Әке мен ана баланың алғашқы ұстазы

Отбасы – тәрбие мектебі

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында табысты болудың ең іргелі, басты факторы — білім екенін әркім терең түсінуі керектігін атап өткен. Жастарымыз үшін білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.

Негізгі ой

Әрбір ата-ана өз перзентінің білімді, елінің жігерлі азаматы болып қалыптасуын қалайды. Ол үшін отбасында бала тәрбиесінің қағидаларын біліп, оны күнделікті өмірде жүйелі қолдану қажет.

Бақытты отбасының тірегі

Сыйластық, түсіністік және жоғары жауапкершілік сезімі бар отбасы — бақытты отбасы. Бақытты отбасында ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мазмұнды болып, берілген тәрбие сенімді әрі нәтижелі болады.

Алғашқы тәрбие — туған ұядан

Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы — туған ұясы: өз шаңырағындағы тәрбие, тіл, күнделікті үлгі. Қазақтың «Баланың бас ұстазы — ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақылы осыны дәлелдейді. Есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, білімге құштар әрі тілалғыш етіп тәрбиелеу маңызды.

Ата-бабамыз «айналаның ақ қорғанындай бол» деген қағиданы берік ұстанып, ұрпағын адам деген атқа лайық етіп өсіруді мақсат еткен. Сондықтан тәрбиеде ұлттық салт-сананың, әдет-ғұрып пен үлгі-өнегенің орны ерекше.

Әке мен ананың орны бөлек

Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да рөлі айрықша. Әке мен ана — баланың алғашқы ұстазы. Бала ананың мейіріміне қанып, әкенің өсиетін тыңдап өссе, тәрбиелі отбасынан шыққанын ісімен де, мінезімен де көрсете алады.

Ана — бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Ана тәрбиесі ұлылықтың дәнін себеді: тәрбиелі анадан тәрбиелі бала өсіп шығады.

Мінез бен құндылықты бірге қалыптастыру

Бала өз отбасында ата-ананың қамқорлығына, шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп қана қоймай, адамгершілік, әдеп-инабат, тағылым алып, оны іс жүзінде қолдануды үйренуі керек. Ынта мен ықылас, қайрат пен жігер де осындай ортада қалыптасады.

  • Адамгершілік

    Ізгілік пен жауапкершілікке баулу.

  • Әдеп-инабат

    Қарым-қатынаста мәдениетті ұстану.

  • Ынта мен ықылас

    Оқуға, еңбекке қызығушылық ояту.

  • Қайрат пен жігер

    Қиындықты жеңуге төзім қалыптастыру.

Еңбекке баулу — қалыптасудың негізі

Отбасындағы тәрбиенің ең үлкен құндылықтарының бірі — баланы ерте жастан еңбекке баулу. Бұл — адамның тұлға болып қалыптасуының негізі. Отбасында да, қоғамдық ортада да баланы еңбек ете білуге, еңбексіз бос отыра алмауға үйрету — басты мақсат.

Сонда ғана отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынаста әдеп пен инабат, адалдық пен ақпейілділік үстем болады.

Ой салатын мәселе

Бүгінгі таңда ата-анасы қасында болса да қадір-қасиетін бағаламай, ұлдарының ішімдікке не есірткіге бой алдыруы, қыздардың темекі шегуі немесе жеңіл жүріске салынуы — отбасындағы тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауының айқын белгісі.

Ата-ананың құқығы әрі парызы

Қазақстан Республикасының Ата Заңында: «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп көрсетілген. Ал «Қазақстан – 2030» бағдарламасында әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелерін болашақта қандай күйде көргісі келетіні туралы жауапкершілік ойы айтылады.

Бала — біздің болашағымыз, ата-ананың игі істерін жалғастырушы. Сондықтан бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет.

Үлгі — тәрбиенің ең әсерлі жолы

«Жас шыбық иілгіш» дегендей, жас адам жақсыға да, жаманға да бейім болады. Ата-ананың үйдегі әр әрекеті баланың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы не жаман әдеттің бала тәрбиесіне ықпалы өте күшті.

Әр ата-ана өз баласын Отанға пайдалы, мейірімді, еңбекқор, адамгершілігі мол, білімді етіп тәрбиелеуге міндетті. Ұрпақтың тәжірибесі, өмірдегі беделі, ақыл-кеңесі және ата-ананың өз борышын мүлтіксіз орындауы — үлкен тәрбие мектебі.

Нұржанат Әділова

«Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі