Алтынсариннің Өзен өлеңі
Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нілді ауылы
Сәкен жалпы орта білім беру мектебі • Бастауыш сынып мұғалімі: Тоимбек Фарида Жанболатқызы
Сынып
3-сынып
Тақырып
Ыбырай Алтынсарин — «Өзен»
Сабақтың мақсаты
- Ы. Алтынсарин шығармаларын еске түсіру, «Өзен» өлеңімен таныстыру, білімді бекіту.
- Өлеңді мәнерлеп оқу, мазмұнын түсіну, талдау, суреттеу және өз ойын айту дағдыларын дамыту.
- Табиғатты сүюге, қорғауға және оның адам өміріндегі маңызын түсінуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылар сүйікті түстері арқылы топқа бөлінеді.
Сабақтың бастауы
Сабақ Ы. Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңімен басталады. Оқушылар өлеңнің негізгі ойын атайды: оқу мен білімнің еңбек арқылы келетінін.
Осы ой сабақтың ұстанымына айналады: бүгінгі жұмыста тиянақтылық танытып, нәтижеге еңбектің күшімен жету.
II. Жаңа тақырыпқа кіріспе
Слайд тақырыбы
«Табиғат — менің өз үйім»
Талқылау сұрақтары
- Неліктен табиғатты «өз үйіміз» деп атаймыз?
- Табиғаттан адам не алады?
Топтық жұмыс
Әр топ өз ойларын постерге түсіріп, қорғайды. Талқылау табиғаттың маңызды бөлігі — су тақырыбына ұласады.
«Су табиғатта қалай таралады?»
Оқушылар судың табиғаттағы түрлерін атайды және кесте арқылы тексереді: өзен, көл, бұлақ, теңіз, мұхит, жер асты сулары.
Энциклопедиямен жұмыс
Тақырып: Жер бетіндегі судың таралуы. Оқушылар үлестірме парақтарға ізденіп, жауаптарын жазады.
III. Жаңа тақырып: Ы. Алтынсариннің «Өзен» өлеңі
Алдын ала еске түсіру
Өлеңді оқымас бұрын оқушылар «Ыбырай Алтынсарин кім?» сұрағына жауап береді және ойларын постерге түсіреді.
Шығармаларды тану тапсырмасы
Интербелсенді тақтадағы үзінділер бойынша оқушылар қай шығармадан алынғанын анықтайды:
- «Баланың айласы» — жақсылыққа жақсылық бар екенін дәлелдеу.
- «Әке мен бала» — «Аз істен қашсаң, көп іске тап боларсың».
- «Таза бұлақ» — «Ей, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол!»
- «Асан мен Үсен» — «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер».
- «Бір уыс мақта» — жер бетіндегі жанды-жансыздың бәрі іске асатыны.
- «Алтын шеттеуік» — сыртқы әдемілік емес, ішкі әдемілік құнды.
- «Өнер, білім бар жұрттар» — «Айшылық алыс жерлерден… жылдам хабар алғызды».
- «Кел, балалар, оқылық!» — «Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған».
IV. Өлеңмен жұмыс
Оқу тәртібі
Мұғалім өлеңді мәнерлеп оқиды. Оқушылар іштей ілесіп оқып, түсініксіз сөздердің астын қарындашпен сызады.
Талдау (I шумақ)
«Арқыраған», «сарқыраған», «жарқыраған» сөздерінің мағынасы талқыланады. Өзеннің неліктен бұлай ағатыны туралы ой айтылады. Жауап өлеңнің бірінші шумағынан табылады: өзен таудан ағып келеді.
V. Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы оқушылар сергітіледі.
VI. Сөздік жұмысы
Мақсаты: түсініксіз сөздердің мағынасын ашу және оларды қолдана білуге үйрету.
Қынарда
мағынасы: жағада
II шумақта «қынарда» сөзінің орнына «жағада» сөзін қойып оқып көру.
Жанабында
мағынасы: маңайында
III шумақта «жанабында» сөзінің орнына «маңайында» сөзін қойып оқып көру.
VII. Бекіту және салыстыру
Өлеңді оқушылардың оқуы
Оқушылар өлеңді шумақтап оқиды.
Өз өңіріміздегі өзен
Таудан ағатын өзен туралы ойды нақтылау үшін оқушылар өздері білетін өзенді атайды: Ертіс өзені.
Көркем мәтінмен байланыс
Павлодар өңірінің ақыны М. Жаманбалиновтың «Ертіс» өлеңінен үзінді оқылады:
Ертісім ағар жайланып,
Тұрады кейде лайланып,
Бір ішсе суын жан-жануар,
Келеді қайта айналып.
Оқушылар оқулықтағы өзен бейнесімен ұқсастығы мен айырмашылығын айтады (талдау).
Жазылым тапсырмасы
«Ертіс өзені туралы не білеміз?» тақырыбында 2–3 минуттық шағын эссе жазылады.
Ертіс өзені туралы қысқаша деректер
- 1.Қытайдан «Қара Ертіс» болып бастау алады.
- 2.Қазақстанда Зайсан көліне келіп құяды.
- 3.Жалпы ұзындығы — 4284 км.
- 4.Қазақстан аумағындағы ұзындығы — 1700 км.
- 5.Ресейдегі Обь өзеніне қосылады.
- 6.Солтүстік Мұзды мұхитқа барып құяды.
- 7.Аңдары — 15 түрлі.
- 8.Құстары — 174 түрлі.
- 9.Балықтары — 16 түрлі.
- 10.Өзен бойындағы ҚР қалалары: Өскемен, Семей, Павлодар.
Түйін ой
«Сулы жер — нулы жер» деген сөз бекер айтылмаған: өзен бойында қалың орман мен шабындықтар өседі, жан-жануар, балық және құстардың көптеген түрі мекендейді.
VIII. Қорытынды тапсырма
1-топ
Судың адам өміріндегі маңызын постерге түсіреді.
2-топ
Судан келетін қауіп-қатерлерді постерге түсіреді.
IX. Қосымша: 22 наурыз — Бүкіләлемдік суды қорғау күні
Проблемалық сұрақ
Суды неліктен қорғауымыз керек? Өз ойыңды дәлелде.
Сыныпта жалпы талдау жүргізіледі: судың шектеулі ресурс екені, ластанудың салдары және күнделікті үнемдеу дағдылары талқыланады.
X. Үй тапсырмасы
- Өлеңді мәнерлеп оқу.
- Қазақстан өзендерінің аттарын дәптерге жазып келу.
- Жазғы өзеннің суретін салу.
XI. Бағалау
Топ басшысы әр оқушының жұмысына баға береді. Сабақ соңында мұғалім қорытынды бағаны қояды.