Табиғат аясында құстардың, жануарлардың даусын тыңдап оларды ажырата білген дұрыс

Жаратылыстану 5-сынып Аралас сабақ

Айналамыздағы дыбыстық құбылыстар

Дыбыс — қоршаған ортаны танудағы маңызды «хабаршы». Біз дыбыстар арқылы табиғат пен адамдар әрекетін байқап, айналамызда не болып жатқанын ажырата аламыз: құстардың сайрауы, желдің гуілі, сағат тықылы, көлік дыбысы және тағы басқа көптеген құбылыстар осыған дәлел.

Сабақтың мақсаты

  • Айналамыздағы дыбыстық құбылыстарды ажырату.
  • Дыбыстың дененің тербелуі, үйкелуі, сығылуы сияқты жағдайлар арқылы пайда болатынын түсіндіру.

Дамытушылық бағыт

Оқушылардың ойлауын жан-жақты дамыту, мысалдар арқылы қорытынды жасауға үйрету.

Тәрбиелік бағыт

Ұқыптылыққа, әдептілікке тәрбиелеу; мектепте жай сөйлеуге, орынсыз айқай-шудан сақтануға дағдыландыру.

Сабақтың әдіс-тәсілдері және көрнекілігі

Әдіс-тәсілдері

  • Түсіндіру
  • Мысалдар келтіру

Көрнекілігі

  • Домбыра
  • Шар
  • Музыка
  • Басқа құралдар

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу
  • Оқушылардың назарын сабаққа аудару
  • Оқушыларды түгендеу

Үй тапсырмасын тексеру (жылу тақырыбы)

  1. 1 Жылу дегеніміз не?
  2. 2 Жылудың қандай түрлері бар?
  3. 3 Жылуды немен өлшейміз?
  4. 4 Ауаны қыздырғанда көлемі қалай өзгереді?
  5. 5 Жылуды не жақсы өткізеді?
  6. 6 Аэрозольді неге жылы жерде сақтауға болмайды?

Жаңа сабақ: дыбыс қалай пайда болады?

Халқымызда: «Жүз рет естігенше, бір рет көргенің артық» деген нақыл сөз бар. Дегенмен дыбыстың алуан түрін есту арқылы біз қоршаған ортаның ерекшелігін танимыз.

Дыбыс дегеніміз не?

Дыбыс — денелердің немесе олардың бөліктерінің қозғалысы нәтижесінде пайда болатын құбылыс. Дыбыстың «көзі» көбіне: тербелу, үйкелу, сығылу сияқты әрекеттермен байланысты.

Неге біз дыбысты естиміз?

Дыбыс сыртқы ортада таралып, құлаққа жетеді. Сол кезде біз дыбысты қабылдаймыз. Сондықтан кез келген денені қозғалысқа келтірсең, оның дыбысын естуге болады.

Өмірден мысалдар

Тербелу

Қоңырау тербелу арқылы дыбыс шығарады.

Үйкеліс

Үйкеліс әсерінен дыбыс пайда болады: мысалы, адамның жүргенін дыбыстан аңғаруға болады.

Музыкалық аспап

Домбыра үні ішектерді қағып, пернелерді басу нәтижесінде шығады.

Қауіпсіздік және денсаулық

  • Құлақты сіріңкемен немесе басқа үшкір заттармен тазалауға болмайды.
  • Дүкендегі мақталы пластик таяқшаларды қолдану керек немесе сіріңкеге мақта орап, өте абайлап тазалаған дұрыс.
  • Қатты айқай-шудан сақтану қажет (музыканы тым қатты қою, қала, зауыт-фабрика шуылы және т.б.).

Жаңғырық (эхо): дыбыстың шағылуы

Тауда естілетін жаңғырық — дыбыстың кедергіден шағылуының нәтижесі. Жаңғырық — қандай да бір бөгеттен шағылып, бастапқы таралған орнына қайта оралған дыбыс толқындары.

Неге жаңғырық кешігіп естіледі?

Дыбыс кедергіге барып, қайта оралады. Яғни дыбыс толқындары екі рет жол жүреді: дыбыс көзінен кедергіге дейін және кері қайтады. Сондықтан бақылаушыға дыбыс сәл кідіріп жетеді.

Қашан жаңғырық анық сезіледі?

Адам құлағы бастапқы дыбыс пен шағылған дыбысты жеке-жеке қабылдағанда ғана жаңғырық пайда болады. Екі дыбыстың арасы 0,1 секундтан кем болмаса, олар бөлек естіледі. Демек жаңғырық көбіне дыбыс көзі мен бөгет арақашықтығы едәуір алыс болғанда байқалады.

Сабақты бекіту сұрақтары

  1. 1 Дыбыс дегеніміз не?
  2. 2 Дыбыс қайдан шығады?
  3. 3 Қатты шу адам ағзасына қалай әсер етеді?
  4. 4 Неге біз дыбысты естиміз және ол қалай пайда болады?

Қорытынды

Есту қабілетін сақтау үшін дыбысты шамадан тыс қатайтпай, жай әуен тыңдаған дұрыс. Музыкалық аспаптарда ойнау пайдалы. Табиғат аясында құстар мен жануарлардың үнін тыңдап, оларды ажырата білу — қоршаған ортаны танудың бір жолы.

Үй тапсырмасы

Кітапта көрсетілген тәжірибелерді орындау.

Алматы қаласы, Алмалы ауданы, №147 гимназиясының география пәні мұғалімі — Керимшеева Береке Рысказиевна