Шатыр тікті сары алтын, Шартараптың бәрі алтын

Мақсаты

Балаларды күз мезгілінің ерекшеліктерімен таныстыру, күз туралы алған білімдерін бекіту, әдемілік пен әсемдікке тәрбиелеу, бүлдіршіндердің шығармашылық қабілетін дамыту.

Орта

Зал іші мерекеге сай безендірілген. Балалар музыка әуенімен залға кіреді.

Негізгі ой

Күз — береке мен молшылықтың, сұлулық пен мейірімнің мезгілі.

Кіріспе

Жүргізушінің өлеңі

Терістіктен желдетіп,

Жаңбырлатып, селдетіп,

Шаттандырып біздерді,

Шат-шадыман күз келді.

Шатыр тікті сары алтын,

Шартараптың бәрі алтын.

Алып келді мереке —

Астық, жеміс, береке.

Батырлыққа жараса,

Көбейді той тамаша.

Ән салды өзен, тал-құрақ,

Шашу болды жапырақ.

Қонақтарға үндеу

Құрметті ата-аналар мен қонақтар! Сіздерді «Балдырған» шағын орталығының «Күз — мереке» атты ертеңгілігін тамашалауға шақырамыз.

Ән: «Күз жомарт»

Сұрақ-жауап бөлімі

Жүргізушінің сұрақтары

  • Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
  • Күзде ағаш жапырақтары қалай өзгереді?
  • Күз туралы қандай тақпақтар білеміз?

Күз туралы тақпақтар

Назым

Берекесін сыйлауға, өлкемізге күз келді.

Дина

Жемістерін жинауға, шақырады біздерді.

Арғын

Күзім-ау, күзім-ау, мінезің бұзық-ау.

Тоғжан

Жаңбырың сіркіреп, келгенің қызық-ау.

Нұрділдә

Алтын, сары, қызыл, көк — алуан-алуан жапырақ.

Жұлдызай

Күзгі бақта күлімдеп, көз тартады атырап.

Аякөз

Ой, алақай, тамаша — шашу шашты жапырақ.

Әлішер

Сапырды дән алтын күз, сабан тойы — салтымыз.

Жансая

Күздің салқын самалы аймалайды маңдайдан,
Сарғайған жапырақты іліп алып қашады.

Алдияр

Алтын, алтын, сары алтын — алтын күзде нұр жатыр.

Айзада

Өрік, шие, балы бар,
Қауын-қарбыз көбейді.
Жегің келсе — бәрін ал!

Гүлім

Күз дос екен бізбенен —
Бәрін тауып беретін.
Жомарт екен күз деген!

Би нөмірі

Келесі кезекте «Қара жорға» биін тамашалаңыздар.

Күз сыйы: нан, жеміс, көкөніс

Жүргізуші

Күздің тағы қандай сыйы бар, балалар? Нан, жемістер, көкөністер. Ендеше күз сыйы туралы жаттаған тақпақтарымызды тарту етейік.

Егін мен астық туралы тақпақтар

Қарлыға

Көкөністі көп ектік, өссін, піссін деп ектік.

Ерген

Көктемде еккен көкөніс, күзде берді көп жеміс.

Алуа

Көктемде егін егетін,
Күзде жиып беретін.
Біздің дала — бай дала,
Алтын астық — айнала.

Іңкәр

Ел егінді жинайды,
Қырманға дән сыймайды.
Біздің дала — бай дала,
Алтын астық — айнала.

Асылай

Астық — дала сәулеті,
Астық — Отан дәулеті.
Біздің дала — бай дала,
Алтын астық — айнала.

Нұрзада

Астық, жеміс жиылды,
Қамбамызға құйылды.
Ардақты күз, мың алғыс —
Алдық өнім сыйыңды.

Мадина

Қамба толды астыққа,
Алғыс саған, алтын күз!
Бір уыс дән шаштық та,
Арба қауын алдық біз!

Жемістер сөйлейді

Жібек

Нан атасы — бидаймын, елге астық сыйлаймын.

Айым

Тіл үйірген шырыным —
Жемістердің бірімін.
Мен маржандай шиемін,
Ұнатамын күн нұрын.

Шырай

Мен алмамын, алмамын — таңдайда қалар бал дәмім.

Шынар

Мен өрікпін, өрікпін — айналаға көрікпін.

Ақнұр

Мен жүзіммін, жүзіммін — моншақ болып тізілдім.

Ерсұлтан

Жеміске толып иінім,
Жұмсақ жасыл түйінім.
Бірте-бірте қатайып,
Өзгерер сыртқы киімім.

Балнұр

Қара өрік деген атым бар,
Менен де дәм татыңдар.
Дәрі орнына жүруге,
Кейде менің хақым бар.

Ойын

«Жемістер мен көкөністер»

Ән мен би нөмірлері

  • Ән: «Апорт деген тәтті алма»
  • Би: «Ақ бидай»
  • Хор: «Бала, бала, балақан»
  • Би: «Табиғат»

Қорытынды

Жүргізуші

Осымен ертеңгілігіміз аяқталды. Көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп рахмет!