Өлең туралы толғанысы
Ақтөбе қаласы, №19 орта мектеп
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Бекбергенова Гульнур Болатбековна
Сынып: 7
Сабақтың тақырыбы
Қасым Аманжолов — «Өзім туралы» өлеңі.
Сабақтың мақсаты
Білімдік мақсат
Ақынның өзіндік мұратын таныту, «Өзім туралы» өлеңінің тақырыбы мен идеясын ашу.
Дамытушылық мақсат
Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту, дүниетанымын кеңейту; даралап оқыту арқылы өз бетінше жұмыс істеуге және шығармашылыққа дағдыландыру.
Тәрбиелік мақсат
Қасым поэзиясы арқылы Отанды, туған жерді сүюге әрі қастерлеуге, қайсарлыққа, табандылыққа, қаһармандыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Ашық сабақ, жаңа материалды түсіндіру.
Сабақтың типі
Білік пен дағдыны қалыптастыру, шығармашылыққа баулу.
Оқыту әдістері
Сұрақ-жауап, әңгімелеу, талдау, баяндау.
Көрнекілігі
Компьютер, интерактивті тақта, үнтаспа, тірек-сызбалар.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, түгелдеу, сабаққа дайындықтарын тексеру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Оқушылардың үйде жазып келген шығармаларын тексеру.
III. Жаңа сабақ
Түседі еске жалаң аяқ күндерім,
Ақсүйекті ала қашқан күндерім;
Сол қашқаннан мол қашыпты балалық,
Қайда екенін көптен бері-ақ білмедім.— Қасым Аманжолов
Осы жолдардағы сағыныш пен өмірге зер салу бүгінгі сабағымыздың өзегіне айналады. Бүгін біз Қасым Аманжоловтың шығармашылығын танып, «Өзім туралы» өлеңінің мәнін ашамыз.
Өмірбаянға қысқаша шолу
Қасым Рақымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Сарыарқаның сайын даласында дүниеге келген. Қазақ ауыз әдебиетінің нәрімен сусындап өсті: ертегі, аңыз-әңгімелерді тыңдап, айтыстар мен от басындағы өлең-жырды бала күнінен жатқа айтқан.
Соғыс жылдарындағы ақын
Қасымның жастық шағы соғыс уақытымен тұспа-тұс келді. Майданға аттанып, шығыс пен батысты шарлады. Қатардағы солдат бола жүріп, ауыр күндердің өзінде өлең жазудан қол үзбеді.
Тұрмыстық қиындық пен ақынның қайсарлығы
Ақынның жары Сақыпжамал апайдың естелігінде тұрмыстың ауыр өткені айтылады: бір бөлмеде кәрі анасы, өздері, балалары бірге тұрған кездер болған. Сол шақта Қасым чемоданды алдына қойып, өлеңін соған сүйеніп жазған екен. Баспана сұрап талай есікті қаққанымен, бастықтар бірінен бірі сілтеп, ақынның сабыры сарқылады.
Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытармын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды.
Кейін ақын Мәскеуге қазақ өнерінің онкүндігіне барып, 1949 жылы үй алады.
Шабыт, сырқат және соңғы жылдар
Ақынның жары Қасымның шабытты күндері сирек болатынын, өлеңді көбіне түнгі 12-ден кейін жазатынын айтады. Өмірінің соңында ауыр сырқат меңдеп, көп қиналады. Өкпе, бауыр, бүйрек дертімен арпалысып, түн бойы жөтеліп шығатын күндер көбейеді. Ақын небәрі 44 жасында дүниеден өтеді.
Көкірегім тынығып,
Сәл босасам жөтелден.
Өйтіп-бүйтіп көңілді
Баламын-ау көтерген.
Дұрыс жатқан саулық жоқ,
Бір олай да, бір бұлай.
Бұрынғыша шықпай тұр,
Ала-құла құрғыр-ай.
Шығармашылық мұрасы
Қасымның көзі тірісінде қазақ тілінде 5, орыс тілінде 2 кітабы шықты. Кейін таңдаулы шығармаларының I, II, III томдықтары жарық көрді.
Өлеңдері
- «Сарыарқа»
- «Ертіс»
- «Жайық»
- «Орал»
- «Мен табиғат бөбегі»
Поэмалары
- «Ақын өлімі туралы аңыз»
- «Қытай қызы»
- «Құпия қыз»
- «Естай»
- «Қорлығайын» (драмалық дастан)
Аудармалары
- «Ләйлі–Мәжнүн» поэмасындағы хаттар
- «Полтава»
- «Маскарад» және т.б.
Сөзі мен әні жазылған туындылары
- «Дариға, сол қыз»
- «Туған ел»
- «Өзім туралы»
- «Ақ сәуле»
- «Жас дәурен» және т.б.
Естеліктерде Қасымның домбыра, балалайка, скрипкада еркін ойнағаны айтылады. Орыс тілін де таза меңгеріп, кейбір өлеңдерін майданда орысша жазған. Пушкин мен Лермонтовты, украин ақыны Тарас Шевченконы қазақшаға аударуы — оның білімді, кең өрісті азамат болғанын аңғартады.
Ақын мінезі туралы пікір
Жазушы Тәкен Әлімқұлов Қасым туралы: «Қасым ешбір адамды сыртынан жамандамайтын. Бірақ кімге де болса өз пікірін тура айтатын. Жанын түсінбеген адамға қатал, дархан досқа адал болатын», — деген ой айтады.
Тахауи Ахтановтың тұжырымы бойынша, ақынның адал да шыншыл мінезі өзімен бірге жоғалған жоқ — ол оның тамаша өлеңдерінде өмір сүріп тұр.
«Өзім туралы» өлеңінің табиғаты
Бүгінгі қарастыратын туынды — Қасым Аманжоловтың автобиографиялық сипаттағы өлеңі.
Анықтама
Автобиографиялық шығарма — автордың өзі, өз өмірі немесе өмірінің белгілі бір сәттері туралы жазылған туынды.
Бұл өлең — ақынның өмірінің соңғы кезеңінде өткен күндеріне шолу жасап, тағдыр таразысын тартқандай қорытынды ой айтатын сыршыл туынды. Өлеңнің басты тұлғасы — ақынның өзі: оның ақындық болмысы, адамгершілігі, мінезі, өмірге көзқарасы жан-жақты ашылады. Өмірдің мәні, уақыттың өткіншілігі, адам баласының бұл жалғанда «қонақ» екені, артында өлмес мұра қалдырудың жауапкершілігі терең толғаныспен суреттеледі.
Сабақта алдымен өлең үнтаспадан тыңдалып, кейін оқушылар әр шумақты оқып, түсінгенін айтады.
IV. Дамыту кезеңі
| Негізгі мәселе | Шумақтар | Тақырыпша |
|---|---|---|
| 1) Ақынның өзін таныстыруы | 1, 2, 12, 19... | «Аманжол, Рақымжанның Қасымымын» |
| 2) Өлең туралы толғанысы | 11, 12, 13, 14... | «Серінің семсеріндей сертке таққан» |
| 3) Өмір мен өлім жайлы толғанысы | 7–11, 21–23... | «Бір күні от өмірім қалса өшіп» |
| 4) Туған елі, жері туралы толғанысы | 5, 7, 8, 18 | «Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім» |
Теңеулер
Бөбегіндей, торқадай, найзағайдай, қанатындай, өртке тиген дауылдай, серінің семсеріндей.
Эпитеттер
Қызыл шоқ, ала құйын замандар, қап-қара түнек, алтын сарай, ақ көңіл.
Метафоралар
Асылымын; адам сапары — мейман; кеудем — көрік; жүзім — жаз; көңілім — көктем; сөзім — жыр; лебізім — күй.
Өлең құрылысына талдау (буын, бунақ)
Үзінді
Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да...
Бұл шумақ 11 буынды, 3 бунақты өлшемге құрылады. Бунақ өлшемдері өлеңді мәнерлеп оқуда, әндетіп айтуда ерекше маңызды екені түсіндіріледі.
V. Сабақты бекіту
Сабақ соңында «Өзім туралы» өлеңі әнімен орындалады.
VI. Оқушыларды бағалау
Оқушылардың жауаптары, талдау сапасы, мәнерлеп оқуы және шығармашылық белсенділігі ескеріледі.
VII. Үй тапсырмасы
Өлеңнен өздеріңе ұнаған үзінділерді жаттау.