Қыстағы балалар
Сабақ: Тіл дамыту (4-сынып)
Тақырыбы
Абай Құнанбаев — «Қыс»
Мақсаты
Өлең жолдарын қара сөзге айналдырып, мазмұнын жүйелі баяндауға үйрету.
Міндеттері
- Абай Құнанбайұлының өмірбаянымен таныстырып, өлеңнің негізгі идеясын ашу.
- Мәліметті сатылай кешенді талдауға дағдыландыру.
- Мәнерлеп, шапшаң оқу, нақты жауап беру, тапсырманы түсініп орындау дағдыларын жетілдіру.
- Сөздік қорды байытып, оқушы белсенділігін арттыру және шығармашылық жұмысқа ынталандыру.
Тәрбиелік бағыты
Қоршаған ортаның тылсым сырларын байқауға, табиғат сұлулығын сезінуге, өнерді түсіне білуге тәрбиелеу.
І. Қызығушылықты ояту
Сыныппен жұмыс
- Оқушыларды сынып ережесіне сай отырғызу.
- Қонақтардың келу себебін түсіндіру және сабақтың мақсат-міндеттерімен таныстыру.
«Білу» таксономиясы: Қазақстан — біздің Отанымыз
- Тақырып бойынша шағын әңгіме құрастыру.
- Осы тақырыпқа байланысты бір шумақ өлең айту.
- Атамекен, туған жер туралы мақал-мәтел айту.
- «Астана — бас қала» тұжырымын дәлелдеу.
Астана туралы өлең шумағы (мәнерлеп оқу)
Астана.
Жайнай бер, жаңа Астанам,
Ертегідей ғажап бас қалам!
Ынтымақтың тербеп бесігін,
Тәуелсіз ел көшін бастаған.
Сарыарқаның төсінде,
Сән беріп Есілге.
Жас қала — бас қала,
Астанам өсуде.
Әлемге нұр шашқан,
Астанам арайлы.
Тыныштық тұтқасын,
Елбасым тұр ұстап.
Т. Әбдіков
Абай Құнанбаев туралы қысқаша мәлімет
«Оқушының қойын дәптері» стратегиясы
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (29.07.1845 — 23.06.1904) қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қасқабұлақ жайлауында дүниеге келген. Бейіті — Жидебайда.
Абай — ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор. Ол бала кезінен-ақ зеректігімен, сөзге ұғымталдығымен, ертегі мен әңгімені тез қабылдайтын алғырлығымен көзге түскен. Анасы Ұлжан да шешен, сөз қадірін білетін кісі болған.
Абай — қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Өлең шығаруды ерте бастағанымен, қырық жасқа таяған кезде көркем әдебиетке ерекше ден қойып, сөз өнерінің халық санасына ықпалын терең түсінеді.
Бағдар сұрақтар
- Алғаш сауатын қалай ашты? Молдасының аты кім?
- 10 жасында қайда оқуға берілді? Медреседе неше жыл оқыды?
- Медреседен кейін оқуын қайда және не үшін жалғастырды?
- Ел билеу ісіне неше жастан араласты? Қай жылдары, қай елде болыс болды?
- Абай ненің негізін қалады? Неше жасынан бастап көркем әдебиетке ден қойды?
- Табиғат лирикасына жататын өлеңдерін ата.
Ақынның жеті атасы (сызба мазмұны)
Шежіре желісі
Орта жүз → Тобықты (Арғын руы) → Олжай батыр
- Олжай батырдан: Айдос, Қайдос, Жігітек
- Айдостың Айпара есімді әйелінен: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай
- Ырғызбайдан: Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай
- Өскенбайдың Зере есімді әйелінен: Құнанбай
Құнанбай әулеті
- Бәйбішесі Күңкеден: Құдайберді
- Екінші әйелі Ұлжаннан: Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан
- Үшінші әйелі Айғыздан: Халлиулла, Ысмағұл
- Төртінші әйелі Нұрғанымнан: бала жоқ
Ә. Түсіну – қолдану: «Қыс» өлеңі
Абай Құнанбаев — «Қыс»
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр-мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап, келіп қалды. Дем алысы — үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды. Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып, Аязбенен қызарып ажарланды. Бұлттай қасы жауып екі көзін, Басын сілкісе, қар жауып, мазаңды алды. Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалды. Әуес көріп жүгірген жас балалар, Беті-қолы домбығып, үсік шалды. Шидем мен тон қабаттап киген малшы Бет қарауға шыдамай сырт айналды.
Өнер туралы ой
Өнердің басты пәні — адам, адам өмірінің шындығы. Суреткер табиғатты бейнелей отырып, адам жүрегінің асыл сырын, адамзат жанының жарқын мұратын танытуға күш-жігерін жұмылдырады.
Жанқара Дәдебаев
Өлеңді сатылай кешенді талдау
- Тақырыбы
- Қыс
- Авторы
- Абай Құнанбаев
- Жанры
- Поэзия, лирика
- Идеясы
- Қазақ даласындағы қаһарлы қыстың келбетін, табиғат мінезін және малшы еңбегінің қиындығын көркем әрі дәл бейнелеу.
- Көркемдік-эстетикалық компоненттер
- Портрет, пейзаж, психологизм
Мазмұндық құрылымы
- Қыстың кейпі
- Қыстың әрекеті
- Қыстағы балалар
- Қыстағы малшының күйі
Тапсырма
Өлеңді қара сөзбен баяндаңыз (өлең жолдарын мәтінге айналдырыңыз).
ІІІ. Ойтолғау және шығармашылық жұмыс
Шығармашылық тапсырма
Өлеңдегі әрбір көріністі ақын қандай бейнелі сөздермен жасағанын анықтаңыз.
Психологиялық тренинг
Мұғалім мәтінді оқиды. Оқушылар көздерін жұмып, мазмұнды ретімен елестетеді де, есте қалған зат есімдерді дәптерге жазады.
Қыс түсті. Қар жауып тұр. Күн ұзарды. Түннің аязы қатайды. Жиі-жиі боран соғады. Тоғайлар ақ мамыққа оранады.
Жауап үлгісі:
Қыс, қар, күн, түн, аяз, боран, тоғайлар, мамық.
«5 жолды өлең» стратегиясы
Құрылымы
- Зат есім
- Сын есім
- Етістік
- Нақыл сөз
- Мағыналас сөз
Үлгі
Зат есім: Қыс.
Сын есім: Аязды, боранды, қаһарлы, ызғарлы.
Етістік: Борайды, сықырлайды, үскіреді, тоңдырады.
Нақыл сөз: Қыс қарлата, дауылдата келсе, көктем көлдете, жауындата келеді.
Мағыналас сөз: Ақ мамық.
Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы
Қорытынды сұрақтар
- Бүгін біз қандай тақырып өттік?
- Елбасының Абай туралы пікірін қалай түсінесің?
- Табиғат лирикасына жататын Абай өлеңдерін ата.
- Неліктен «Қыс» табиғат лирикасына жатады?
Үй тапсырмасы
- «Қыс» өлеңі бойынша мазмұндама жазу.
- Өлең шумақтарын шығармашылықпен толықтыру және тақырыпқа сурет салу.
- Өлеңді жаттап, мәнерлеп айтуға машықтану.
Білімді бағалау
Сабақ барысында белсенді қатысу, мәнерлеп оқу, талдау жұмыстары және тапсырмаларды орындау сапасы бойынша бағаланады.
Дерек
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Нұркен ауылы. Бастауыш сынып мұғалімі: Нұрмағанбет Жібек Серікқызы.