Сөзің орынды, хан ием

Сабақтың тақырыбы: «Халық дәстүрі – асыл қазына»

Құндылығы

Ұлттық тәрбие

Қасиеттері

Адамгершілік, инабаттылық

Сынып

7-сынып

Мақсаты

Оқушылардың халық дәстүрі туралы ұғымдарын кеңейту, ұлттық салт-дәстүрді шынайы өмірде дәріптеуге тәрбиелеу.

Міндеттері (білімдік)

Оқушыларға халық дәстүрінің маңыздылығы туралы түсінік беру.

Міндеттері (дамытушылық)

Халық дәстүрінің мәнін түсініп, оны қадірлеуге және бағалай білуге баулу.

Сабақ барысы

1. «Шаттық шеңбері»

Қарым-қатынас және ынтымақтастық

Оқушылар мұғаліммен бірге шеңберге тұрып, бір-бірімен сәлемдеседі. «Қазақы дастарханым» әні орындалады.

Ұлттық ойындармен байланысты тапсырма арқылы әр оқушы өзіне белгілі салт-дәстүрдің бірін атап шығады. Мұғалім жауаптарды тыңдап, оқушыларды топ бойынша орындарына отырғызады.

Бейнефильм: «Қазақы дәстүр»

Бейнефильмді тамашалағаннан кейін оқушылар өз ойларын бөліседі. Осы арқылы бүгінгі сабақтың тақырыбы нақтыланады.

Ән мәтіні: «Қазақы дастарханым»

Сөзі: Ж. Боранбаев • Әні: М. Ілиясов

Бүгінгі ел ішінде
Дәстүрді жалғастырған.
Татулық белгісі ме?
Жағалай малдас құрған.

Қайырмасы:

Ей, менің асқар тауым!
Қазақы дастарханым.
Өзіңсің бақ-берекем,
Ақ қайнар бастауларым.

Анаға ақ пейілді
Иілсе келін-балаң.
Ықылас, ізет еткен
Сыйластық елін табам.

Қайырмасы.

Дәм татар талай ғасыр,
Ұрпақтар абай болсын.
Кірлетпей таза ұстасын,
Халықтың шар айнасын!

Қайырмасы.

Толықсып туған айым,
Наурызым, айналайын.
Өзіңсің ырыс-құтым,
Қуаныш, думан-тойым.

Қайырмасы.

2. Бейнефильм бойынша әңгімелесу

Сыни ойлау және талқылау

Мұғалім оқушылардың халықтың өмір тәжірибесі мен даналығы туралы білімдерін жинақтап, ортаға салу үшін әңгімелесу жүргізеді. Талқылау барысында көрнекі құралдар (сахналық көрініс, бейнефрагмент, фотосуреттер) ұсынылып, әрқайсысы жеке талданады.

Талқылауға арналған сұрақтар

  • Халықтың өмір тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа қалай жетеді?
  • Халық даналығының мақсат-мүддесі неде?
  • Халықтық дәстүрден қандай өнеге-үлгі алуға болады?
  • Өзің үшін маңызды халқымыздың игі дәстүрлері туралы айтып бер.

Мұғалімдердің бағыттауы

Эльмира мұғалім: оқушыларды тыңдап, салт-дәстүрлерге кеңірек тоқталуға жетелейді.

Айжан мұғалім: «Жетім көрсең жебей жүр» дәстүрі бүгінге дейін сақталғанын атап өтеді. Қайырымдылық пен жомарттық — бір адамның екінші адамға немесе адамдар тобына қайтарымсыз, міндеттеусіз көмек көрсетіп, шынайы жақсылық жасауға даярлығы мен нақты ісі арқылы көрінетін асыл қасиет.

Жаңа ақпарат: дәстүр туралы ой

Дәйексөз және мағына

Әр халықтың өзінше дәстүрі бар. Дәстүрдің де жақсы-жаманы болады. Жаманы жолшыбай қалып қояды, жақсысы ғасырдан ғасырға жалғасады. Қазақ дәстүрі ата-ананы, үлкенді сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, жол беру, алдынан көлденең кесіп өтпеу, қонақты қарсы алу, төрге шығару, жақсы қабақпен аттандырып салу, жолдас-жораға қайырымды болу сияқты дәстүрлер өмір бойы ескірмейді. Халықтық жақсы дәстүрлерді ешбір ұлы адам аттаған емес, әрбір жас дәстүрді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай-ақ.

Ғ. Мұстафин

Мәтінмен жұмыс: аудиомәтінді тыңдау

Түсіну және талдау

Мәтінмен жұмыс оқушылардың білімін кеңейтіп, оқу белсенділігін арттырады. Оқушылар сабақ тақырыбын ашатын аңыз әңгімені тыңдап/оқып, салт-дәстүрдің маңызын терең түсінеді. Талдау барысында ата-бабамыздың даналығы, ұтқыр ойы және дәстүрге адалдығы айқындалады.

Аңыз әңгіме

Баяғыда тасы өрге домалап тұрған бір хан жанына нөкерлерін ертіп, аң аулауға шығады. Орман кезіп, қыр асып келе жатса, алдынан екі көзі ботадай мөлдіреген, сауыры жез құмандай жылт-жылт еткен сұлу киік қаша жөнеліпті.

Хан садақтан оқ атып, киіктің артқы аяғын жаралайды. Бір жағы құлама жар, екінші бүйірден хан нөкерлері қиқу салып, қыспаққа алғанда, жаны қысылған бейшара киік сонадайдан көз тартқан ақбоз үйдің ашық тұрған есігінен ішке қойып кетіпті.

Үй иелері дастарқан басында түскі ас ішіп отыр екен. Есіктен енген киік жайылған дастарқаннан бір-ақ ырғып, төрдегі керегеге тұмсығын тіреп, солығын баса алмай тұрып қалыпты.

— Шығар киікті! — деп дауыстайды хан ат үстінде тұрып, төрде отырған қарияға. — Бұл тау тағысын түстік жерден қуалап келіп, сенің үйіңде қолға түсіріп тұрмын. Бұл менің олжам екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар?

Сонда қария: — Сөзің орынды, хан ием. Киік сенің олжаң екені де рас. Бұл сорлы жаны қысылған сәтте менің төріме шығып кетті. Ортада дастарқан жаюлы жатқанын өзің көріп тұрсың. Ата салтымыз бойынша дастарқанды аттап өте алмайсың. Көздеріне қан толып, бір-біріне өлердей жауыққан екі адамды татуластырарда да дастарқан басына алып келмей ме еді? Тіпті хан болсаң да, дәстүрден үлкен емессің. Ал дәстүрді, қалыптасқан ата салтты бұзсаң, қалың елдің табасына қаласың, жолың болмайды, — депті.

Хан аталы сөзден жеңіліп, ат басын кері бұрыпты.

Талдау бағыты

Аңыз әңгімедегі дәстүрге назар аударып, оның мәнін талқылау. Оқушылар өздері оқыған өзге аңыздардан осыған ұқсас мысалдар келтіреді.

Шығармашылық байланыс: қолөнер мен ою-өрнек

Практика және өнер

Айжан мұғалім: аталы сөзге құлақ асып, салт-дәстүрді сақтаумен қатар, қазақ қолөнерін кеңінен пайдаланудың маңызын атап өтеді және ою-өрнекке қатысты тәрбиелік ертегі әңгімелейді.

Ертегі желісі (қысқаша)

Баяғыда бір хан болыпты. Ханның жалғыз ұлы бір күні саятқа шығып, алдынан кездескен аңдарды қырып-жойып келе жатқанда бір үкі оның бетіне шапшып, екі көзін ойып жібереді. Соқыр болған хан баласы жардан құлап мерт болады.

Хан: «Кімде-кім ұлымның қаза болғанын естіртсе, басын аламын», — деп жарлық береді. Сондықтан ешкім шындықты айтуға бата алмайды. Сонда бір оюшы болған оқиғаның желісін сырмаққа ою арқылы түсіріп, ханның алдына жайып салады. Хан оюдың мәнін тарқатып, болған жайды түсінеді. Осыдан оюшының асқан шеберлігі танылады.

Тапсырма

  • Paint бағдарламасында ұсынылған оюларды салып көріңдер.
  • Жұмыс аяқталған соң әр топтан бір оқушы өз оюын қысқаша таныстырып, мағынасын түсіндіреді.

Дәйексөздермен жұмыс

Қорытынды ой

Оқушылар компьютерлерінде жұмыс үстеліндегі «Дәйек сөз» файлын ашып, дәйексөздерді оқиды. Топ ішінде талқылап, өз ойларын дәлелдейді. Тапсырмаға 2 минут уақыт беріледі.

Мәлімет

Мектеп
№5 орта мектеп
Мұғалімі
Құдабаева А. Б.
Тақырып
Халық дәстүрі – асыл қазына