Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша
8-сыныпқа арналған қазақ тілі пәні бойынша күнделікті сабақ жоспары
Бұл материал 8-сыныпқа арналған қазақ тілі сабағының жоспар үлгісі ретінде ұсынылады. Негізгі назар — бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша тақырыбына аударылады.
Тақырыптар тізімі
- 11.Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша
- 12.Толықтауыш
- 13.Анықтауыш
- 14.Пысықтауыш
- 15.Сөйлемнің айқындауыш мүшелері
Сабақ туралы
- Сабақтың тақырыбы
- Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша
- Сабақтың түрі
- Дәстүрлі сабақ
- Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап, тіл дамыту, түсіндіру
Қамтамасыз ету
- Көрнекілігі
- Плакат, кеспе қағаздар, қосымша материалдар
- Пәнаралық байланыс
- Әдебиет, орыс тілі
Сабақтың мақсаты
Білімдік
Бастауыш пен баяндауыштың арасына сызықша қойылатын жағдайларды және оның жасалу жолдарын түсіндіру.
Дамытушылық
Әртүрлі әдістер арқылы тапқырлықты, жылдамдықты, есте сақтау қабілетін дамыту; сөйлеу мәдениетін жетілдіріп, шешендікке баулу.
Тәрбиелік
Сабақ барысында сауаттылыққа, тілдік норманы сақтауға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
- Оқу құралдарын тексеру.
- Сынып тазалығына назар аудару.
- Оқушылардың зейінін сабаққа бағыттау.
2) Үй тапсырмасын пысықтау
- Үйге берілген тапсырманы сұрау.
- Өткен тақырыпты қаншалықты меңгергенін анықтау үшін сұрақтар қою.
3) Жаңа сабақты түсіндіру
Бастауыш пен баяндауыштың қай сөз табынан болғанына және интонация арқылы байланысуына қарай, төмендегі жағдайларда бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Сызықша қойылатын негізгі жағдайлар
-
1) Бастауыш та, баяндауыш та атау тұлғалы зат есім болғанда
Араларына сызықша қойылады.
Астық — біздің байлығымыз.
Күдіренов Айтым — аға шопан.
Ерлік — бүгінгі өмір талабы.
-
2) Бастауыш сілтеу есімдігінен немесе жіктеу есімдігінің III жағынан болып, баяндауыш зат есім болғанда
Бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Бұл — үлкен қуаныш.
Ол — қазір звено бастығы.
-
3) Бастауыш заттанған сын есімнен, сан есімнен немесе есімшеден болып, баяндауыш зат есім болғанда
Бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Қыздардың үлкені — Майра, кішісі — Сайра.
Үш — тақ сан.
Ұзын белдің бойында биік таудай мұнартқан — Қарағанды.
-
4) Бастауыш тұйық етістіктен, баяндауыш зат есімнен (немесе керісінше) болғанда
Олардың арасына сызықша қойылады.
Менің ұмтылған тілегім — қалайда пайдалы адам болып шығу.
Қой бағу — қиын кәсіп.
-
5) Бастауыш та, баяндауыш та сан есім болғанда
Араларына сызықша қойылады.
Бес жерде бес — жиырма бес.
-
6) Бастауышты анықтауышпен шатастырмау үшін
Сілтеу есімдігі мен жіктеу есімдігінің III жағынан болған бастауышты, сондай-ақ зат есім, сын есім, есімшеден болған бастауыштарды көршілес тұрған зат есімнің анықтауышы деп шатастырмау үшін, бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Бұл — жазушының байқағыштығын көрсетеді.
Жақсы — ісімен жақсы.
Көрмес — түйені де көрмес.
-
7) Сан есімнен болған бастауышты күрделі сан есімнен ажырату үшін
Сан есімнен болған бастауыштан кейін сызықша қойылады.
Жүз — жиырма беске бөлінеді.
Жүз жиырма — беске бөлінеді.
Жаттығумен жұмыс
41-жаттығу: көшіріп жазыңдар да, бастауыштан кейін тиісті жеріне сызықша қойыңдар.
Тақтамен жұмыс
Тақтаға берілген бірнеше сөйлемге синтаксистік және морфологиялық талдау жасалады.
Білімді бекіту
Өтілген тақырып бойынша сұрақтар қойылады. Түсінбеген тұстарға қосымша түсіндіру беріледі.
Қорытынды бөлім
Бағалау
Үй тапсырмасын орындауы және жаңа сабаққа белсенді қатысуы бойынша оқушылардың жұмысы бағаланады.
Үй тапсырмасы
42-жаттығу. Толық нұсқасын орындау.