Арқалық политехникалық колледжінің студенті
Сценарийдің кіріспе бөлігі
«Текті сөздің төресі – терме» — өнегелі, нұсқалы сөздердің тізбегіндей, халықтық дәстүрлер негізіндегі терме өнерінің жаңғырып, кең құлаш жаюына үлес қосып келе жатқан жас термешілерді анықтауға арналған байқау.
Сахналық белгі:
Күй ойналады.
Жүргізушінің терме жайлы толғауы
Тербе, терме — маржан жыры бабамның,
Ақыл сөзі, нақыл сөзі данамның.
Сенде жатыр ұлылығы ұлтымның,
Шежіресі мынау ұлы даламның!
Сахналық белгі:
Күй ойналады.
Қонақтарды қарсы алу
Армысыздар, тамырлы тарихынан сыр шертіп, өткеніне өнегелі тағылым беретін арда өнерін ұлықтаған ардақты ағайын, қымбатты көрермендер! Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен қала деңгейінде алғаш рет өткізілетін «Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термешілер байқауына қош келдіңіздер!
Бүгінгі байқауымызға қала оқу орындарының — колледждер мен институт студенттері қатысып, өнерлерін ортаға салады. Ендеше, үкілі үміттерін арқалап келген сайыскерлерімізді ортаға шақырайық!
Сайыскерлер мен қазылар алқасы
Сайыскерлер
- 1 Арқалық политехникалық колледжінің студенті
- 2 Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің студенті
- 3 Қосымша қатысушылар (тізім толықтырылады)
Қазылар алқасы
-
Қазымбеков Қуанышбай Қабенұлы
Облыстық, республикалық жыршы-термешілер байқауларының жеңімпазы; Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған республикалық байқаудың бас жүлдегері; 2010 жылғы Арқалық қаласының «Жыл адамы»; «Көңілімнің айнасы» жыр жинағының авторы; 2016 жылғы әдебиет саласындағы облыстық «Қазына» меценаттар сыйлығының иегері.
-
Тойшин Нұрдәулет
Арқалық қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты қосымша білім беру орталығының педагогы; «Мирас» термешілер үйірмесінің жетекшісі; 2017 жылғы облыстық, республикалық «Текті сөздің төресі – терме» байқауының жеңімпазы.
-
Сейітхан Әсемгүл Байболатқызы
Арқалық қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі әдіскері.
Құттықтау сөзі
Құрметті көрермен қауым! Тіл мәдениетін дамытуға, ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауға бағытталған байқауымыздың үміткерлеріне сәттілік тілеп, құттықтау үшін сөз кезегін орталық директоры Қалмағанбетова Баян Саруарқызына береміз.
Сөз сөйлейді.
Олай болса, барлық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, сайыскерлерді сахна сыртына шығарып салайық!
Терме табиғаты және байқаудың басталуы
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
Сонау бір ерте кезде естіген ем.
Әредік әлдеқалай есіме алсам,
Қос басы, қою қара кешті көрем.
Терме деген не?
Терме — қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Ғибраттылық мәні бар моральдық идеяларды теріп айтып, бір тақырыптан екіншісіне еркін ауысып отыру — термеге тән ерекшелік.
Ендеше, терме өнерінің жаңғырып, кең құлаш жаюына үлес қосып жүрген жас термеші, 2017 жылғы облыстық және республикалық термешілер байқауының жеңімпазы — Тойшин Нұрдәулетті байқау шымылдығын ашу үшін ортаға шақырамыз.
Нұрдәулет Тойшин терме орындайды.
Алғашқы өнер көрсету
Сонымен, сахнада алғаш болып өнер көрсететін Арқалық политехникалық колледжінің студенті — Нұғманова Әсел. Қабыл алыңыздар!
Байқау қатысушылары кезек-кезек өнер көрсетеді (тізім бойынша).
Бағалау, үзіліс және қорытынды
Қазыларды шығарып салу
«Анық байлық — жүрекке біткен өнер, білімдінің бәрі де соған төнер», — деген екен Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ендеше, жыр мен терме жанрында өнер көрсеткен сайыскерлеріміздің ішінен жүзден жүйрігін анықтау үшін қазылар алқасын сахна сыртына шығарып салайық!
Шығармашылық үзіліс
Төрешілер төрелігін бергенше, ________________ және ________________ өнерін қабыл алыңыздар!
Көркемсөз (немесе ән) орындалады.
Нәтижелерді жариялау
Қазылар алқасы дайын болса, сөз кезегі өздеріңізде!
Қазылар сөйлейді.
Жабылу сөзі
Болашаққа қадам басар күні ертең, бүгін міне, өнерлінің күні екен. Дәстүрлі ән, жыр мен терме өнерін көрсетіп, көрерменге рухани сый жасаған өнерпаздардың шеберлігіне ризашылығымыз шексіз.
Байқау қатысушыларына ұлттық дәстүрімізді ұлықтау жолында қанаттарың қатайып, биікке құлаш сермей берулеріңе тілектеспіз. Қадірменді көрермен! Көнеден қалған өнерге жанашырлық танытып, сайыскерлерді қолдап-қуаттағандарыңыз үшін алғысымыз шексіз.
Осымен, сөздің маржанын сазбен жеткізетін нағыз өнерпаздарды анықтайтын «Текті сөздің төресі – терме» байқауы өз мәресіне жетті. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көптен көп рақмет! Келесі кездескенше сау-саламатта болыңыздар!
Ескерту: Сценарийдегі бос орындар (аты-жөні, шығармашылық нөмірлер, толық тізім) нақты қатысушыларға қарай толықтырылады.