Кімнің бөренесі әдемі

Білім беру саласы: Шығармашылық Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Мүсіндеу Тақырыбы: Үй салатын бөрене

Бұл ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті балаларға тұзды қамырмен жұмыс істеуді үйретіп, саусақ моторикасын дамытып, бірлескен ұқыпты еңбекке баулиды.

Мақсаттары

Білімділік

Тұзды қамырды есу тәсілі арқылы сопақша, ұзынша пішін жасауға үйрету. Саусақ қимылы мен қозғалыс ептілігін қалыптастыру.

Дамытушылық

Іс-әрекетке қызығушылықты арттыру, шығармашылық белсенділікті дамыту.

Тәрбиелік

Бір-біріне кедергі жасамай, бірлесе және ұқыпты жұмыс істеуге, еңбектің нәтижесіне жетуге ұмтылуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

  • Көрсету
  • Түсіндіру
  • Ойын
  • Қуыршақ театры

Көрнекі құралдар

  • Бөрененің дайын үлгісі
  • Тұзды қамыр
  • Төсеніш
  • Сүрткіш

Ұйымдастыру кезеңі

Балалар, бүгін бізде мүсіндеу сабағы болады. Сабақ ерекше өтеді: бізге қонақтар келіп отыр. Ендеше, шеңберге тұрып, амандасайық.

Шаттық шеңбері

Қане, қане тұрайық,

Үлкен шеңбер құрайық.

Тұрсақ енді шеңберге,

Алақанды ұрайық.

Оң жақтағы балаға,

Сол жақтағы балаға,

Шапалақта, шапалақ,

Шапалақта, шапалақ.

Тақырыпқа кіріспе

Бүгінгі сабақта тұзды қамырдан бөрене мүсіндейміз. Бөрене дегеніміз — ағаштан алынатын құрылыс материалы. Ағаш орманда өседі: артық бұтақтары кесіліп, өңделіп, үй салуға және отынға пайдаланылады. Сондай-ақ ағаштан қағаз жасалады.

Сұрақ-жауап

Орманда өсетін қандай ағаштарды білесіңдер?

  • Қарағай
  • Шырша
  • Аққайың
  • Емен

Емен — өте қатты ағаш. Көптеген жиһаздар мен тұрмыстық бұйымдар еменнен жасалады.

Мына бөренелерге назар аударайық: бұл — ағаш өңделіп, құрылысқа дайындалған бөрене. Енді соны тұзды қамырдан жасап көреміз.

Жұмыс барысы

  1. 1-қадам

    Тұзды қамырды оң қолымызбен алып, екі алақанға салып, есу тәсілімен ұзынша етіп домалатамыз.

  2. 2-қадам

    Оң қолымыздың сұқ саусағымен бөрененің екі ұшын тегістейміз.

Сергіту сәті

Ұзын құлақ сұр қоян,

Естіп қалып сыбдырды.

Ойлы-қырлы жерлермен,

Ытқып-ытқып секірді.

Қарап еді артына,

Қиығын сап көзінің.

Келе жатқан томпаңдап,

Көжегі екен өзінің.

Тосын сәт: орманнан сәлемдеме

Почташының келуі

(Есік қағылады. Почташы апай кіреді.)

— Сәлеметсіздер ме, балалар, қонақтар! Бұл қандай топ? Маған «Балапан» тобы керек еді. Сендерге орманнан сәлемдеме келді. Сау-саламат болыңдар!

Қораптың ішіндегі қоян

Тәрбиеші қорапты ашады. Ішінен сыңғырлаған әуен естіліп, қуыршақ театрының қояны көрінеді.

Қоян: — Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен үйсіз қоянмын, менің үйім жоқ. Үйім болмаған соң қораптардың ішінде тұрып жүрмін.

Тәрбиеші: — Уайымдама, қоян. Біз бүгін тұзды қамырдан бөрене мүсіндейміз. Сен орманға апарып, достарыңмен сол бөренелерден үй салып аласың. Балалар, қоянға көмектесеміз бе?

Қоянның бағалауы

Қоян: — Балалар бөренені өте жақсы мүсіндейді екен!

— Дамирдің бөренесінен үйімнің қабырғасын саламын.

— Нұрайдың бөренесі қандай әдемі! Одан үйімнің еденін саламын.

Тәрбиеші: — Қоян, міне, балалар көп бөрене мүсіндеді.

Қоян: — Алақай! Қандай тамаша!

Ойын

«Кімнің бөренесі әдемі?»

Кептіру

Тәрбиеші: — Енді бөренелерді кептіруіміз керек.

Қоян: — Жарайды, бөренелер кепкенше мен осы қорапта демалып тұрайын. Сау болыңдар!

Сабақты қорытындылау

Қайталау сұрақтары

  1. 1) Бүгін қандай сабақ болды?
  2. 2) Мүсіндеу сабағында біз нені мүсіндедік?
  3. 3) Бөренені қалай мүсіндедік?
  4. 4) Біз бөренелерді кімге береміз?
  5. 5) Қоян ол бөренелерді не істейді?

Қорытынды сөз

Жарайсыңдар, балалар! Бүгінгі сабақ аяқталды. Барлығың да белсенді қатысып, тапсырманы ұқыпты орындадыңдар.