Бір күні байға келіп
Сабақтың қысқаша сипаттамасы
Пән
Өзін-өзі тану
Тақырып
Мектеп — біздің ортақ үйіміз
Сынып
2-сынып
Құндылық
Дұрыс әрекет
Қасиеттер
Ұқыптылық, жауапкершілік, құрмет
Сабақ мақсаты
Оқушылардың мектепті ортақ үйі ретінде қабылдауын қалыптастыра отырып, «дұрыс әрекет» құндылығының мәнін ашу.
Міндеттері
-
Мектептегі мінез-құлық ережелерінің мәнін «дұрыс әрекет» құндылығымен байланыстыра отырып түсіндіру.
-
Ұқыптылық пен жауапкершілік қасиеттерін дамыту.
-
Ұқыптылыққа, жауапкершілікке және өзгені құрметтей білуге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті: баяу әуен қосылады.
«Нұрға бөлену»: қысқа тыныс алу және назарды жинақтау жаттығуы.
2) Үй тапсырмасын тексеру
Оқулық: 27-бет, «Менің мектебім» (Ж. Жайлаубекқызы).
Талқылауға арналған сұрақтар
- Атайдың өз мектебін мақтан тұтуының себебі неде?
- Атасы мектебінде кімді немесе нені асқақ, жарық, таза деп сипаттады? Неліктен?
- Сен өз мектебіңде кімді немесе нені ең асқақ, ең жарық, ең таза деп айтар едің? Неге?
3) Дәйексөз
«Мектеп — кеме, білім — теңіз, барар жерге тез жетеміз.»
Дәйексөзді хормен оқып, қайталап, дәптерге көшіріп жазу.
Дәйексөздің мағынасын бірлесіп талдау.
Сұрақтар
- Ұстаз қандай болу керек?
- «Ұстамы жақсы» дегенді қалай түсінесіңдер?
- «Шәкірт ұстазынан озады» дегенді қалай түсінесіңдер?
4) Әңгімелеу (сұхбат)
Мұғалім сыйы
«Табанды бала»
Ерте заманда Әлім есімді бала өмір сүріпті. Әкесі қайтыс болып, ол жалғыз анасымен қалады. Отбасы кедей болғандықтан, Әлімді мектепке апаруға мүмкіндік болмайды. Бірақ Әлім «мен міндетті түрде оқуым керек» деп, намыстанып, мақсатын берік қояды.
Көршілері өте бай адамдар еді. Әлім бай көршісіне келіп: «Сіз үйіңізге қызметші іздеп жүр екенсіз, мені алыңыз. Еңбегіме көп ақы сұрамаймын, тек анда-санда ұлдарыңыздың қалай оқып жатқанын көрсем жеткілікті», — дейді. Бай тегін жұмысшы тапқанына қуанып, келіседі.
Әлім таң атқаннан күн батқанға дейін тынымсыз жұмыс істейді. Бірақ ол мұғалімге көрінбей, айтылғандарды жасырынып тыңдап жүреді. Сөйтіп, оқу мен жазуды өз бетімен үйрене бастайды. Бір жылдан кейін сөздерді ажырата алатын деңгейге жетеді.
Енді оған жазатын құрал қажет болады. Әлім анасымен теңіз жағасындағы кішкентай үйде тұратын. Толқын құм бетін шайып, тегістеп кететіндіктен, ол қолына таяқ алып, құмға әріптер жазады. Толқын жазуды өшіріп кетсе де, Әлім ерінбей қайтадан жазуын жалғастыра береді.
Кейін оған оқитын кітап керек болады. Бір күні ол байға: «Егер маған кітаптарыңызды оқуға рұқсат етсеңіз, тағы бір жыл ақысыз жұмыс істеуге келісемін», — дейді. Бай мұндай мүмкіндікті жібергісі келмей, келіседі.
Әлім күндіз жұмыс істеп, түнде оқиды. Жылдар өте келе ол мақсатына жетіп, үлкен ғалым атанады. Адамдар кішкентай Әлімнің табандылығын әлі күнге дейін үлгі етіп еске алады екен.
Сұрақтар
- Әлім өз мақсатына қалай жетті?
- Оның ғалым болуына қандай қасиеттер көмектесті?
- Қазақ халқының қандай ғұлама ғалымдарын білесіңдер?