Мұқағали Мақатаевтың өмірбаянымен өмір жолымен таныстыру

3–4-сынып оқушыларына арналған әдеби-сазды кеш сценарийі

Мұқағали Мақатаевқа арналған «Аққулар ұйықтағанда» әдеби-сазды кеші

Мақсаты

  • Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны мен өмір жолымен таныстыру.
  • Ақындық талантын оқушыларға насихаттау.
  • Поэзия әлеміне, сөз өнеріне сүйіспеншілікті арттыру.

Көрнекіліктер

Кеш тақырыбы Ақын портреті Буклет Альбом Кітаптар Журналдар Көрме Тақырыптық слайд

Кіріспе сөз

1-жүргізуші

Қайырлы күн! Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абаймен үндес Мұқағалидай перзенті бар халық — шынымен бақытты халық.

2-жүргізуші

Бүгінгі «Аққулар ұйықтағанда» атты әдеби-сазды кешіміз қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жарқырап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналады. Мұқағали Мақатаев (1931—1976) Алматы облысының ұлы Хан-Тәңірі тауының етегіндегі Қарасаз ауылында дүниеге келген. Горький атындағы Ленинград (Санкт-Петербург) университетін бітірген. Егер көзі тірі болса, 9 ақпанда 83 жасқа толар еді.

Өлеңнен үзінді: туған күн туралы

1-жүргізуші

Бүгін менің туған күнім, ой, пәле-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.

2-жүргізуші

Мына дүние неге жатыр үндемей?!

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,

«Мынау — шапан, мынау — атың, мін!» демей.

1-жүргізуші

Тойланбаса, тойланбасын, не етейік.

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін...

2-жүргізуші

Жазылар естеліктер мен туралы:

Біреулер «жан еді» дер өр тұлғалы.

Біреулер «тұлпар еді» дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Бұл жолдар — ақынның айтқанын кездейсоқ емес, өз тағдырының салмағын сезінген ойдың түйіні.

Өмір жолына қысқаша шолу

Аламан бәйгеде оза шауып, өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік талант — Мұқағали ақынның өмір жолы сан қырлы. Біріміз білсек те, біріміз біле бермейміз. Ендеше, ақын өмірінен қысқаша деректерге назар аударайық.

«Менің анкетам» өлеңі (жүргізушілер кезектесіп оқиды)

Сұрақ-жауап

Туған жерің?
Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
Туған жылың?
1931. Құрдасымын Шәмілдің.
Жынысың кім?
Еркекпін ғой, еркекпін! Және-дағы тәуірмін...
Партияда барсың ба?
Жоқпын. Бірақ коммунистік көзқараспен қараймын.

Сұрақ-жауап

Шыққан тегің?
Шаруамын. Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
Білімің ше?
Орташа ғой. Алайда оны жоғарыға балаймын.
Ана тілің?
Қазақша. Қысылғанда орысша да, немісше де… тағы бар.
Қайда істедің?
Мынау еңбек кітапшамнан танып ал. Оқымаған, дипломсыз демесең, бір басымнан бар мамандық табылар.

Тағы бірнеше жол

Міндеттісің бе әскерге?
Міндеттімін. Бірақ әлі жас кеуде. Жауынгердің ұлымын ғой, жанын қиған Мәскеуге.
Сөгіс алып көрдің бе?
Ол жағынан періште едім дей алмаймын мен мүлде. Ойлы-қырлы бұл өмірде болады ғой мүлт кету — ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...
Шетелдерде болдың ба?
Болғамын жоқ.