Температураны өлшеу әдістері
Сабақтың тақырыбы
Температура. Температураны өлшеу әдістері (8-сынып).
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
- Температураны дененің жылулық күйін сипаттайтын негізгі физикалық шама ретінде енгізу.
- Температураны өлшеу әдістерімен таныстыру.
- Цельсий және Кельвин шкалаларын енгізу.
- Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру.
2) Дамытушылық
Оқушылардың білім деңгейін, білім мазмұнының тұрақтылығын, оны меңгерудегі іскерлік пен дағдыларын бақылау және дамыту.
3) Тәрбиелік
Адамгершілікке, ұқыптылыққа, алғырлыққа, отансүйгіштікке, табиғатты аялауға, сыйластық пен әдептілікке баулу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, құрал-жабдықтарды реттеу, қауіпсіздік талаптарын еске түсіру.
II. Үй тапсырмасын тексеру және қайталау
Алдыңғы тақырып бойынша негізгі ұғымдарды нақтылау және жауаптарды талдау.
III. Жаңа материалды қабылдауға әзірлік (мақсат қою)
Төмендегі сұрақтар арқылы жылулық құбылыстарға қатысты бастапқы түсініктер еске түсіріледі:
- 1 Жылулық қозғалыс дегеніміз не? Оның механикалық қозғалыстан айырмашылығы қандай? Неліктен «жылулық» деп аталады?
- 2 Броундық қозғалыс деген не? Оның себебі қандай?
- 3 Диффузия деген не? Қатты денелерде, сұйықтарда және газдарда диффузия қалай жүреді?
- 4 Диффузия жылдамдығы температураға және заттың тығыздығына қалай тәуелді?
IV. Жаңа материалды меңгерту
Бізді қоршаған ортадағы көптеген жылулық құбылыстар температураның өзгеруімен байланысты: денелер салқындайды, қызады, жылу алмасады.
Негізгі ұғымдар
- Температура — дененің жылулық күйін сипаттайтын физикалық шама.
- Температура — бөлшектердің орташа кинетикалық энергиясының өлшемі.
- Температура — скаляр шама.
Жылу алмасу және тепе-теңдік
- Жылу алмасу — екі дене жанасқанда энергияның ыстық денеден салқынырақ денеге берілу процесі.
- Жылу алмасу жылулық тепе-теңдік орнағанға дейін жүреді.
- Жылулық тепе-теңдік — денелердің температуралары теңескен күй.
Температураны өлшеу құралы: термометр
Дененің температурасын өлшеуге арналған құрал — термометр. Оның жұмысы көбіне жылулық ұлғаю құбылысына негізделеді. Термометр — температурасы өлшенетін денемен жылулық байланыста болатын дене.
Термометр түрлері
- Сұйық термометрлер: сынапты және спиртті.
- Сынапты термометр: өлшеу шегі шамамен −38 °C-тан 260 °C-қа дейін.
- Термопара: шамамен −269 °C-тан 2300 °C-қа дейін.
- Термисторлар: кедергісі температураға тәуелді датчиктер.
- Газды термометрлер.
Температура шкалалары
- Цельсий шкаласы: 0 °C — мұздың еруі, 100 °C — судың қайнауы (қалыпты қысымда).
- Абсолют нөл: табиғаттағы ең төмен шекті температура, 0 K = −273,15 °C.
- Кельвин шкаласы: SI жүйесіндегі абсолюттік термодинамикалық шкала; есептеу 0 K-ден басталады.
- Бірлік қатынасы: 1 K температура өзгерісі 1 °C температура өзгерісіне тең.
- Байланыс формуласы: T = t + 273 (K), t = T − 273 (°C).
- Қосымша шкалалар: Ремюр және Фаренгейт.
Температураны өлшеу әдістері (тәжірибе)
- 1 Термометрді қолда ұстап, сынап (немесе спирт) бағанасының көтерілуін бақылаңдар.
- 2 Бағананың көтерілу себебін түсіндіріңдер (жылулық ұлғаю).
- 3 Бағананың көтерілуі қашан тоқтайды? Бұл құбылысты жылулық тепе-теңдікпен байланыстырыңдар.
- 4 Термометр нені өлшейді: жеке молекуланың жылдамдығын ба, әлде дененің күйін сипаттайтын шаманы ма?
- 5 Термометрді өлшенетін ортадан алып, бірден көрсеткішін оқуға бола ма? Неліктен?
- 6 Бағана көтерілгенде, сұйық молекулаларының орташа кинетикалық энергиясы туралы не айтуға болады?
V. Оқушы түсінігін тексеру
§2 сұрақтарын талдау арқылы негізгі ұғымдарды бекіту және түсінуді бағалау.
Талдау сұрақтары
- 1 Молекулалық-кинетикалық теория тұрғысынан жылы су мен салқын судың айырмашылығын түсіндіріңдер.
- 2 Абайсызда медициналық термометрді сындырып алуға болады. Неліктен төгілген сынапты бір тамшысы қалмайтындай етіп жинау қажет?
- 3 Белгілі бір мезетте оттегі молекулаларының бірі 900 м/с, екіншісі 1200 м/с жылдамдықпен қозғалады делік. «Екінші молекуланың температурасы жоғары» деу дұрыс па? Неліктен?
Назар аударатын ой
Температура — жеке молекуланың жылдамдығын емес, көп бөлшектің орташа энергиясын сипаттайды.
VI. Бекіту және дағдыландыру
Есептер шығару, тәжірибе нәтижелерін түсіндіру, формулаларды қолдану арқылы жаңа білімді бекіту.
VII. Бағалау
Сабақтағы белсенділік, тәжірибе қорытындысы, сұрақтарға жауап беру және тапсырмаларды орындау бойынша бағалау.
Үй тапсырмасы
- §2 оқу.
- 1-жаттығу, №1.
- Үйде орындалатын эксперименттік тапсырма: №1.
Автор туралы мәлімет
Өңір
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы.
Мектеп және мұғалім
Ойыл қазақ орта мектебі. Физика пәні мұғалімі — Сукашева Әлия Айсеевна.