Әдепті адам әдемі
Курмалова Асель Агисовна
Сымбат жеке мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Сабақтың мақсаты
Балалардың өмірге қажетті білік-дағдыларын тереңдете отырып, ұлттық әдеп-ғұрып пен салт-дәстүрге баулу. Сәлемдесу, қонақ күту, сыйластық, үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу сияқты әдеп қағидаларын меңгерту арқылы имандылыққа, инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.
Түрі
Әңгіме
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Пікір алмасу
- Әңгімелеу
- Мәнерлеп оқу
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Балалар шеңберге тұрып, бір-бірімен және қонақтармен сәлемдеседі. Сәлем — сөздің басы ғана емес, құрметтің де өлшемі.
Шеңбердегі сәлемдесу
Амансың ба, Алтын күн?!
Амансың ба, Көк аспан?!
Амансың ба, Жер-ана?!
Амансың ба, достарым?!
Сіздерді көрсем қуанам!
Қонақтармен амандасу
Үлкенге де «сіз»! Кішіге де «сіз»!
Баршаңызды құрметтеп, бас иеміз біз!
II. Қатысушыларды таныстыру
Ашық тәрбие сағаты «Әдеп — ең қымбат мирас» тақырыбымен басталады. Әрбір оқушы өз есімінің бірінші әрпіне сай әдепті мінез-құлық сипатымен таныстырады.
Мысал
Сыпайы Саида
Мысал
Әдепті Әділет
III. Мақал-мәтелдер арқылы ой ашу
Әдеп туралы мақал-мәтелдер — халық даналығының қысқа да нұсқа тұжырымы. Тәрбие сағаты осы нақыл сөздермен өріледі.
Әдепті болу — әр баланың міндеті. Әдептілік — адам бойындағы ең көркем қасиеттердің бірі. Әдепті бала ертең өз азаматтығын ісімен дәлелдеп, арманына жетуге ұмтылады.
IV. Пікір алмасу: «Әдептілік деген не?»
Оқушылар әдептілікті сыртқы көрініс емес, күнделікті дағды, сөйлеу мәдениеті және үлкен-кішіге деген құрмет ретінде түсіндіреді.
1-оқушы
Әдептілік — әсемдік. Әдепті адам дұрыс киінеді, сыпайы амандасады, өзін күте біледі.
2-оқушы
Әдемі адамның бәрі әдепті бола бермейді. Әдептілік — кез келген ортада өзін ұстай білу.
3-оқушы
Үлкен кісілерге «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, хал-жағдайын сұрау — парыз. Дұрыс амандасудың адамгершілік, имандылық мәні бар.
4-оқушы (сұрақ)
Неге дәл солай амандасу керек? Үлкендер басқа сәлемді қабылдамай ма?
5-оқушы
Дұрыс тамақтану, мезгілінде ұйықтау, ата-ананы сыйлау — халықтық дәстүр, халықтық әдеп. Оны сақтау — ұлттық әдепті қорғау.
6-оқушы (күмән)
Түнде ұйықтауға тырысамын, бірақ теледидарда қызық кино болса, неге көрмеймін? Сонда әдепсіз боламын ба?
7-оқушы
Дұрыс демалмасаң, ерте тұра алмайсың. Әр істің өз уақыты бар. Уақытты дұрыс пайдалану — әдептілік.
8-оқушы
Жақсы амандассам, әдемі киінсем, сыпайы сөйлесем, тек дұрыс ұйықтамағаным үшін әдепсіз емеспін деп ойлаймын.
9-оқушы
Үлкенге сәлем беру — кішінің міндеті. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жастағы қария сәлем береді» деген сөз бар. Кездескенде сәлем бермей өту — әдепсіздік.
10-оқушы
Сәлемдескенде дауыс ырғағына мән беру керек: даурығып емес, салмақпен, әдеппен сөйлеу — мәдениеттіліктің белгісі. «Сөз басы — сәлем» дегеніміз осы.
V. Мәнерлеп оқу
Өлең жолдары арқылы оқушылар әдептіліктің өмірдегі маңызын, кішіпейілділік пен әділеттілікті көркем тілмен жеткізеді.
1-бала
Әдептілік дегенің —
Әрқашанда керегің.
Әсемпаздық дегенің —
Әуре-сарсаң әлегің.
2-бала
Атам маған әманда:
«Әдепті жан бол», — деген.
Ата сөзі санамда:
Жасы үлкенге жол берем.
3-бала
Алдын орап кісінің
Кесіп өтпей көлденең,
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп қол берем.
4-бала
Атам маған әманда:
«Кішіпейіл бол», — деген.
Атам сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.
5-бала
Атам маған әманда:
«Әділетті бол», — деген.
Ата сөзі санамда,
Жүрем тура жолменен.
6-бала
Өзгелерден өзімді
Санамаймын жоғары.
Артық айтып сөзімді
Желпінгенім жоқ әлі.
7-бала
Апаның тілін алса егер,
Тамақ ішсе — «іш» десе,
Демал десе — демалса,
Суға түссе — «түс» десе.
8-бала
Қолынан мұндай баланың
Күш болады «күш» десе,
Іс келеді «іс» десе.
Шынығып өсіп толады,
Үлкен жігіт болады.
9-бала
Кім үлкенді тыңдаса,
Кім үлкенді сыйласа,
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де.
10-бала
Ата-ананың тілегі —
Адам болып өскені.
Адамдықтың белгісі —
Адам болып өскенің.
11-бала
Көршілерді көргенде
Сыйлап сәлем беремін.
«Әдепсіз» деп сөкпесін,
Анама айтып өкпесін.
VI. Мұғалімнің әңгімесі: киіз үйдегі әдеп
Киіз үй — көшпенді қазақ халқының байырғы баспанасы. Бүгінде де ол тұрмыста және табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге уақытша баспана ретінде қолданылады. Мысалы, Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы су тасқыны кезінде ел болып көмек көрсетудің мәні ерекше байқалды.
Отыру тәртібі
- Сүйеніп, тіреніп отыруға болмайды: бұл шаршаған не сырқат адамның кейпін білдіреді.
- Ер адамдарға ортақ қалып — малдас құру.
- Әйелдер көбіне бір тізерлеп отырады; аяқтың көрінбеуі — әдеп.
Үйге келу әдебі
- Есік алдынан кесе-көлденең өту — шаңырақты сыйламағандық, әдепсіздік.
- Үй сыртынан дыбыс беріп, ішінде адам бар-жоғын аңғарту — тәртіп.
- Ауыздағы асты шайнап кірмеу керек; асығыс болса да «нан ауыз тию» — құрмет белгісі.
Ә. Табылдиевтің ойы
Халықтық дәстүрді қадірлей білмеген бала — әдепсіз бала. Өзіңе-өзің қызмет ете біл: өмірде қалыптасқан қағидалар мен әдептілік рәсімдерін орындау — кісілікке бастайтын жол.
Түйін: Әдеп — ең қымбат мирас.
VII. Қорытынды және рефлексия
Сабақ соңында оқушылар бүгінгі әңгімеден алған әсерін бөліседі: қандай ой түйді, қандай жаңа түсінік қалыптасты, өз мінез-құлқында нені түзеткісі келеді.
Жағымсыз әдеттер туралы ой
Сыныпта қиқар, жылауық, сотқар, өтірікші, орынсыз күлегеш, қаңғыбас сияқты мінездер болмасын. Кейде жалқаулық пен салақтық кездесуі мүмкін — оны бүгіннен бастап түзету әркімнің өз қолында.
Әдібай атаның тапсырмасы
- Бір мезгілде ұйықтап, белгілі уақытта оянып үйрен.
- Ерте тұрып, таза ауада денеңді шынықтыр.
- Күнде таңертең салқын сумен жуын.
- Көшеде жүргенде көше тәртібін сақта.
- Көшеде және көпшілік орындарда әдеп сақта.
- Үй жинауды, еден сыпыруды, ыдыс-аяқ жууды ұмытпа.
- Үлкендердің, ата-ананың тілін ал.
Сабақты аяқтайтын өлең: «Бос өтпейді минутым»
Орнықтырып әдеппен
Оқу, еңбек, ойынды.
Оқушылық әдеппен
Орындаймын ойымды.
Есептеулі сағаттар —
Еш өтпейді күнбе-күн.
Еш өтпейді сабақтар —
Бос өтпейді минутым.