Поезға билет алу
Мақсат, әдіс және көрнекіліктер
Мақсаты
Оқушылардың математика пәніне қызығушылығын арттыру, ынталандыру және математика білімін өмірмен байланыстыру.
Әдісі
Ойын ұйымдастыру, командалық жұмыс және өзара жарыс арқылы белсенді оқыту.
Көрнекілігі
- 1.Үш вагоннан тұратын «Поезд» макеті
- 2.Анықтама бөлімі
- 3.Касса
- 4.«Космосқа ұшу» ойыны
- 5.Бетшелердегі есептер
- 6.Аквариумдағы балықтар (есептерімен)
- 7.Есептер, ребус, жұмбақтар
Ойынның жоспары
- 1 Ұйымдастыру
- 2 Поездға билет алу
- 3 Жолаушылар арасындағы сайыс
- 4 Қорытынды
Жүрісі: «Ақтау — Астана» бағыты бойынша «Мектеп — білім» математикалық ойыны
Кіріспе
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін 7-сыныптар арасында өтетін Ақтау — Астана бағыты бойынша «Мектеп — білім» математикалық ойынын бастаймыз.
1-жүргізуші
Уа, жарандар, жараңдар,
Мына бізге қараңдар.
Бөлмеде біздің тыныштық,
Естілмейді дыбыс түк.
Мұны біз де қоштаймыз,
Кешіккенді тоспаймыз.
Ғылымдардың ғылымы — математика жайында
Ойынымызды бастаймыз.
2-жүргізуші
Ойынға қатысушы оқушылар келіп, тапсырмаларын ала алады. Тапсырманы орындап болған соң, оны «Анықтама бөліміне» тапсырады. Ұпай санына қарай кассадан билет алынады:
- 15 ұпай Купе
- 12 ұпай Плацкарт
- 8 ұпай Жалпы вагон
Жүргізуші
(Қоңырау 3 рет соғылады.) Ойыншылар жолсерікке билеттерін көрсетіп, вагондарға орналасады.
Командалар және жолға шығу
1-жүргізуші
Ақын жырлағандай, өмір деген көк мұхиттың толқыны бір-бірімен шулап, жалғасып; бір-бірімен тулап, арбасып алға ұмтылады. Ендеше, бүгін қай топ алға шығар екен?
-
Купе
«Алғырлар»
-
Плацкарт
«Тапқырлар»
-
Жалпы вагон
«Ойшылдар»
2-жүргізуші
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Ақтау — Астана бағыты бойынша «Мектеп — білім» поезы жолға шықты.
Ойыншылар (әндетіп)
Өнер қуған математик жастармыз,
Есептерді лезде шешіп тастаймыз.
Командалық — ылғи тапқыр, қырандар,
Жарысуға келіп тұрған ұландар.
Станциялар: ойын кезеңдері
1-станция
«Балықшылар» — Балық аулау ойыны
Поезд «Балықшылар» станциясына тоқтайды. Әр топтан бір оқушы келіп «балық аулайды», яғни балықтағы есепті шығарады.
2-жүргізуші
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Мектеп — білім» поезы сапарын жалғастырады.
Ойыншылар
Білім қуған біз — оқушы ұландар,
Келіп тұрған жарысуға қырандар.
Есеп десе ішкен асын қоятын,
Біз боламыз математик ұландар.
2-станция
«Жұмбақ» — Жұмбақ шешу кезеңі
Поезд «Жұмбақ» станциясына тоқтайды. Үш топқа үш түрлі жұмбақ беріледі.
Ойыншылар
Шақырып жарыстарға сан салалы,
Ұландар топ жарғалы жар салады.
Ту етіп достық пен татулықты,
Қарсылас командасын қарсы алады.
3-станция
«Ойын» — «Космосқа кім ұшады?»
Бұл станцияда «Космосқа кім ұшады?» ойыны ойналады. Есепті қай топ дұрыс әрі жылдам шығарса, сол топ «ұшуға» мүмкіндік алады. Ойында дөңгелекшелерге есептің шарттары жазылады; №3 есепке дейін жетіп, дұрыс орындаған топ «космосқа ұшады».
Ойыншылар
Ұландар биіктерде қалықтасын,
Жеңіспен көк жүзінде шарықтасын.
Жеңіс туы желбіреп алауласын,
Бәйгені бізден ешкім ала алмасын.
4-станция
«Ребустар» — Ребус шешу кезеңі
Поезд «Ребустар» станциясына тоқтайды. Мұнда үш топ ребус шешеді.
Ойыншылар
Достық пен бірлікті біз етіп тұлға,
Жеңіспен жеткен едік талай сында.
Қара қылды қақ жарып, әділқазым,
Ұландар еңбегін әділ сына.
Мәре: Астана
1-жүргізуші
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! «Мектеп — білім» поезы Астана қаласына келіп тоқтады.
2-жүргізуші
Сөз әділқазылар алқасына беріледі.
Қорытынды
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Мектеп — білім» поезы өз сапарын аяқтады. Келіп тамашалағандарыңызға көп рахмет! Сау болыңыздар!