Жеңіс келді далама, Жеңіс келді қалама
Жеңіс күні туралы сөз
Жеңіс күні — адамзат аңсап жеткен күн. 1945 жылғы 9 мамыр — азаттық үшін күрестің айбынды белесі, үміттің қайта жанған сәті. Бұл күн өмірді сүйген адамзат қауымының жадынан мәңгі өшпек емес.
Жеңіс — жақсылықтың сыңары,
Жігерленген құтарлықтың құрамы.
Күрескердің амалы мен ұраны,
Қуаныш пен мерекесі — бұл оның.
Ұлы Отан соғысы миллиондаған адамның өмірін жалмаған қанды жылдармен есте қалды. Талай боздақ қыршыннан қиылып, ананы жесір, сәбиді жетім етті. 1418 күн мен түннің азабы ешқашан ұмытылмайды — ол мәңгі жадымызда сақталады.
Еліне, туған жеріне оралмай, жат топырақта мәңгі тыныстаған ерлерді біз әрдайым құрметпен еске аламыз. Олардың есімін жас ұрпақтың жадында жаңғырту — бәріміздің азаматтық борышымыз.
Көрініс: Мәңгілік алау жанында
Сахнада ата мен немересі Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, орындыққа отырады. Көрініс үнсіз құрметтен басталады.
Ата
Балам, Мәңгілік алау алдында 1941 жылғы 22 маусымда басталған зұлмат соғыстың шежіресін еске алайық…
(Радиодан соғыстың басталғаны туралы хабар естіледі.)
Көрініс: Майданға аттану
— Біз елге жеңіспен ораламыз!
— Жауды жеңбей қайтпаймыз!
— Аман келіңдер…
— Жеңіспен оралыңдар!
Адамзатым, ақиқатқа сеніңіз:
Соғыс деген — болған емес тегін іс.
Соғыс деген — қиылған жан, аққан қан,
Соғыс деген — екі жаққа да жеңіліс.
Ата
«Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Отан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен тылда да еңбек қайнап жатты.
Ерлік сабағы: Әлия Молдағұлова
Әлия
Мен 18-ге толдым, бірақ өзімді ересек сезінемін. Себебі жолдастарымның төгілген қанын өз көзіммен көрдім. Енді фашистерге қарсы өзім аттандым.
(Әлияға қарсы бес неміс солдаты жақындайды.)
Әлия
Бұл бесеуін Ленинград үшін, жолдастарым мен туған елім үшін о дүниеге аттандырамын!
(Әлия жараланады. Соңғы күшін жинап:) «Алға! Алға! Алға!» — деп құлайды.
Ата
Мәскеу мен Сталинград шайқастары неміс-фашист әскерін Кеңес жерінен жаппай қуудың бастауына айналды. Майдан толқыны Германия шекарасына жақындады.
Жеңіс туы көтерілген сәт
Байтақ Отан сия ма тар қыспаққа,
Мұхиттай жігер тасыды сол бір шақта.
Сұрапылдай соқты да жау қамалын,
Жеңіс туын қадады Рейхстагқа.
Көрініс
Үш жауынгер еңбектеп, жүгіре басып, биік бағанға қызыл туды іледі.
Ата
Жеңіс осындай ерлікпен келді, балам.
Сүйінші: бейбіт өмірдің қуанышы
Сүйінші, халқым, сүйінші,
Сүйіншіге — сүйінші!
Шаттан, ата-анамыз,
Шаттан, ата-бабамыз.
Кек қайтарып фашистен,
Соғыс бітті жеңіспен.
Жеңдік жауды күресте,
Жасалсын той, мереке!
Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді қалама.
Жеңіс келді әке боп,
Елдегі бар балаға.
Жеңіс келді ән болып,
Келді ауылға сән-көрік.
Жеңіс келді, алақай,
Тойып жейтін нан болып.
Көрініс: Күтумен өткен күннің ақ жаңалығы
Бала: «Апа, апа, сүйінші! Ағам келе жатыр!»
(Жаралы жауынгерлерді ел болып қарсы алады.)
Аталар саптан шықпасын,
Аналар қабақ шытпасын.
Бақытқа жетсін бар адам,
Сәбилер тыныш ұйықтасын.
Желбіреген жалауымыз,
Ұлы Отанның ұланымыз.
Бейбітшілік — қалауымыз,
Асқақтаған жыр-әніміз.
Қорытынды құттықтау
Жер жүзіне нұр шашып — Жеңіс күні,
Жақсы үміттің шырағы жанды міне!
Аспан бетін қаптаған қара тұман
Серпіліп, зұлымдықтың сөнді түні.
Жер бетін қан сасытқан соғыс бітті,
Жер бетінен жамандық мүлде үрікті.
Жеңістің жарқын күнін жыр қыламыз,
Аспандатып жырлаймыз жақсылықты.
Осылайша, 9 мамыр — Жеңіс күнімен құттықтаймыз. Мерей үстем болсын Отан-ардың, батасы қабыл болсын аталардың!
«Желбіре, Жеңіс жалауы!» атты ертеңгілігіміз осымен аяқталды.