Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек

Сабақ туралы жалпы мәлімет

Тақырыбы

Жалаң және жайылма сөйлем.

Сабақтың типі

Жаңа сабақты меңгерту.

Сабақтың түрі

Дамыта оқыту (сайыс сабақ).

Сабақтың әдістері

  • Түсіндірмелі-көрнекілік әдіс
  • Ішінара іздендіру
  • Сұрақ–жауап, баяндау
  • Репродуктивтік және практикалық жұмыс
  • Эссе, «Бес жолды өлең», деңгейлік тапсырмалар

Техникалық құрал

Кадоскоп.

Пәнаралық байланыс

Әдебиет, орыс тілі, ағылшын тілі.

Көрнекіліктер

«Болашақтың қаласы» бейнеленген плакат

Үлестірмелі парақтар, тірек-сызбалар

Деңгейлік тапсырмалар, 8-сыныпқа арналған дидактикалық материалдар

Абай өлеңі жазылған плакат, мәтін қиықтары

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушылардың сөйлем, сөйлем мүшелері және жай сөйлем туралы білімдерін кеңейту. Өтілген жақты және жақсыз сөйлемдерді пысықтай отырып, жалаң және жайылма сөйлемнің жасалу ерекшеліктерін меңгерту. Синтаксистік талдау дағдыларын жетілдіру.

Тәрбиелік

Оқуға саналы көзқарас қалыптастыру, ұжымдық жұмыс іскерлігін шыңдау. Деңгейлеп-саралап оқыту арқылы оқушы бойындағы адамгершілік құндылықтарды дамыту және қоғамдық ортаға бейім, икемді тұлға қалыптастыру.

Дамытушылық

Түрлендірілген жұмыс түрлері мен деңгейлік тапсырмалар арқылы оқушылардың белсенділігін арттыру, шығармашылыққа баулу және сөздік қорын байыту.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу
  • Оқушыларды түгендеу
  • Зейінді сабаққа шоғырландыру, топқа бөлу

II. Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: жақсыз сөйлем.

Жазба жұмыс: «Кім болам?» тақырыбында эссе.

III. Жаңа сабаққа кіріспе

Мұғалімнің кіріспе сөзі: болашақ бүгіннен басталады. Біз ертеңгі өмірдің тұтқасын ұстайтын азаматтарды тәрбиелейміз. Жаңа ғасырдың азаматы рухы биік, саналы, тәртіпті, жауапкершілігі мықты, ақылды, білімді, талапшыл болуы керек.

Абай өлеңінен үзінді:

Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.

Мұғалім сұрағы: осы өлеңмен үндесетін Абайдың қай қара сөзі?

Оқушы жауабы: он жетінші қара сөз.

Сайыс сабағының құрылымы

Мұғалім: «Болашақтың қаласына» жету үшін оқушылар ақыл сынына түседі. Сабақ әрі қарай ақылдың қырлары бойынша жалғасады. Сынып екі топқа бөлініп, сайысқа түседі. Сайыс 5 кезеңнен тұрады.

1-кезең. Ақылдың өзбеттілігін сынау

Тапсырма: сөйлемге сатылай кешенді талдау жасау. Екі топтан екі оқушы тақтада жұмыс істейді.

1) «Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ»

Сөйлем түрі: хабарлы, жай, жақты сөйлем.

  • Тірегі – ұрпақ: есімді тіркес, интонация арқылы, қиысу.
  • Білімді ұрпақ: есімді тіркес, орын тәртібі арқылы, қабысу (анықтауыштық қатынас).
  • Тәуелсіздік тірегі: есімді тіркес, жалғау арқылы, матасу (анықтауыштық қатынас).

2) «Бұл өмірден жылап кеткім келмейді!»

Сөйлем түрі: лепті, жай, жақсыз сөйлем.

Бұл кезеңнің мақсаты — сөйлем түрлерін ажырату, сөз тіркестерінің байланысу тәсілдерін көрсету және синтаксистік талдауды жүйелі орындау.