүріңдер!
Уәзірдің жарлығы: бал-маскарад
Балалар орныққан соң, патша уәзірге ишара етеді. Уәзір ортаға шығып, ақ парақты жайып жіберіп оқи жөнеледі.
Уәзір:
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Қызықтан құр қалмаңыздар.
Сарайында патшаның бал-маскарад тойлаңыздар.
О, жарандар, қараңдар — естімеген естіңіздер,
Көрмегендер көріңіздер!
Қызықтаңдар, сайраңдаңдар,
Патшаның жарлығына құлақ түріңіздер!
Жарлықтың мәні
Құрметті ханымдар мен мырзалар! Мәртебелі патшамыздың сарайында Жаңа жыл мерекесіне орай бал-маскарад өтеді. Бұл кеште патшаның көңілін көтерген, жан-жақтан келген өнер иелеріне мәртебелі патша сансыз сый-құрмет көрсетпек. Кербездене келе жатқан 2014 Жаңа жылдың тамаша сыйынан құр қалмаңыздар!
Музыка, вальс және флешмоб
Сайқымазақ:
Әнмен шашу шашайық,
Бимен балды ашайық.
Келіңіздер, халайық,
Жырға жырды қосайық!
Вальс әуені ойнайды. Патша мен Патшайым және сарай қонақтары жұптасып билейді.
Мыстан:
Уа, қонақтар! Қош көрдік! Неге состиып тұрмыз?
Қане, бірге билейік, ортаға жиналайық!
1, 2, 3 — күлімсіреп қарайық!
1, 2, 3 — патшаның сарайында биді бастап жіберейік!
Музыка қарқындайды — флешмоб басталады.
Жүргізушілердің шығуы және құттықтау
Музыкалық фанфармен сахнаға екі жүргізуші шығады.
Маржан:
Кел, Жаңа жыл, қош келдің, қошеметпен қарсы алам,
Арманыма жеткізе кел, ғұмыр бойы аңсаған.
Мен тәуелсіз Қазақстан — егеменді елмін,
Мен осылай, Жаңа жыл, бар әлемге жар салам.
Кел, Жаңа жыл! Жаңа жыл!
Бибігүл:
Байлық әкел, бақыт әкел баянды,
Қуанта кел әкелерді, аналарды аяулы.
Бейнемізге бар жақсылық, береке ала кел,
Шалқыта кел жастарымды, қарттарымды қалаулы.
Жүргізушілердің үндеуі
Құрметті қонақтар мен кішкентай бүлдіршіндер! Бүгінгі «Жаңа жылдағы жаңа ертегі» атты қайырымдылық шыршасына қош келдіңіздер!
Бүгінгі ұрпақ — ел келешегі. Ел келешегі — бүгінгі бүлдіршіндеріміз. Жүздері жарқын, көңілдері шат болып, бақытты ғұмыр кешулеріне ықпал етіп келе жатқан «Шапағат» қайырымдылық қорына алғысымызды білдіре отырып, құттықтау сөз кезегін аудан әкімі Басшы Айжанақұлына береміз.
Аудан әкімі Басшы Әзірханов мырзаның балаларға арналған Жаңа жылдық ыстық лебізін қабыл алайық.
Ресми бөлім: құттықтау және сыйлық табыстау
- Аудан әкімі Басшы Айжанақұлының құттықтау сөзі.
- «Шапағат» қайырымдылық қорының сыйлық тапсыру рәсімі.
- Сыйлық таратылған кезде оқушыларды ертегі кейіпкерлері жетектеп әкеліп, орындарына апарып отырады. Осы уақытта музыка орындалып тұрады.