Қазылар алқасы үшінші бөлімнің ұпай санын беріңіздер
Бұл материал — лицейішілік «Қазақстан – туған өлкем, табиғатың қандай көркем!» сайысын өткізуге арналған сценарий-бағдарлама. Мақсат — Тәуелсіздік рухын дәріптеу, туған жердің қадірін ұғындыру және білім мен өнер сайысын ұйымшылдықпен өткізу.
Сайыс бағдарламасы
-
1) Таныстыру
Команда мүшелері өздерін таныстырады. Бағалау: 30–50 ұпай.
-
2) Сұрақ–жауап
Әр командаға сұрақ оқылады. Әр дұрыс жауапқа 10 ұпай беріледі.
-
3) Үй тапсырмасы
Командалар алдын ала дайындалған номерлерін көрсетеді. Бағалау: 30–50 ұпай.
-
4) «Журналистер жолға шықты»
Конверттегі тақырып бойынша репортаж әзірленеді. Тапсырмалар төменде берілген.
-
5) Пародия
Әр командаға белгілі бір орындаушының музыкасы қойылады. Конверттегі тапсырмаға сай пародия орындалады.
Әділқазылар алқасы
Бүгінгі сайыстың нәтижесін саралап, әділ бағасын беретін әділқазылар алқасының мүшелерімен танысып алыңыздар.
Жүргізушілер сөзі
Сәлемдесу және кештің ашылуы.
1-жүргізуші
Армысыздар, құрметті қонақтар! Бүгінгі кешке қош келдіңіздер!
Жүрекке намыс отын іліп,
Білімділер сайыс құрап тұр бүгін.
Сәлем бердік қазылар алқасына —
Әділ баға берер сіздерге бір үміт.
Жырмен арайланып таң да атты,
Әнімен қуаттанып күн де батты.
Сәлем бердік саған да, қалың қауым,
Үлкені мен кішісі — екі жақты.
Тәуелсіздік таңының ұл-қызымыз,
Біліммен, өнерменен құлпырыңыз.
Бұл өмір — сайыстардан тұрады ылғи,
Сайыста гүлдей жайнап, жарқыныңыз!
2-жүргізуші
Армысың, асыл менің ұстаздарым,
Жырақ кетсем — өзіңді бір аңсарым.
Күмән бар ма өзіңнен бастау алған
Жылғалардың жылы өмір жалғасарын?
Тәуелсіздік алған қалың қазағым,
Құтты болсын алға басқан қадамың.
Қанша уақыт тозса сенің табаның,
Күлкі кетпей, түңілмесін қабағың.
Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы,
Танисың ба сен мені? — Мен қазақтың баласы!
Бөлімдерге өту сөздері
Ендеше, бірінші бөлім — Таныстыру кезеңіне кезек берейік. Қазылар алқасы, бірінші бөлімнің ұпайын жариялаңыздар.
Келесі бөлім — Сұрақ–жауап. Қазылар алқасы, екінші бөлімнің ұпайын жариялаңыздар.
Үшінші бөлім — Үй тапсырмасы. Әр команда өз номерін көрсетеді. Қазылар алқасы, үшінші бөлімнің ұпайын жариялаңыздар.
4-бөлім: «Журналистер жолға шықты»
Бұл бөлімде командалар конверттен түскен тақырып бойынша репортаж дайындайды.
Конверттегі тапсырмалар
- Табиғаттың басты байлығы — жер
- Ауыз су мәселесі
- Семей сынақ алаңы
- №17 кәсіптік лицейдің тыныс-тіршілігі
Ұпай жариялау
Қазылар алқасы, «Журналистер жолға шықты» бөлімінің ұпайын жариялаңыздар.
Тақырып 1: Табиғаттың басты байлығы — жер
Қазақстан аумағы шамамен 272 миллион гектар. Соның ішінде 222 миллион гектары ауыл шаруашылығына жарамды жерлер. «Күте білсең — жер жомарт» деген халық даналығы бекер айтылмаған.
Қазына қара жерде, дейді халық,
Күн көрдік осы жерден ырыс алып.
Жер-анаңнан үзіліп кете алмаған
Кемеңгер де, бір дана да, бір алып.
Ендеше, осы тақырып бойынша тілші репортажын тыңдайық.
Тақырып 2: Ауыз су мәселесі
Ей, замандас! Ең алдымен досыңды ұқ.
Досың — жер, су, ауа, өсімдік.
Ала жүріп осылардың сыйлығын,
Осыларды қорлау деген не сұмдық?!
Су — адамның жүрегіне жыр, көңіліне нұр, сезіміне гүл сыйлаған берекелі қазына. Алайда су көздеріне тазартылмаған өндірістік және коммуналдық ағын сулардың жіберілуі — өзекті мәселе. Шайынды суды қайта тазарту мәселесі талай жылдан бері айтылып келеді.
Бүгінгі күннің ең маңызды тақырыптарының бірі — ауыз су. Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылына журналист осы мәселені өз көзімен көру үшін жолға шықты. Осы өңірден тікелей эфирдегі тілші репортажы.
Тақырып 3: Семей сынақ алаңы
Семей сынақ алаңының зардабы қырық жылдан бері ізсіз кеткен жоқ. Ең алдымен құйқалы өңірдің жері мен табиғаты өзгерді. Кейін жарылыс толқыны адам мен малға да әсер етті. Әскери полигонның кіндігі Мыржық елді мекенімен іргелес жатыр.
Қырық жыл қиянат қыспағында болған боз даламыз еліміз егемендік алғалы біртіндеп есін жиғандай. Дегенмен, «батпандап кірген ауру мысқылдап шығады» дегендей, жер үстіндегі де, жер астындағы да дүмпулер елге дүрбелең туғызып қана қоймай, жазықсыз жандардың денсаулығына ауыр салмақ түсіргені белгілі.
Ендеше, осы өңірден тілші репортажын тыңдайық.
Тақырып 4: №17 кәсіптік лицейдің тыныс-тіршілігі
Елбасының жолдауына сәйкес жұмысшы кадрларын даярлау барысын меншікті тілшіміздің №17 кәсіптік лицейдегі тыныс-тіршілік туралы репортажынан көріп тамашалайсыздар.
5-бөлім: Пародия
Конверттегі тапсырмаға сәйкес әр команда белгілі бір орындаушының музыкасына пародия ұсынады.
Конверттегі тапсырмалар
- Нұрлан мен Мұқасан
- Сейфуллин Жолбарыс
- МузАРТ тобы
- «Жігіттер» тобы
Қазылар алқасы, пародия бөлімінің ұпайын жариялаңыздар.
Қорытынды ой және марапаттау
Жер-анаға құрмет
Табиғат, жер-ана, Отан, туған жер, атамекен — жүрекке жылы естіліп, көңілге шаттық ұялататын қасиетті ұғымдар. Бұлар бір-бірімен тамырлас, тағдырлас, мәні терең сөздер.
Адам — табиғат пен жер-ананың перзенті. Табиғатты және жер-ананы сүю, аялау — әр азаматтың борышы әрі парасатты парызы. Ендеше, бәріміз жер-ананы аялайық, қорғайық!
Қорытынды шумақ
Мен — сәбимін. Асылық айту маған жат.
Жер-анасыз мына тірлік — тамамзат.
Көгершінін көк аспанға көтеріп,
Табиғатты сақтаңыздар, адамзат!
Қорытындылау. Марапаттау.
Ескерту
Сайыс барысындағы ұпай жариялау, командаларды таныстыру және репортаж уақытын жүргізушілер аудиторияның жағдайына қарай реттей алады.