Тәні саудың - жаны сау
Дені сау ұрпақ — жарқын болашақ
Бұл материал — оқушыларға арналған тәрбиелік сайыстың мазмұны мен жүргізілу құрылымын жинақтап ұсынатын жоспар. Негізгі бағыт — денсаулықтың қадірін түсіндіру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жас ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу.
Тақырып
Дені сау ұрпақ — жарқын болашақ.
Формат
Сайыс, мақал-мәтелдер, сұрақ-жауап, қимыл-қозғалыс ойындары, шығармашылық тапсырма.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Денсаулық — табиғаттың адам баласына берген ең басты байлығы екенін ұғындыру. Денсаулықты сақтаудың негізгі жолы — зиянды, жат қылықтардан аулақ болып, салауатты өмір сүру.
Дамытушылық
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу тиімді» қағидасын түсіндіру. Дене тәрбиесіне, қозғалыс белсенділігіне және салауаттылық әдеттеріне дағдыландыру.
Тәрбиелік
Оқушылардың бойына адамгершілік пен жоғары мәдениеттілік қасиеттерін сіңіру. Денсаулықтың қадірін түсініп, оны сақтай білуге тәрбиелеу.
Қатысушылар мен ұйымдастыру
- Сайысқа түсетін оқушылар: Еркебұланқызы Ақбота, Жарасова Гүлжамал, Бітімов Ақниет
- Әділқазылар алқасын сайлау және сайыс шарттарымен таныстыру
Сайыс құрылымы
- 1. Таныстыру
- 2. «Тәрбие көзі – халықта»
- 3. Мақал-мәтел сайысы
- 4. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» — сұрақтарға бір әріптен басталатын сөздермен жауап беру
- 5. «Дені саудың – жаны сау» қимыл-қозғалыс ойындары
- 6. «Дені сау ұрпақ — жарқын болашақ» шығармашылық тапсырма
- 7. Қорытынды
I. Таныстыру
Уа, халқым, назар аудар денсаулыққа!
Өмірде бақыттысың денің сау да.
«Денсаулық — терең бақыт» деген сөзді
Құр айтпаған ұлы Абай данамыз да.
Денің сау да күштісің бұл әлемде,
Денің сау да сұлусың жер бетінде.
Сол мықты денсаулықтың арқасында
Жетерсің әлі талай бақыттарға.
Осы шумақтармен сайыстың алғашқы туры басталады.
II. «Тәрбие көзі – халықта»
Өсиет
Денсаулықты сақта — түзу өсесің,
Күнәдан пәк, жәннат өмір кешесің.
Көрген күнің қараңғы ғой дерт шалса,
Харамменен тәніңді улап не етерсің?
Жаман әдет көп шектірер қасірет,
Сақта өзіңді — жақсылыққа жетерсің.
Денсаулыққа қатысты мақал-мәтелдер
- Денсаулық — зор байлық.
- Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады.
- Жан ауырса, тән азады.
- Тәні саудың — жаны сау.
- Тәуіптің жақсылығы — ауруға ауру жамағандығы.
- Бас аманда мал тәтті, бас ауырса жан тәтті.
- Аңдамай сөйлеген — ауырмай өледі.
- Ауруын жасырған — өледі.
- Денің сау болса — «жармын» деме.
- Тазалық — саулық негізі, саулық — байлық негізі.
- Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде.
- Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ.
III. «Сөз тапқанға қолқа жоқ»
Бұл турда сұрақтарға бір әріптен басталатын сөздермен жауап беру ұсынылады. Жауап нұсқаларын таңдауға болатын әріптер: А, Б, Ж.
Сұрақтар
- 1) Жасыңыз нешеде?
- 2) Денсаулығыңыз жақсы ма?
- 3) Сабақта басыңыз ауырса не істейсіз?
- 4) Денсаулық — зор байлық па?
- 5) Қан тобыңыз қандай?
- 6) Адамда қанша саусақ бар?
- 7) Спортпен шұғылданасыз ба?
- 8) Ден сау болу үшін не істеу керек?
- 9) Сүйікті тағамыңыз қандай?
- 10) Гигиенаны қалай сақтаймыз?
- 11) Бөлмені қанша уақыт сайын желдету керек?
- 12) Іш ауырса не істейсің?
- 13) Дәрігерден қорқасың ба?
- 14) Мақалды жалғастырыңыз: «Денсаулықтың қадірін…»
- 15) Денсаулық жайында тілек айтыңыз.
IV. «Дені саудың — жаны сау» қимыл-қозғалыс ойындары
Денсаулық — ол шыныққан
Барлық дене мүшесі.
Денсаулық — ол тыныққан
Жүйке тамыр жүйесі.
Денсаулық — ол күлуің,
Көңіл күйің жадырай.
Денсаулық — ол жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.
Болсаң да әлі қаршадай,
Ойнау үшін шаршамай,
Оқу үшін мектепте,
Ашылсын деп тәбет те —
Құру үшін сауық
Керек мықты денсаулық.
Ойын тапсырмалары (әрқайсысы 1 минут)
-
1) Қасқырдан қорқып, қашып келе жатқан қоянның қимылын көрсетіңіз.
-
2) Балға тойып алған аюдың аралардан қашуын көрсетіңіз.
-
3) Иесі тамақ әкеле жатқан күшіктің қимылын көрсетіңіз.
V. «Дені сау ұрпақ — жарқын болашақ» шығармашылық тапсырма
Ұран-өлең
Басты байлық — денсаулық,
Бабам айтқан даналық.
Сақта жолын, сен тауып,
Осы шақтан — балалық.
Дені саудың — жаны сау,
Денсаулық — сенің байлығың.
Мықты болсаң, досым-ау,
Жуымас саған қайғы-мұң.
1-топ
………………………………………… баламыз,
………………………………………… аламыз.
………………………………………………………
………………………………………… санамыз.
2-топ
………………………………………… күлеміз,
………………………………………… жүреміз,
………………………………………………………
………………………………………… сүреміз.
3-топ
………………………………………… жанымыз,
………………………………………… әніміз,
………………………………………………………
………………………………………… сәніміз.
Флешмоб
Қорытындылау барысында 9-сынып оқушылары өнер көрсетеді.
Қорытынды
Түйін сөз
Денің сау болсын десең — өзіңді күт.
Ұзақ өмір сүргің келсе — тәртіпке бағын.
Көңілің сергек болсын десең — таза жүр.
Зиянды әдеттен аулақ болғың келсе — өз еркіңе тоқтау сал.
Салауатты ғұмыр кешем десең — спортты серік ет.
Арманыңа жетем десең — еңбектен және шынық.
Ұсыныс
Өнерлі, үлгілі, таза болғың келсе — өз еркіңе тоқтау салып, спортпен шұғылдан.
Ән: «Көңілді күн»
Марапаттау
Әділқазылар алқасы екі топтың ұпайын есептеп, қорытынды шығарып, алғыс хат табыстайды.
Мәлімет
Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Ұлғайсын ауылы.
Сейсекенов О. М., Қозыбекова С. Қ.