Балаларды ептілікке, шапшаң қимылға үйрету
Ұйымдастыру кезеңі: «Шаттық шеңбері»
Көңілденіп бәріміз
Шықты жарқын даусымыз.
Сәлем беріп достарға,
Ойынымызды бастайық.
Шынығады денеміз,
Ұшқырланып ойымыз.
— Сәлеметсіздер ме, апайлар!
Кіріспе әңгіме
Балалар, біз ойын арқылы көп қимыл жасаймыз. Ойын кезінде әртүрлі аңдардың қимыл-әрекетін және дауысын салып үйренеміз.
Бүгінгі сауықтыру шарамызды да ойын арқылы өткіземіз.
Сұрақ
Балалар, біз қандай аңдарды білеміз?
Жауап үлгісі: қасқыр, қоян, аю, түлкі және т.б.
Қимылды ойындар
1) «Қасқыр мен қоян»
Мақсаты
Балаларды ептілікке, шапшаң қимылдауға үйрету.
Шарты
Қасқыр өлең айтып жүріп, қояндарды қуады. Ұсталған бала келесі айналымда қасқыр болады.
Қасқырдың өлеңі
Мен қасқырмын, қасқырмын,
Тырнағым бар сояудай.
Қояндарды жеп қоям,
Бәрін-бәрін қалдырмай.
Кері байланыс: Балалар, ойын сендерге ұнады ма? — Иә!
2) «Мен аюмын»
Жетелеуші сұрақ
Орманда мекендейтін, үңгірде тұратын, балды жақсы көретін қандай аң?
Дұрыс жауап: аю.
Мақсаты
Ойын арқылы аңғарымпаздық, ептілік, жинақтылық қасиеттерін қалыптастыру.
Шарты
Аю үңгірден асықпай әндетіп шығады. Омартадағы аралар аюды қуып, жетсе «шағып алады».
Аюдың өлеңі
Мен аюмын, қорбаңдай жүріп келемін,
Тіл үйірер балды жақсы көремін.
Шіркін, бүгін аралар кетсе алысқа,
Омартадағы балды түгел жер едім.
Кедергілерден өту
Балалар, аралардан құтылу үшін әртүрлі кедергілерден өтеміз:
- 1 Үңгірден өту
- 2 Көпірден өту
- 3 Арқан бойымен жүру
- 4 Таяқшадан секіру
Аралардан аман-есен құтылдық!
Сергіту сәті
Мөлдір, мөлдір, мөлдір су,
Мөлдір суға қолыңды жу.
Жуынсаң сен әрдайым,
Таза бетің, маңдайың.
Тазалықтың досы —
Су деген осы.
Балалар, тынығып, сергіп қалдыңдар ма?
Денсаулық пен шынығу туралы тақпақтар
Құралай
Біз көңілді балалармыз,
Айтқан тілді аламыз.
Күні бойы қызыққа
Батамыз да қаламыз.
Ерқанат
Шұғылданып спортпен,
Допты қуып ойнаймыз.
Уақыттың өткенін
Байқамай да қаламыз.
Сезім
Шомылу мен жаттығу —
Оның бәрі пайдалы.
Шынығады денеміз,
Сауығады жанымыз.
Мимика жаттығуы: «Қуаныш»
Балалар, қуаныш сезімін көрсетіп көрейікші: қуанған кезде өздеріңді қалай сезінесіңдер? Қимылмен, мимикамен бейнелеңдер.
Ойын: «Сиқырлы жол»
Біздің жолымыз әртүрлі материалдардан тұрады. Табанымызға жұмсақ әрі қатты беттер әсер етеді — бұл жақсы жаттығу.
Барлығымыз кезекпен, тек осы жолмен жүреміз.
Кері байланыс: «Сиқырлы жол» сендерге ұнады ма, балалар? — Иә!
Қорытынды
Қане, бәріміз бірге:
Ой қосамын ойыма,
Бой қосамын бойыма.
Аман-есен жетейік,
Келесі жазғы сауыққа.
Балалар, апайлар, сіздерге көп рақмет!