Шәкірттер бір кездегі балғын жастар

Салтанатты жиын сценарийі

Мардан Байділдаев атындағы №232 орта мектептің 2016–2017 оқу жылындағы «Сәт сапар, саған Жас түлек!» атты соңғы қоңырау мерекесіне арналған.

Күні

25 мамыр

Уақыты

09:00

Өтетін орны

Мектеп ауласы

Форматы

Салтанатты жиын

Көрініс және сахналық дайындық

Барлық оқушылар сыныптар бойынша сапқа тұрғызылған. Мектеп ауласы шарлармен және жалаушалармен безендірілген.

  • Би: «Соңғы қоңырау».
  • Музыка: фанфарлар, кейін көңілді әуен.
  • Ортаға: жүргізушілер шығады.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар!

2-жүргізуші

Қайырлы күн, қадірлі ата-аналар мен қонақтар!

1-жүргізуші: 2016–2017 оқу жылының аяқталуына арналған мерекелік жиынға қош келдіңіздер! Он бір жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына сіңірген жас түлектердің мектеппен қоштасар сәті келді. Бүгін — әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйреткен ұстаздар мен шәкірттердің жүрекке жақын қоштасу күні.

2-жүргізуші: Мектеп — білім айдынындағы үлкен кеме. Өркениетке бастар жолдың бастауы — мектеп десек, сол мектептің жүрегі — МҰҒАЛІМ. Мектепте өткен шақ — адам өміріндегі ең шуақты, ең жарқын естеліктердің мекені.

Биылғы түлектер мектеп табалдырығын 2006 жылы аттады. Он бір жыл біліммен сусындап, балалық шақтың балғын күндерін өткерді. Енді, міне, 2017 жылы таудай болып, баянды болашаққа қадам басқалы тұр. Көзді ашып-жұмғанша он бір жыл өте шықты. Соңғы қоңырау түлектер үшін шын мәнінде соңғы рет соғылады. Жас түлектерге үлкен өмірге жолдама беріп, ақ жол тілейміз!

Өлең жолдары

1-жүргізуші:

Жас жүректің өмірлік құштары — гүл,

Бағбан ұстаз баулыған құстары бұл.

Қоштасып бүгінгі күн ұясынан,

Сол құстардың бір тобы ұшқалы тұр.

Өлең жолдары

2-жүргізуші:

Ұрпағың мақтануға болса лайық,

Біз бүгін мақтанайық, жар салайық.

Биылғы 11-сынып түлектерін

Құрметпен қол соғып қарсы алайық.

Түлектердің шығуы

Сынып жетекшісі: Әбішева Нағима.

Жай әуенмен 11-сынып оқушылары ортаға шығып, орындарына келіп тұрады.

Кездесу қонақтары

1-жүргізуші: Құрдастар, сыныптастар, парталастар — бір кездегі балғын жастар. Мектепті бітіргелі 10 жыл, 25 жыл өткен түлектер бүгін бас қосып отыр.

2-жүргізуші: Бүгінгі салтанатты жиынға мектепті бұрын бітірген түлектер — 10 жылдық және 25 жылдық кездесуге келген қонақтар да қатысуда. Ендеше, салтанатты жиын алаңына осыдан 10 жыл және 25 жыл бұрынғы түлектерді шақырамыз.

Қонақтар келіп, белгіленген орындарына орналасады.

Мемлекеттік рәміздер

Сапқа тұру және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау рәсімі.

Сариев Болат ағай (АӘД пәні мұғалімі): «Мектеп оқушылары! Түзеліп тік тұрыңдар! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарап сап түзеңдер! Қазақстан Республикасының Гимні орындалсын!»

Гимн музыка әуенімен орындалады.

Жиынды ашу

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар! «Сәт сапар, саған Жас түлек!» атты салтанатты мерекемізді ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!

Бүгін — алғашқы қоңырау мен соңғы қоңыраудың арасын жалғаған 11 жылдың мәреге жеткен күні. Бүгін — ұстазыңның жанында шәкірт болып соңғы рет топтасқан күн. Бүгін — мектеп тарихында да, түлек жүрегінде де мәңгі өшпес күн.

2-жүргізуші:
Мектебім — ардақты алтын бесігім.
Өңірге аян сенің даңқың, есімің.
Білім қуған ұл-қызына қазақтың
Жомарт жолмен кең ашылған есігің.

1-жүргізуші:
Талай қызық балалықты бірге кештік,
Мектеппенен есейіп біз бірге өстік.
Бүгін, міне, соңғы қоңырау күнінде
Қимастықпен, пәк сезіммен тілдестік.

Сәт сапар саған, Жас түлек!