Өлеңнен теңеу сөздерді тауып, дәптерге жазу

6-сынып Қазақ әдебиеті Жаңа сабақ

Сабақтың тақырыбы: Сүйінбай Аронұлы — жақсы мен жаман адамның қасиеттері

Білімділік

Жетісу ақындарының алтын діңгегі Сүйінбай Аронұлының өміршең өнері туралы әңгімелеу, өлеңнің мағынасын ашып түсіндіру.

Дамытушылық

Өлеңді мәнерлеп оқуға дағдыландыру, оқушының сөйлеу тілін дамыту, өзіндік пікір білдіріп, ой қорытындылай білуге жетелеу.

Тәрбиелік

Жаман қасиеттерден бойды аулақ ұстап, жақсы қасиеттерді бойға сіңіруге тәрбиелеу; адамгершілік құндылықтарды бағалауға баулу.

Әдіс-тәсілдер

  • Өлең құрылысына талдау
  • Шығармашылық жұмыс
  • Топтастыру стратегиясы

Көрнекілік және байланыс

  • Сүйінбай Аронұлының портреті
  • Интерактивті тақта, тақырыптық слайдтар
  • Пәнаралық байланыс: саз өнері, қазақ тілі

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру және кіріспе

«Жылы лебіз» стратегиясы: оқушылар бір-біріне жақсы қасиеттерін айтып, гүл сыйлайды. Мысалы: мейірімді Гүлімге, аңқылдақ Шапағатқа, елгезек Нұртілекке т.б.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Дулат Бабатайұлының «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңі бойынша «Ақтанның болашағы» тақырыбында ойтолғау жазу.

III–IV. Жаңа сабақты түсіндіру және мағынаны тану

Ақын бейнесін айқындайтын тіркестер

  • Айтыс өнерінің майталман жүйрігі
  • Есіп тұрған қызыл жел
  • Қазақтың әйгілі ақыны
  • Қынаптағы қылыш
  • Аспаннан түскен жасын
  • Жырдың қияқты сұңқары

Мұғалімнің кіріспе сөзі

«Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде
Бөлініп қалған жан емен…»

Осы жыр жолдарындай, айтыс өнерінің асқан шебері, ешкімге жүлде бермеген ерен ақын Сүйінбай Аронұлының «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» өлеңін бүгінгі сабақта талдаймыз.

Ақын бұл өлеңінде өмірдегі асыл мен жасықты, ер мен езді, жақсы мен жаманды, ізгі мен зұлымды салыстырып, этикалық тұрғыдан пайымдайды. Тақырыптың өзінен-ақ көрінгендей, жақсы және жаман адамға тән қасиеттер бір-біріне қарама-қарсы қойылып сипатталады.

Сүйінбай Аронұлы: өмір деректері (хронологиялық кесте)

Жыл Оқиға
1815 Алатау бөктерінде, Алматыға жақын Қарақыстақ ауылындағы Бұлақ деген жерде дүниеге келді.
13–14 жас «Түс» атты алғашқы өлеңін жазды.
1852 (маусым) Қырғыз ханы Орманның асына келгенде Сүйінбай мен Қатаған айтысып, Сүйінбай айқын басымдықпен жеңіске жетті.
1898 83 жасында дүниеден өтті.

Мұғалім өлеңді домбыраның сүйемелдеуімен әндетіп орындап береді.

V. Топтастыру стратегиясы

Оқушылар жақсы мен жаман адамның қасиеттерін анықтап, екі бағанға топтастырады; дәлел ретінде өлеңнен жолдар келтіреді.

VI. Өлеңнен теңеулерді табу

Төмендегі теңеулерді өлеңнен тауып, дәптерге жазу:

анасындай баласындай ағасындай ағашындай шаласындай танасындай аласындай серкесіндей еркесіндей көрпесіндей бөлкесіндей жыл құсындай үңгүсіндей тұрғысындай жындысындай

VII. Сөздікпен жұмыс

Парқы — бағасы, қадірі.

Миуалы — жемісті.

Көр көкірек — еш нәрсеге түсінбейтін, бос кеуде.

Көзі соқыр — түк білмейтін надан.

Шала — отта толық жанып бітпеген ағаш.

Тана — 1–2 жас аралығындағы ірі қара.

Сөзі майда — сыпайы, әдепті сөйлейді.

VIII. Бекіту және қорытындылау

Халық мақал-мәтелдерінің екінші сыңарын еске түсіру:

  1. 1. Жақсы көргенін мақтап жүрер, жаман көргенін даттап жүрер.
  2. 2. Жақсыға қылған жақсылық өмірінше тозбайды, (жаманға қылған жақсылық бір күнгідей болмайды).
  3. 3. Жақсы кісінің ашуы — шай орамал кепкенше. (Жаман адамның ашуы — басы жерге тигенше.)
  4. 4. Жақсыны сыйласаң есінен кетпейді, жаманды сыйласаң есігіңнен кетпейді.
  5. 5. Жақсыға берсең асыңды, жақсы сыйлар басыңды; жаманға берсең асыңды, итке тастар басыңды.
  6. 6. Жақсы көрісіп келіседі, жаман келісіп керіседі.
  7. 7. Жақсыға ерсең — жетерсің мұратқа, жаманға ерсең — қаларсың ұятқа.
  8. 8. Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ; шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ.
  9. 9. Ай — ортақ, күн — ортақ, жақсы — ортақ.
  10. 10. Екі жақсы қосылса — айрылысуға қиыспайды; екі жаман қосылса — кең дүниеге сиыспайды.
  11. 11. Атасы жақсы — көргенін айтады; атасы жаман — бергенін айтады.
  12. 12. Биікке шықсаң көзің ашылады; жақсымен сөйлессең көңілің ашылады.
  13. 13. Жақсы болсаң — жаның көп.
  14. 14. Жақсы адам — елдің ырысы, жақсы сөз — жанның тынысы.
  15. 15. Жақсыда жаттық жоқ, жаманда жақындық жоқ.

IX. Білімді бағалау

Оқушылардың белсенділігі, мәтінмен жұмысы, дәлелі мен сөйлеу мәдениетіне қарай бағалау.

X. Үй тапсырмасы

  • Өзіңе ұнаған шумақты жаттау.
  • «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбында ойтолғау жазу.

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Жақсы деген кісінің
Алды-арты бірдей жарық болар.
Жақсы деген ісіңнің
Бас-аяғы бірдей анық болар.
Жаман деген кісінің
Алды-арты бірдей жау болар.
Жаман деген ісіңнің
Бас-аяғы бірдей дау болар.

Сабақтың түйіні: өмірде жақсы мен жаманды айыра біліп, тек жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірейік, әдепті болайық.