Жамбылдың алғашқы өлеңі

Сабақтың тақырыбы

Жамбыл шығармаларының негізгі тақырыптары

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға Жамбыл өлеңдерінің мәнін ашып меңгерту, өлеңді теориялық тұрғыдан талдай білуге үйрету.
  • Шығармашылық тапсырмалар арқылы ойлау қабілетін дамыту, тіл байлығын арттыру, түйінді ой мен өзіндік пікір қалыптастыруға ықпал ету.
  • Патриотизмге, адамгершілікке баулу, сөз өнерін қастерлеуге тәрбиелеу.

Сабақ түрі

Шығармашылық-ізденіс

Көрнекілік

Жамбыл портреті, шығармалар жинағы, кеспелер, әдеби хрестоматиялар, сызба, нақыл сөздер

Әдіс-тәсілдер

Мәнерлеп оқу, теориялық талдау, шығармашылық жұмыс, жаттау

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, сабаққа қатысуды тексеру.
  • Оқушылардың назарын өлең жолдары арқылы сабаққа аудару.

Өнер алды – қызыл тіл,

Анаңдай оны құрметте!

Қажымай, талмай үйрен, біл,

Асылын сөздің өрнекте.

Ана тіл – асыл қазына,

Байлығың — білсең, ол сенің.

Жеткізер өмір жазына,

Сонымен өсер өркенің.

Сөз асылын, өлең қасиетін сезінетін әдебиет сабағын осы шумақтармен бастаймыз.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Өткен сабақ материалын еске түсіру үшін төмендегі сұрақтар қойылады:

  • Өткен сабақта қай ақынның өмірі мен шығармашылығын таныдық?
  • Жамбыл кім? (Топтастыру арқылы сипаттау)
  • Қай жылы, қай жерде дүниеге келген?
  • Әке-шешесінің аты кім?
  • Жамбылдың пір тұтқан ұстазы кім? Ол туралы қандай жыры бар?
  • Алғашқы өлеңі қалай аталады, ол не туралы?
  • Ақынның қандай шығармаларын білесіңдер?
  • Жамбыл шығармаларынан жатқа айтатын өлеңдерің бар ма?

III. Жаңа сабақ

Бүгін біз Жамбыл ақын шығармаларындағы негізгі тақырыптарды айқындаймыз. Ол үшін әдебиет теориясынан «тақырып» ұғымын еске түсіреміз.

Теория

Тақырып — шығармада сөз етілетін негізгі мәселе.

A) Мәтінмен жұмыс: талдау кестесі

Әдеби хрестоматиялар мен Жамбыл шығармалары жинақтары бойынша өлеңдерді талдап, төмендегі үлгімен қорытынды жасалады:

Өлең атауы Тақырыбы Өзіндік ой

Ә) Кеспелер арқылы талдау тапсырмалары

Төмендегі тапсырмалар өлеңді мазмұндық және теориялық тұрғыдан талдауға бағытталған.

№1. Үзіндімен жұмыс

Үзінді Жамбылдың қай өлеңінен алынған? Бұл өлең ауыз әдебиетінің қай түріне ұқсайды?

Аттандырдым майданға,

Аман-есен жүр, балам!

Абыройға ие бол,

Ағат баспа бір қадам!

Қосымша сұрақ

Берілген үзінді қай теориялық ұғымға мысал болады? Жауап: ассонанс.

№2. Өлеңді жалғастыру және ұйқас түрін анықтау

Балалар, аманбысың, шырақтарым,

Майысып көлге біткен құрақтарым!

№3. Бос орындарды толтыру

Көп нүктенің орнына қажетті сөздерді қойып, өлеңді толықтыр. Тақырыбын анықта.

… қымбат дүниеде, … ұлық,

Ерінбей ұмтылыңдар ерте тұрып.

Қандырып суғарыңдар егініңді,

Қоймастан арам шөбін тастап жұлып.

№4. Шумақты өз ойыңмен жалғастыр

Өсиетім: шындықты, адалды сүй,

Ардақтаған халықты, адамды сүй!

Елдің тіккен іргесін игілікке,

Тап бүгінгі бақытты заманды сүй!

(Негізгі ой: Отанды сүю.)

№5. Шумақты жалғастыру

Оқытып ел баласын,

Ашып көңіл санасын,

(Тақырыптық ишара: «Мұғалімдерге сәлем».)

№6. Ұйқас және көркемдегіш тәсіл

Кәрі-жасын елімнің,

Тұнығына білімнің,

Жүздірген тау бұлақтай,

Түнде жанған шырақтай —

Оқытушы мұғалім.

Көркемдегіш тәсіл

Теңеу: бұлақтай, шырақтай.

Ұйқас түрі

Егіз ұйқас.

№7. Батырлық пен ерлік тақырыбы

Жамбылдың батырлық, ерлік тақырыбындағы шығармаларын атап, бір-екі мысал келтір.

Оқушылардың орындаған жұмыстары тексеріліп, талқыланады, қорытынды жасалады.

IV. Бекіту

«Бес жолды өлең» әдісі

  1. 1. Зат есім: Жамбыл.
  2. 2. Сын есім: айтыскер ақын, жыршы, поэзия алыбы.
  3. 3. Етістік: айтысқан, өлең жазған, жыршы атанған.
  4. 4. Синонимдер: атақты, мәшһүр, әйгілі.
  5. 5. Сөйлем: Жамбыл — ақындық еңбектің батыры, халқының мақтанышы.

Нақыл сөздермен жұмыс

Шарты: Жамбыл өлеңдерінен алынған нақыл сөздерді тез жаттап, есте сақтап, мәнерлеп айтып беру.

Білімді мыңды жығады,

Батырдан дұшпан ығады.

Халықпен жаны бір адам,

Қалайда жеңіп шығады.

Өсиетім: шындықты, адалды сүй,

Ардақтаған халықты, адамды сүй!

Абыройға ие бол,

Ағат баспа бір қадам!

Жақсы сөзді ел жаттар,

Ел жаттар — сөзде салмақ бар.

Еңбек — қымбат дүниеде, еңбек — ұлық,

Ерінбей ұмтылыңдар ерте тұрып.

Қорқақ адам қор болар,

Көлеңкеден қорғанар.

V. Қорытынды

Бағалау және кері байланыс

Сабақта белсенділік танытқан оқушылар атап өтіледі, өзгелерге үлгі етіледі. Оқушылардың жұмысы бағаланып, қысқаша қорытынды жасалады.

Үй тапсырмасы

«Жыр алыбы — Жамбыл» тақырыбында ойтолғау жазу.

Ақын Сәкен Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржандай. Оны жинап алып, халықтың қолына беру — біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», — деген.

Сондықтан Жамбылдың жыр мұрасын танып-білу, өнегелі өмірі мен өсиетті сөздерінен үлгі алу — әр оқырман үшін маңызды.