Тәрбие сағатымыздың тақырыбы

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы

№7 жалпы білім беру орта мектебі КММ

Бастауыш сынып мұғалімі: Темирбекова Ақмарал Жусипалиевна

Тәрбие сағаты

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»

Барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылар бір-біріне жылы лебіздерін айтады.

Мұғалімнің сөзі

Бүгін осындай мерекелік кешке жиналуымыз — Алланың бізге берген ұлы бақытының арқасы. Ол бақыт — бейбітшілік, ол бақыт — тәуелсіздік. Тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді баянды ететін басты қаруымыз — туған тіл. Ананың ақ сүтімен бойға сіңіп, асыл әлдиімен жанға дарыған тілімізді қадірлейік, мәртебесін асырайық. Осыған орай өтетін тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Негізгі мақсат — оқушыларды туған тілін сүюге және ата-баба мұрасын жалғастырушы болуға тәрбиелеу.

Тіл туралы ой қозғау

Сұрақ

Ұлы Абай: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп нені меңзеді?

Оқушылар: Тілді.

Ендеше, тіл дегеніміз не? Оқушылар өз пікірлерін ортаға салады:

Ұлттық қазына Әдебиет Мәдениет Ар Намыс Байлық Достық көпірі Халықтың күре тамыры Қарым-қатынас құралы

Түйін

Тіл — халықтың жаны мен ажары, тұтас болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін де — ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің қасиетті мұрамыз — қазақ тілі. Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Тіл тағдыры — өзін Қазақстан азаматымын деп санайтын баршаның ортақ ісі» деп атап көрсеткен.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші
Тілім менің — ғасырлардан аманат,
Аманатқа адам болсын қолғанат.
Ар-намысқа келтірмейік жаман ат.
Қазақ болып туылдың ба, ендеше,
Өз тіліңді өзгелерге бағалат.

Қазір әлемдегі қазақ тілінде сөйлейтін халықтар жайлы мәліметтермен танысамыз (дүниежүзілік карта бойынша).

2-жүргізуші
Ана тілімізге арналған «сыр сандықтың» ішінде викториналық сұрақтар бар. Ендеше, жауап беріп көрейік.

Викторина

  1. 1

    Қазақ тілі қашан мемлекеттік мәртебеге ие болды?

    22.09.1989 ж.

  2. 2

    Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы қашан қабылданды?

    11.07.1997 ж.

  3. 3

    Қазақ әліпбиін құрастырған қазақ зиялысы кім?

    А. Байтұрсынұлы.

  4. 4

    Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеу қажет?

    Оқушылар өз ұсыныстарын айтады.

«Тіл сақшылары» бастамасы

1-оқушы: Тіл мәртебесін көтеру үшін сыныбымызда «Тіл сақшылары» тобы жұмыс істейді. Міндетіміз — қоғамдық орындарда қате жазылған сөздерді анықтап, тіл тазалығын қорғау. Аралау барысында өзгеріске ұшыраған сөздерді тауып, назарға ұсындық.

Назар аударту:

Қате жазылған сөздер мен түзетулер интерактивті тақтада көрсетіледі.

Оқушылардың тіл туралы жыр шумақтары

2-оқушы
Жүзімнің нәрлі, нәзік сабағындай,
Тіліңді мәпелей біл, ала қылмай.
Аямай арам шөбін отап отыр,
Таза сақта көзіңнің жанарындай.
3-оқушы
Ана тілі — біздің туған анамыз,
Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ қалай біз,
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе,
Анасынан безген ұл деп санаңыз.
4-оқушы
Ана тілім — ұраным,
Ана тілім — ерлігім.
Ана тілім болмаса,
Бүтінделмес кемдігім.
5-оқушы
Ана тілі — асыл күні бабамның,
Қуатымсың ақ сүтіндей анамның.
Сәби шақтан бесігімде жыр тыңдап,
Туған тілді жаттап өскен баламын.
6-оқушы
Көрмегенің, ана тілі, аз ба сенің?
Өзің барда ескірмес, тозбас елім.
Сен болмасаң ұлы ақын Абай болып,
Мұқағали отты өлең жазбас еді.
7-оқушы
Ана тілің, біліп қой —
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің, біліп қой —
Мақтанышың, елдігің.
8-оқушы
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.

Ән

«Балалық шақ»

«Мақал — сөздің маржаны» бөлімі

Қазақ тілі — дүние жүзіндегі ең бай әрі бейнелі тілдердің бірі. Тіл байлығы — әр елдің мақтанышы. Енді тіл туралы ақын-жазушылардың өлең жолдарын еске түсірейік, ал мақал-мәтелдерді жалғастырайық.

Өлең жолдары

  • Туған тілім — тірлігімнің айғағы... (Ә. Тәжібаев)
  • Сүйемін туған тілді... (С. Торайғыров)
  • Ана тілің — арың бұл... (Қ. Мырзалиев)

Мақал-мәтелдер (жалғастыр)

  • Өнер алды — қызыл тіл
  • Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады
  • Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың
  • Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады
  • Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ
  • Көп сөз — көмір, аз сөз — алтын
  • Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады

Ойын: «Кім жүйрік?»

Қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын кім жылдам табады?

Тұрақты тіркес Мағынасы
Ит арқасы қиянда Алыс
Қой аузынан шөп алмас Жуас
Бір тұтам Кішкентай
Қызыл кеңірдек Дауласу
Аузын қу шөппен сүрту Сараңдық
Ауыз күю Өкіну

Қорытынды

Мұғалімнің қорытынды сөзі

Асан қайғы, Жиренше — сөйлеп өткен қызыл тіл.
Әз Жәнібек, Қойлыбай — сөйлеп өткен ғажап тіл.
Осы тілді жек көрген — дүниеден қалар құр.
Бағаласаң шынымен — баба тілі асыл дүр.

Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды. Тілімізді қадірлейік, таза сақтайық, құрметін арттырайық.