Жұмбақшылар сайысы
«Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысы
Тақырыбы: Тіл құдіреті
Мақсаты
- Ата-бабадан қалған өшпес мұра — мазмұны терең, қымбат қазына мақал-мәтелдерді оқушыларға үйрету және ұғындыру.
- Ой белсенділігін арттыру, сөздік қорды молайту.
- Отбасы дәстүрін сақтауға, ата-ананы және қарттарды сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.
Жоспар
- 1.Ойынды ашу
- 2.Ойыншыларды таныстыру
- 3.Қазылар алқасымен таныстыру
- 4.Ойын тәртібін түсіндіру
- 5.Мақалшылар сайысы
- 6.Жұмбақшылар сайысы
- 7.Мақалшы мен жұмбақшы сайысы
- 8.Ән шашу
- 9.Қорытынды
Барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Күз мезгілі — сәніміз,
Балдәурен — біздің әніміз.
Біз бастадық сайысты,
Қош келіпсіз бәріңіз!
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» сайысын бастауға рұқсат етіңіздер. Ендеше ортаға бүгінгі қатысушыларымызды шақырамыз.
Қазылар алқасы
Қазылар орнықтырар әділдікті,
Қай топтың жауаптары кәдеге шықты.
«1001 мақал, 101 жұмбақ» сайысында,
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты!
Ойынды бастамас бұрын, әр айналымның есебін шығарып, қорытындысын айтатын әділ қазылар алқасымен танысып өтейік.
І айналым: Мақалшылар сайысы
Бұл айналымға 5 оқушы қатысады. Бірінші айналым 3 тапсырмадан тұрады.
1-тапсырма
Әр мақалшы өздері дайындап келген мақал-мәтелдерін айтады.
2-тапсырма: Мақалды жалғастыр
Мақалдың алғашқы жолы оқылады, ойыншы жалғастырады. Жалғастыра алмаса, қарсыласы жауап береді.
-
1. Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.
-
2. Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.
-
3. Ұлдың ұяты — әкеге, қыздың ұяты — шешеге.
-
4. Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың.
-
5. Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі.
-
6. Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
-
7. Қарт кісіні қадірле, өзің де қарт боларсың.
-
8. Туған жердің қадірін, шетте жүрсең білерсің.
-
9. Қына тасқа бітеді, білім басқа бітеді.
-
10. Сөздің көркі — мақал, жүздің көркі — сақал.
-
11–20. Келесі жолдарды ойыншылар жалғастырады:
11. Білімсіз өмір — ...
12. Отансыз адам — ...
13. Туған жердей жер болмас — ...
14. Отан үшін отқа түс — ...
15. Не ексең, соны — ...
16. Оқу — білім бұлағы, — ...
17. Жақсыға сөз ілеседі, — ...
18. Туған жердің қадірін, — ...
19. Бал тамған тілден, — ...
20. Жылы-жылы сөйлесең, — ...
Бірінші айналым аяқталды. Әділ қазылар шешім шығарып жатқанда, көрермендерге шағын би ұсынамыз.
ІІ айналым: Жұмбақшылар сайысы
Енді ортаға екінші айналымға қатысатын жұмбақшыларымызды шақырамыз. Бұл кезең 2 тапсырмадан тұрады.
1-тапсырма: Жұмбақты шеш
Жүргізуші жұмбақ айтады, ойыншы шешуін табады және жауабын үш тілде айтады.
-
1. Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды. (Күн)
-
2. Аласа ғана бойы бар, тоғыз қабат тоны бар. (Пияз)
-
3. Аяғы жоқ жүреді, аузы жоқ сөйлейді. (Хат)
-
4. Бірде орақпын, бірде доппын, бірде бармын, бірде жоқпын. (Ай)
-
5. Бір үйге көзсіз боп басыңды сұғасың, бұл үйден көреген болып шығасың. (Мектеп)
-
6. Бетін адам ашады, білім нұрын шашады. (Кітап)
Жалғасы
-
7. Тікен-тікен тік пісте, қысы-жазы бір түсте. (Шырша)
-
8. Көше бойлап аяңдайды, адам тасып аялдайды. (Автобус)
-
9. Түсі қызыл, құйрығы ұзын, өзі қу, жүрген жері у-шу. (Түлкі)
-
10. Тақылдатып таңдайды, уақыттан бір қалмайды. (Сағат)
-
11. Тиіскенді түйреген, киімі бар инеден. (Кірпі)
-
12. Жолбарысқа ұқсайды, тышқанды ғана ұстайды. (Мысық)
2-тапсырма: Өзара жұмбақ айту
Бұл кезеңде екі ойыншы қалады. Олар өздері дайындап келген жұмбақтарын бір-біріне айтып, шешуін табады.
Көрермендерге ағылшын тілінде шағын өлең ұсынылады.
Екінші айналым жеңімпаздары анықталып, үшінші айналымға өтеді.
ІІІ айналым: Мақалшы мен жұмбақшы сайысы
Бұл айналымға алғашқы екі кезеңнің жеңімпаздары шығады. Жүргізуші жұмбақ айтады: жұмбақшы шешуін табады (үш тілде айтады), ал мақалшы шешіміне байланысты мақал келтіреді.
1-жұмбақ
Баласымын даланың,
Туғаннан дақсыз қарамын.
Қыс келсе жұртты жылатып,
Үйді-үйге барамын.
Жауабы: Көмір
Мақал: Еңбексіз өмір — сөнген көмір.
2-жұмбақ
Сөзі дана, үні жоқ,
Сөйлемейді, тілі жоқ.
Қолына алсаң — шешен,
Ақылы асқан көсем.
Жауабы: Кітап
Мақал: Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
3-жұмбақ
Төңкерілмейтін күбі,
Көтерілмейтін күбі,
Шүпілдеп-ақ тұрса да,
Көрінеді күбі.
Жауабы: Құдық
Мақал: Оқу — инемен құдық қазғандай.
Әділқазылар алқасы қорытынды шешімін шығарғанша, көрермендерге әсем ән ұсынылады.
Қорытынды
Аталар сөзімен өсіп-өнген,
Бабалар бұлағынан нәр алған,
Даналар өсиетінен тәрбие алған,
Ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен ұрпағымыз
Халықтың ғибратын арқау етсін.
Уақыт бөліп, бүгінгі сайысқа қатысуға келген қонақтарымызға үлкен алғыс айтамыз. Бүгінгі бастамамыз алдағы уақытта да жалғасын таба берсін. Рахмет!