Оқушыларды түгендеп, сабаққа бейімдеу

Себеп–салдар салалас сөйлемді оқыту

Бұл сабақ жоспары себеп–салдар салалас құрмалас сөйлемді тиімді меңгертуді көздейді: теорияны қысқа да нұсқа түсіндіріп, ойын түріндегі тапсырмалар арқылы оқушының ойлауын жандандырады және сөйлеу дағдысын жүйелейді.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: халықтық кәсіпті танытатын мысалдар мен ойын түрлері арқылы жаңа тақырыпты меңгерту.
  • Дамытушылық: түрлі әдістерді пайдалана отырып, алғырлыққа, тез ойлауға және жүйелі сөйлей білуге баулу.
  • Тәрбиелік: өз ұлтының дәстүрін қадірлеуге тәрбиелеу.

Ұйымдастыру

Сабақтың түрі
Аралас
Сабақтың әдісі
Сұрақ–жауап
Көрнекілігі
Кесте, суретті кәртішкелер

Сабақтың барысы

  1. Ұйымдастыру кезеңі: оқушыларды түгендеу, сабаққа бейімдеу.
  2. Жаңа сабақ: себеп–салдар салалас туралы түсіндіру.
  3. Бекіту: ойындар мен жаттығулар арқылы меңгеруді тексеру.
  4. Сергіту: күлдіргі жұмбақтар және ой жұмбақтары.
  5. Қорытынды: сұрақтар арқылы білімді жинақтау.

Теориялық түсінік: себеп–салдар салалас

Себеп–салдар салаласта бір жай сөйлем екіншісінде айтылған ойдың себебін білдіреді, ал екінші жай сөйлем оның салдары, яғни нәтижесі мен қорытындысы болады. Демек, салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің бірі — себеп мәнді, екіншісі — салдар мәнді.

Жай сөйлемдердің орналасуы әртүрлі болады: кейде себеп алда, салдар кейін келеді; кейде керісінше — салдар алда, себеп кейін тұрады.

Байланысу тәсілдері

Себеп–салдар салалас жай сөйлемдер жалғаулық шылаулар арқылы да, жалғаулықсыз іргелес тұрып та байланысады.

себебі сондықтан сол себепті өйткені неге десеңіз

Тыныс белгілері

  • Себеп → салдар ретімен келсе, екі жай сөйлемнің арасына көбіне үтір қойылады.
  • Салдар → себеп ретімен келсе, бірінші жай сөйлемнен кейін қос нүкте қойылады.

Оқушыға түсінікті болу үшін тақырыпты кестемен көрсету тиімді: көру арқылы ақпарат есте тез сақталады.

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас: қырдың суы секілді тез суалар.
Абай

Бекіту: ойын арқылы меңгерту

«Кім тапқыр?»

Екі оқушы тақтаға шығып, берілген сөйлемдердің себеп–салдар қатынасын анықтайды. Сөйлемдерді жазып болған соң, жасалу жолдарын түсіндірген оқушы тапқыр атанады.

Себеп → салдар

Оттың жалыны әзір көрінбейді, жаңа тұтанды.

Салдар → себеп

Жаны шығып кете жаздады, өйткені оның қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес.

«Кім бұрын жазады?»

Жаттығу жұмысын бекітуде оқушылар жылдамдыққа жұмыс істеп, себеп–салдар салаласқа өздері сөйлем құрастырады.

Тапсырма:

Берілген жалғаулықтарды пайдаланып, екі жұп сөйлем құрастырыңыз: сондықтан, өйткені.

Сергіту сәті: күлдіргі жұмбақтар және ой жұмбақтары

Жұмбақ 1

Мұрыныңа төніп тұр, бірақ қолыңмен ұстай алмайсың. (Иіс)

Сұрақ: Бұл жұмбақ салалас құрмалас сөйлемнің қай түріне қатысты мысал бола алады?

Жұмбақ 2

Көкек өз ұясында жұмыртқа басып отырып, не туралы ойлайды?

Шешуі (тақтаға жаздыру):

Көкектер өздері ұя салмайды, сондықтан жұмыртқаларын басқа құстың ұясына салады.

Мұнда сөйлем сондықтан жалғаулығы арқылы себеп–салдар қатынаста жасалып тұр.

Ой жұмбақ

Төрт қайың қатар өсіп тұр. Әрбір қайыңда төрт-төрттен үлкен бұтақ бар. Әрбір үлкен бұтақта төрт-төрттен алма бар. Барлық алма саны қанша?

Шешуі:

Бірде-бір алма жоқ, өйткені қайыңда алма өспейді.

Бұл жауапта салдар мәнді ой алдымен айтылып, себеп мәнді ой кейін келеді; байланысуы өйткені жалғаулығы арқылы жасалған.

Топтық жұмыс: «Бәйге»

Оқушылар үш топқа бөлінеді. Қағазға жапсырылған үш тұлпардың бейнесінің астындағы кәртішкелерге сұрақтар ілінеді. Әр топтан бір оқушы кәртішкені алып, жауап береді. Жауабы толық әрі тиянақты оқушы бас бәйгеге ие болады.

Сұрақ №1

Себеп–салдар мәнді салалас құрмалас сөйлемді табыңыз:

  • а) Сіз менің жалақымды беріңіз, әйтпесе біз қоштасамыз.
  • ә) Алдарыңдағы жаяуға жетіп қалған екен, Олжабек сөзін аяқтамай тоқтады.
  • б) Біресе жүк батқан түйе бақырады, біресе енесінен адасқан бота боздайды.
  • в) Жоғары қарай өсе алмады, сонда да бұтақтары көп.