Жаңалықтар бағдарламасының дыбысы
Сабақтың мәліметтері
Сынып
4-сынып
Тақырып
Музыкалық дыбыстар
Сабақ форматы
Жаңа сабақ (дәстүрлі емес)
Сабақтың мақсаты
- Дыбыстың шулы және музыкалық болып бөлінуін түсіндіру.
- Музыкалық дыбысты орындауға үйрету.
- Ән айту ережелерін сақтай отырып, хормен ән айту ерекшеліктерін түсіндіріп, дағды қалыптастыру.
Әдіс-тәсілдер
Вокалдық жаттығулар, тыңдалым, талдау, топтық орындау.
Көрнекілік
Аспап, үнтаспа/аудиожазба, нота белгілері, тақта.
Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу (аспаппен)
Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Оқушылар: Сәлеметсіз бе!
Үй тапсырмасын тексеру (қайталау сұрақтары)
-
Қазақ тілінде әріптер, математикада сандар бар. Ал музыка тілінде не бар?
Жауап: Ноталар.
-
Музыка әлемінде қандай ноталар бар?
Жауап: До – ре – ми – фа – соль – ля – си – до.
-
Жеті нотаны қол қимылы арқылы барлығымыз бірге көрсетейік.
-
Дыбыстар қандай түрлерге бөлінеді?
Жауап: Шулы және музыкалық.
Жаңа сабақ: музыкалық және шулы дыбыс
Музыкалық дыбыс деген не?
Музыкалық дыбыс — музыкалық жүйеде нақты орны бар, биіктігі тұрақты дыбыс. Ол музыка мәдениетінің көпғасырлық даму барысында қалыптасып, музыкалық ой мен образды бейнелеуге қызмет ететін көркемдік құбылыс.
Музыкалық дыбыстың негізгі қасиеттері
- Дыбыс биіктігі
- Естілу күші
- Тембр
- Ұзақтығы
Музыкалық дыбыстың негізгі тонының диапазоны субконтроктавадағы до-дан бастап 5-октавадағы до–ре-ге дейін созылады. Бір октавада бір-бірінен жарты тонға айырмашылығы бар 12 дыбыс қолданылады.
Мысал
Күй, әуен.
Сыныпқа сұрақ
Мектебімізде музыкалық дыбыс шығаратын құрылғылар қандай?
Мүмкін жауаптар: Yamaha аспабы, колонка, компьютер.
Шулы дыбыс деген не?
Шулы дыбыстар көбінесе табиғатта және күнделікті ортада кездеседі. Олар әдетте тұрақты биіктікке бағынбайды және әртүрлі дыбыс араласуынан тұрады.
Мысалдар
- Жел
- Найзағай
- Боран
- Жауын
- Ұшақтың ұшуы
- Көлік сигналы
Қысқа тәжірибе
Шулы дыбысты өзіміз де жасай аламыз:
- Орнымыздан тұрамыз.
- 4 рет аяғымызды еденге соғамыз.
- 4 рет алақанымызды шапалақтаймыз.
Сыныпқа сұрақ
Мектебімізде шулы дыбыс шығаратын қандай құрал бар?
Жауап: Қоңырау.
Ойын: «Дыбыстарды ажырат»
Үнтаспаға мұқият назар аударайық. Тыңдап отырып, қай дыбыс шулы, қай дыбыс музыкалық екенін анықтаймыз.
Дұрыс жауаптарды белгілеу үшін оқушыларға нота белгілері беріледі, әр жауап тақтаға ілінеді.
Тыңдалатын дыбыстар
Жел, найзағай, боран, жауын, ұшақтың ұшуы, көлік сигналы, күй, әуен.
Нота сауаттылығы
Скрипка кілті (соль кілті)
Ноталарды дұрыс оқу үшін нота жақтауын және скрипка (соль) кілтін еске түсіреміз.
Нота жақтауы: до – ре – ми
Бүгін нота жақтауына үш нотаның орналасуын үйренеміз: до, ре, ми.
Шығармашылық тапсырма
Күйді тыңдап, әсерді суретке түсіру
Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін орындап беремін. Күйді тыңдаған кезде көз алдарыңа не елестесе, соны қағазға сурет ретінде бейнелейсіңдер.
Соңында әр оқушы өз жұмысын қорғайды (қысқаша таныстырады).
Дауыс қыздыру және ән үйрену
Дауыс қыздыру жаттығулары
- «А-а-а» дыбысын созып айту.
- «Ң-ң-ң» дыбысын анық айту.
- Қажетіне қарай қосымша артикуляциялық жаттығулар.
Саз сауаты: «Ақ мамам» әні
Әнді тыңдаймыз, мәтінін талдаймыз, кейін хормен жаттаймыз.
Ән мәтіні
Бізді өсіріп баптаған,
Жақсы болсақ шаттанған,
«Алтыным» деп мақтаған —
Айналайын ақ мамам.
Түнде сергіп жатпаған,
Күндіз тыным таппаған,
Бізсіз тамақ татпаған —
Айналайын ақ мамам.
Әр сөзіңді жаттағам,
Жүрегімді сақтаған,
«Анашым» деп мақтанам —
Айналайын ақ мамам.
Қорытындылау
Музыкалық дыбысты қабылдау дағдыларын тексеру
Төмендегі мысалдардан дыбыстың сипатын анықтаймыз: шулы ма, әлде музыкалық па?
- Ауа райы бағдарламасының дыбысы
- Жаңалықтар бағдарламасының дыбысы
- Жарнаманың дауысы
Үй тапсырмасы және бағалау
Үй тапсырмасы
«Ақ мамам» әнін жаттау (мәтінін жатқа айту және әуенін дұрыс орындауға дайындалу).
Бағалау
Белсенділігі, тыңдалымдағы дәлдігі, ноталарды ажыратуы, хормен орындаудағы тәртібі мен дыбысты дұрыс қоюы ескеріледі.