Мәншүк Мұратқызы құттықтау сөзі
Ұстаздарға мың алғыс!
Бұл мерекелік кештің өзегі — ұстаздың адам өміріндегі орнының айрықша екенін ұғындыру, мұғалімдерді құрметтеу, сыйлау және қадірлеу құндылықтарын оқушылардың бойына сіңіру. Сондай-ақ ұстаз мамандығының қыры мен сырын танытып, еңбекті әрдайым бағалай білуге тәрбиелеу.
Мақсаты
- Ұстаздың қоғамдағы және шәкірт өміріндегі рөлін терең сезіндіру.
- Құрмет, сыйластық, қадірлеу мәдениетін қалыптастыру.
- Ұстаз еңбегін бағалау мен ризашылық білдіруді үйрету.
Көрнекілігі
- Әртүрлі шарлар
- Гүлдер
- Интерактивті экран
Сахнадағы алғашқы сөз
Ұстаз деген — жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген — анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстаз сөзін айтып жүрем ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген — ұлылардың ұлысы,
Қасиеті бас иерлік мәңгілік!
Қош келдіңіздер!
Ажар: Армысыздар, құрметті де аяулы ұстаздар! «Ұстаздарға мың алғыс!» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Радмир: Шәкірт үшін барлық қиындыққа төзетін, жаны жайсаң, жүрегі алтын, алақаны аялы ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын!
Ажар: Денсаулықтарыңыз мықты болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын!
Бірге: Мерекелеріңіз құтты болсын!
Өнермен өрілген кеш
Би: Қазақ биі.
Радмир: Кеш шымылдығын республикалық байқаулардың жеңімпазы — «Өрнек» би ансамблі ашады. Жетекшісі — Умбетова Майра Хамитқызы.
Ажар: Барша ұстаздар қауымын құттықтау үшін ортаға мектеп директоры Қарлыға Айтмұханбетқызын зор қошеметпен шақырамыз!
Ұстаз болу — терең тағылым
Ажар: Сен қалай ойлайсың, Радмир? Меніңше, кез келген мұғалім бірден ұстаз бола бермейді. Өйткені ұстаздық — тағылымы терең өнер, ал өнерлі болу әркімге бірдей қона бермейді.
Радмир: Дұрыс айтасың. Ғафу Қайырбеков атамыз айтқандай, ұстаз болу үшін жүректің батырлығы, сезімнің ақындығы, күн шуағындай алтын мінез керек. Сол үшін біз ұстаздарымызды қадірлейміз.
«Ұстазыңды ұлықта!» акциясы
Ұстаздарға деген құрметімізді 26 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өткен «Ұстазыңды ұлықта!» акциясы барысында айқын көрсете алдық.
Ажар: Келесі құттықтау сөз мектеп кәсіподағының төрайымы Мәншүк Мұратқызына беріледі.
Театр көрінісі
Музыка ойнап, сахнаға театр үйірмесінің өнерпаздары шығып, қойылым ұсынады.
Радмир: Сіздердің алдарыңызда «Айналайын» театрының жас таланттары өнер көрсетті.
Ажар: Жетекшілері — Шотанова Гүлжайнар Ғабдулғалымқызы, Есжанова Замира Мерекеқызы, Тұрмантаева Жанар Беркінғалиқызы.
Марапаттау сәті: ұстаз еңбегіне құрмет
Ұстаз еңбегі — ұшан-теңіз. Шәкірт санасына білім нәрін сіңіріп, дүниенің жақсылығы мен қыр-сырын танытатын ерекше жанның еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Радмир: Құрметті ұстаздар, қадірменді қонақтар! Бүгінгі мерекеде оқушыларымыз сіздерді түрлі аталымдармен марапаттайды.
Ажар: Ортамызда өнегесі мол аға буын өкілдері — мектептің жүрегі, ардагер ұстаздарымыз отыр. Қошемет көрсетейік!
Номинация: «Ең мейірімді ұстаз»
Марапаттау үшін сахнаға 2015 жылғы Байғанин ауданының «Құрметті азаматы» атағының иегері, грек-рим күресінен халықаралық чемпионаттың жүлдегері, мектепішілік өзін-өзі басқару ұйымының президенті Есенғосұлы Мұхтарды шақырамыз.
Мұхтар: Құрметті ұстаздар! Біздің осындай дәрежеге жетуіміз — сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Айтар алғысым шексіз. Болашағымызға алаңдап, бізді мамандыққа баулып, оқытып келесіздер. Колледж студенттерінің атынан басымды иіп, ризашылығымды білдіремін. Мерекелеріңіз құтты болсын, шығармашылық табыс тілеймін!
Конверт ашылып, ішіндегі ұстаздың аты-жөні оқылады. Музыка ойнап, марапат белгісі табысталады.
Ән шашу
Радмир: Ұрпақпен өмір жолы жалғанады, көңілді күндер туса алдан әлі. Ән-шашу, әсем әуен, түрлі өнер — бүгінгі күн сіздерге арналады.
«Асыл ұстаздар» әні
Орындайтындар: Үсенбек Ажар, Халықов Бекжан, Мажитов Әділжан, Мажитов Еділжан.
Номинация: «Ең ақылды ұстаз»
Марапатты табыстау үшін сахнаға оқу озаты, республикалық «Жұлдызай» балалар шығармашылығы фестивалінің дипломанты, мектеп мақтанышы Қосқұлақов Нұрболатты шақырамыз.
Нұрболат: Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар! Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар. Жан біткен жанарына нұр сыйлаған, күндей боп күлімдеген жарықсыздар. Құрметті ұстаздар, мерекелеріңіз құтты болсын! Мерейлеріңіз арта берсін!
Конверт ашылып, ұстаздың аты-жөні оқылады. Музыка ойнап, марапат белгісі табысталады.
Ұстаз — екінші ана
Анамыздай тал бесікті тербеткен,
Болашаққа құлашымды серметкен.
Ұстаз — Ана! Есіміңді мәңгілік
Айтып жүрем мәңгі шексіз құрметпен!
Ажар: Анамыздай күлімдеп, жанымызды ұғатын асыл ұстаздарымыз — біздің екінші анамыз. Интернаттағы күндеріміз де тәрбиеші апайларымызбен бірге өтеді. Жақсы мен жаманды ажыратып, болашақ өмірге нық қадам басуға бағыт бергендеріңіз үшін барша ұстаздарға —
Екеуі бірге: Мың алғыс!
Қорытынды ән
Радмир: Ұстаз-аналарға деген ерекше сезімді Орынғалиев Данияр «Анаға сый» әнімен жеткізеді. Қошеметпен қарсы алайық!