Мәтіннен сан есімдерді тауып, сөз құрамына талда

Сабақтың тақырыбы

Абайдың мұражай-үйі. Морфологиядан өткенді қайталау.

Сабақтың мақсаты

Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін тексере отырып, Абайдың мұражай-үйі туралы мәлімет беру; морфология тарауы бойынша алған білімдерін қайталап, сөз құрамына талдау дағдыларын арттыру.

Сабақтың міндеттері

  • Мәтінді сауатты, түсініп оқуға дағдыландыру; өткен сабақтағы мәліметтерді тереңдету және нақтылау.
  • Сөз таптарын практикалық жолмен меңгерту.
  • Өз бетінше білім алу мүмкіндігіне сүйене отырып, танымдық қызығушылықты арттыру.
  • Сауаттылыққа, дұрыс сөйлеуге және адами қасиеттерге тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

  • Абайдың өмірі, шығармашылығы және мұражай-үйі туралы түсініктері кеңейеді.
  • Мәтінмен және сөздікпен жұмыс арқылы сөздік қоры молаяды.
  • Түрлі тапсырмалар арқылы талдау дағдылары жетіледі.

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сабақтың түрі
Жаңа білімді меңгерту.
Сабақтың әдістері
Сұрақ-жауап, баяндау, әңгімелеу, топтық жұмыс, ой қозғау, түсіндіру, топтастыру.
Көрнекілігі
Интерактивті тақтадағы слайдтар, грамматикалық кестелер, суреттер.
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті, бейнелеу өнері.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, сабаққа назар аударту. Бүгінгі сабақта мұражайлар және Қазақстандағы мұражайлар тақырыбын жалғастырып, Абайдың мұражай-үйімен танысамыз және морфология бойынша өткенді қайталаймыз.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Тақырып: «Ғылыми-мәдени орталық. Әуезов үйі». Мәтін мазмұнын сұрақ-жауап арқылы бекіту.

Пысықтау сұрақтары

  1. Әуезов үйі қандай ғылыми-мәдени мекеме?
  2. Орталық неше бағытта жұмыс жүргізеді?
  3. Мұражайда нелер бар?
  4. М. Әуезовтің қандай көлемді шығармасын білесіңдер? («Абай жолы» романы)

III. Жаңа сабақ: ой қозғау

Қазақ әдебиеті пәнімен байланыстыра отырып, төмендегі сұрақтар арқылы оқушылардың алдыңғы білімін белсендіреміз.

  • Абай кім?
  • Абайдың шын есімі қандай?
  • Қай жылы, қай жерде туған?
  • Абайдың қандай әндерін білесіңдер?
  • Қандай поэмалары бар?
  • Қанша қара сөзі бар?
  • Абайдың қандай өлеңдерін білесіңдер? (үзінді оқу)

Мұғалімнің кіріспе сөзі (тарихи деректер)

Абайдың әкесі Құнанбай 1840 жылы Жидебайға қоныс тебеді. Кейін бұл қыстауды Абайдың інісі Оспанның еншісіне қалдырып, өзі Ақшоқыға көшеді.

1894 жылы Оспан қайтыс болған соң, бұл қыстау Абайдың негізгі қонысына айналады. Жидебай кезеңінде ақынның өмірінің шамамен 10 жылы өтеді.

Осы жылдары 75–76 лирикалық өлеңі, 45 қара сөзінің 27-сі жазылып, Лермонтов пен Крылов шығармалары аударылып, 2 әні дүниеге келгені айтылады. Жидебай Абай үшін ақындық шабыт пен философиялық толғаныстардың қайнар көзі болды.

1945 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуы қарсаңында мемлекеттік комиссия шешімімен Жидебайдағы Абай қыстауы мұражай-үйге айналды. 1970 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді.

IV. Мәтінмен жұмыс

Жаңа сөздер

Мәдени мекеме
— культурное заведение, учреждение
Шақырым
— километр
Қыстау
— зимовка
Күрделі жөндеу
— капитальный ремонт
Мұрағат
— архив
Мағлұмат
— сведения, информация
Өлкетану мұражайы
— краеведческий музей

Тапсырмалар

  1. Қазақ тіліне тән дыбыстарды тауып, дыбыстық талдау жаса.
  2. Сұрақ қойып, сөз табын анықта.
  3. Сөз тіркесі мен сөйлем құрастыр.
  4. Антонимдері мен синонимдерін тап.

Мәтін: «Абайдың мұражай-үйі»

Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйі — ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан толық мағлұмат беретін мәдени мекеме. Ол Семей қаласынан 180 шақырым жерде орналасқан.

1945 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуы қарсаңында мемлекеттік комиссияның шешімімен Жидебайдағы Абай қыстауы мұражай-үйге айналды. 1970 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өткізілді.

Мұражайдың бес бөлмесі мен үш залында қойылған жәдігерлер ұлы ақынның жақын туыстарынан, достары мен замандастарынан алынған. Ғимараттың құрылымы мен сыртқы пішіні Абай заманындағы көрініс-келбетін сақтаған.

Ұзын дәліздің сол жағындағы бірінші есік ас үйге апарады. Бұл — терезесі шығысқа қараған кең бөлме. Кіреберісте қазанаспа орналасқан, оған екі қазан орнатылған: үлкенінде ет, кішісінде жеңіл тағамдар әзірленген. Қазанаспаның жанында екі самаурын тұр.

Оң жақ босағада асадал және күміс пен мыс жалатылып, сүйектен жасалған шағын кебеже қойылған. 1885 жылы Абай осы екі бұйымды Семейдің өлкетану мұражайына өз қолымен тапсырған.

Ас үйдегі өзге құнды мұрағаттардың бірі — суреттер. Қонақ үйде Абайдың орыс достары Е. П. Михаэлис, С. С. Гросс, Н. И. Долгополовтың фотосуреттері бар.

Мұражайда температура жазда да, қыста да бірқалыпты сақталады. Қабырғалары таспен қаланған. (Қазақ энциклопедиясынан)

Слайд материалдарымен жұмыс

Мәтіндегі негізгі бөліктерді визуалды материалдармен байланыстырып, нысан бөлмелерінің қызметін, жәдігерлердің құндылығын талқылау.

V. Топтық жұмыс

1-топ

  • Мәтін бойынша жоспар құр.
  • Жуан және жіңішке сұрақтар құрастыр.
  • Сөйлемнен зат есімдерді тап та, сөз құрамына талда: «Мұражайдың қабырғалары таспен қаланған.»

2-топ

  • Жоспар бойынша әңгімеле.
  • Мәтіннен сан есімдерді тауып, сөз құрамына талда.

3-топ

  • «Мұражайда» тақырыбына диалог құрастыр.
  • Сөйлемнен сын есімдерді тауып, сөз құрамына талда.

VI. Бекіту

Талқылау сұрақтары

  • Абайдың мұражай-үйі туралы не білдік? (қысқаша мазмұндау)
  • «Бүгінгі күннің Абайы» деп кімді атар едің? Неліктен?
  • Сөздер құрамына қарай нешеге бөлінеді?
  • Сөз тұлғасы неден тұрады?

Шығармашылық тапсырма: 5 жолды өлең

Тақырыптар:

  • 1-топ: Абай
  • 2-топ: Мұражай
  • 3-топ: Ақын

VII. Қорытынды

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!

Адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге!»

— Сұлтанмахмұт Торайғыров

Абай — туған халқының да, болашақ ұрпақтың да өнегелі тәрбиешісі. Ол ана тілінің дамуына, қазақ поэзиясының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға.

VIII. Үй тапсырмасы

  1. Мәтіннің мазмұнын айту.
  2. Жаңа сөздерді жаттау.
  3. Оқулық: 98-бет, «Абай мұрасы — асыл қазына» тақырыбына ойтолғау жазу.

IX. Білімді бағалау

Оқушылардың мәтінді түсінуі, сұрақтарға жауап беруі, морфологиялық талдау жасауы және топтық жұмысқа қатысуы бойынша бағалау жүргізіледі.