Заттың меншікті жылусыйымдылығы
Сабақ туралы мәлімет
Орны
Қызылорда қаласы, Талдыарал елді мекені, №215 орта мектеп
Пән / Сынып
Физика, 8-сынып
Мұғалім
Бекетова Ғалия
Сабақ түрі / типі
Дәстүрден тыс; жаңа сабақты меңгерту
Сабақ тақырыбы
§10. Заттың меншікті жылу сыйымдылығы. Денені қыздыруға қажетті немесе ол суығанда бөлінетін жылу мөлшерін есептеу
Мақсаттары
Білімділік
- Меншікті жылу сыйымдылығы нені көрсететінін және оның бірлігін білу.
- Денені қыздыруға қажетті жылу мөлшерін есептеу формуласын және c, m, t таңбаларының мағынасын түсіну.
- Есеп шығаруда кестені және формулаларды дұрыс қолдану.
Дамытушылық
- Ойлау қабілетін және пәнге қызығушылықты арттыру.
- Өз бетінше еңбектену дағдысын қалыптастыру.
- Есте сақтау, белсенділік және практикалық іскерліктерді дамыту.
Тәрбиелік
- Алғырлыққа, тапқырлыққа баулу.
- Дәлдікке, ұқыптылыққа, нақтылыққа үйрету.
- Тазалық мәдениетін қалыптастыру.
Ұйымдастыру және әдістеме
Педагогикалық технология
Ақпараттық технология
Әдіс-тәсілдер
- Топтастыру
- Түсіндірмелі-иллюстративті (көрнекілік) әдіс
Құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер
Компьютер, интерактивті тақта, компьютерлік слайдтар, топтама қағаздар, электронды оқулық.
Пәнаралық байланыс
Жаратылыстану
Әдебиеттер
- 1) Б.М. Дүйсембаев, оқулық, «Мектеп», 2004/2008.
- 2) Б.М. Дүйсембаев, «Оқыту әдістемесі», «Мектеп», 2008.
- 3) «Математика және физика» журналы, №1 (2005), №2 (2011).
- 4) «Жаратылыстану» (7-сынып) оқулығы.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту
- Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарды дайындау, қатысымды түгендеу.
- Оқушылардан белсенді қатысуын, зейін қойып тыңдауын талап ету.
- Сыныпты I, II, III топқа бөліп отырғызу.
II. Мағынаны тану (өткенді қайталау)
I топ
Жылуөткізгіштік
Анықтама беріп, мысалдар келтіреді.
II топ
Конвекция
Анықтама беріп, мысалдар келтіреді.
III топ
Сәулелену
Анықтама беріп, мысалдар келтіреді.
§9 бойынша жедел сұрақ-жауап (слайд)
- 1) Жылу берілу кезінде ішкі энергия өзгерісінің өлшемі қалай аталады?
- Жылу мөлшері
- 2) Жылу мөлшерінің белгіленуі
- Q
- 3) 1 г суды 1°C-қа қыздыруға қажет жылу мөлшері
- Калория
- 4) 1 калория неше джоульге тең?
- 1 кал = 4,19 Дж
- 5) 25 кДж — бұл қанша Дж?
- 25 кДж = 25 000 Дж
- 6) «Калория» сөзінің мағынасы
- Латын тілінен: «жылу», «қызу»
III. Жаңа сабаққа кіріспе
Дене қызғанда берілетін (немесе суығанда бөлінетін) жылу мөлшері тек массасына және температураның өзгерісіне ғана емес, дене қандай заттан жасалғанына да тәуелді. Тәжірибе көрсеткендей, массалары бірдей су мен сүтті бірдей градусқа дейін қыздыру үшін суға көбірек, ал сүтке азырақ жылу қажет.
Есіңе сақта
Массасы 1 кг заттың температурасын 1°C-қа өзгерту үшін қажет жылу мөлшерін сипаттайтын физикалық шаманы заттың меншікті жылу сыйымдылығы деп атайды. Ол c әрпімен белгіленеді.
Назар аудар
- Меншікті жылу сыйымдылығы 1 кг затты 1°C-қа қыздырғанда немесе салқындатқанда ішкі энергиясының қандай шамаға өзгеретінін көрсетеді.
- Заттың агрегаттық күйіне (қатты, сұйық, газ) байланысты c мәні әртүрлі болуы мүмкін.
- Судың меншікті жылу сыйымдылығы көптеген заттарға қарағанда үлкен. Сондықтан тұрғын үйді жылыту жүйелерінде суды қолдану тиімді.
- Судың жылу сыйымдылығы жоғары болғандықтан теңіз, арал аймақтарының климаты құрлыққа қарағанда қоңыржайлау келеді.
Жылу мөлшерін есептеу формуласы
Денені қыздыру үшін берілген немесе салқындағанда одан бөлінетін жылу мөлшерін есептеу үшін меншікті жылу сыйымдылығын дененің массасына және соңғы және бастапқы температуралардың айырымына көбейтеміз:
Q = c·m·(t₂ − t₁)
- Q
- жылу мөлшері
- c
- заттың меншікті жылу сыйымдылығы
- m
- дененің массасы
- t₁, t₂
- бастапқы және соңғы температура
IV. Жаңа сабақты бекіту
Практикалық бөлім
- Тәжірибе жасау
- Электронды оқулықпен жұмыс
- Оқулықпен жұмыс
Есептер шығару (6-жаттығу)
I топ — №1 есеп (Су)
Берілгені
- c = 4200 Дж/(кг·°C)
- m = 250 г = 0,25 кг
- t₁ = 5°C
- Δt = 5°C
Шешуі
Q = c·m·Δt
Q = 4200·0,25·5 = 5250 Дж
II топ — №2 есеп (Жез)
Берілгені
- c = 400 Дж/(кг·°C)
- m = 0,2 кг
- t₁ = 15°C
- t₂ = 365°C
Шешуі
Q = c·m·(t₂ − t₁)
Q = 400·0,2·(365 − 15) = 28 000 Дж
III топ — №3 есеп (Су)
Берілгені
- Q = 84 кДж = 84 000 Дж
- c = 4200 Дж/(кг·°C)
- Δt = 10°C
Шешуі
m = Q / (c·Δt)
m = 84 000 / (4200·10) = 2 кг
V. Қорытындылау: физика және халық ауыз әдебиеті
Мәтін 1
Бір күні аты әлемге әйгілі Алдар көсе Шық бермес Шығайбайдың үйіне қонаққа келеді. Әңгіме айтып отырып, бай оны шайға шақырады. Шайға байдың қызы Бикеш темірден өріліп жасалған ыдысқа бауырсақты салып әкеліп: «Ыстық кезінде жеген дәмдірек, сондықтан бауырсақ тез суып қалмасын деп темір ыдысқа салдым», — дейді. Сонда Алдар көсе: «Темір ыдыста бауырсақ тез суиды. Тез суымасын десеңіз, ағаштан өрілген ыдысқа салған дұрыс», — деп жауап береді.
Сұрақ
Алдардың кеңесі дұрыс па? Неліктен?
Мәтін 2
«Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісінде: «Байқаса, екі ұртында кішірім бір көлдің суындай су қалған екен. Бүркіп-бүркіп жібергені сол еді, қызыл жалын демде басылып, темір үй лезде суына қалды», — деген үзінді бар.
Сұрақ
Осы үзіндіден нені байқауға болады? Судың меншікті жылу сыйымдылығын темірмен салыстырып түсіндіріңдер.
VI. Үй тапсырмасы және бағалау
Үй тапсырмасы
§10. Заттың меншікті жылу сыйымдылығы. Денені қыздыруға қажетті немесе ол суығанда бөлінетін жылу мөлшерін есептеу.
- I топ — 6-жаттығу, №4
- II топ — 6-жаттығу, №9
- III топ — 6-жаттығу, №10
Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі, топтық жұмыс нәтижелері, есеп шығару дәлдігі бойынша бағаланады.