Алатауға абиыр, Алып берген қарағым
ШҚО • Катонқарағай ауданы • Катон ауылы
Математика пәнінің мұғалімі Жанузакова Аяулым Жанатовна
Тәрбие сағаты: «Желтоқсан желі»
Бұл тәрбие сағаты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының мәнін түсіндіруге, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыруға және елін, жерін, тілін құрметтейтін, Отанын сүйетін азамат тәрбиелеуге бағытталған.
Білімділік
Желтоқсан оқиғасының себептерін түсіну, тәуелсіздіктің құнын сезіну.
Тәрбиелік
Отанды қадірлеу, тәуелсіздікті бағалау, ерлік пен күрескерлікті үлгі ету.
Дамытушылық
Ойды анық жеткізу, тіл байлығын арттыру, мәнерлеп оқу, дикция мен интонацияны дамыту.
Көрнекіліктер
- Желтоқсан қаһармандарының фотосуреттері: Қайрат, Ләззат, Сәбира, Ербол.
- Тақырып желісі бойынша слайдтар.
- Нақыл сөздер, дәйексөздер, мәтін үзінділері.
І. Ұйымдастыру бөлімі
Армысыздар, құрметті ұстаздар мен Тәуелсіз еліміздің ұлағатты ұрпағы!
Сұрақ-жауап
- Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл толды?
- 21 жыл.
- Тәуелсіздікке дейінгі ауыр кезеңдер қандай?
- «Ақтабан шұбырынды», аштық, репрессия, Ұлы Отан соғысы, «Желтоқсан желі».
- Желтоқсан оқиғасына қанша жыл толды?
- 26 жыл.
Біз тәуелсіздікке оңайлықпен жеткен жоқпыз. Сол жолдың бір айқын көрінісі — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.
Желтоқсан — тарихтың жарасы, халықтың намысы
1-жүргізуші • Нияз
Тарихымызда ерекше орны бар, халқымыздың қасіреті мен ар-намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған оқиға — бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Ол қайсарлығымен, алға қойған мақсат-мұратымен, тіпті жіберілген қателіктерімен де әрбір жанның жадында қалды. Бұл күн — қазақты бірлікке ұйыстырған, әрі қуанышы мен қайғысы қатар өрілген тағдырлы кезең.
2-жүргізуші • Жібек
1986 жылдың 16–17 желтоқсанында Алматыда мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп, алаңға шықты. Олар елдің тізгінін өз халқының өкілі ұстауын қалады. Сол кездегі биліктің бұйрығымен күш қолданылып, көптеген жастар қамалып, ызғарлы күнде қорлық көрді. Еркіндік сұраған жастарға «бұзақы», «ұлтшыл», «нашақор» деген негізсіз айып тағылды.
Видеоматериал
«Желтоқсан желі» бейнеролигі (көрсетілім).
Өлең жолдары — сол күннің үні
Нашақор деп, ұлтшыл деп, Қазаққа күйе жаққан күн. Базары кетіп бір күнде, Қайғыға халық батқан күн. Әділдік пен шындықты Өтірік жала жапқан күн. Надан жасаған сұмдықтан Адамдар азап шеккен күн. Қасқалдақ ұшып көлінен, Шүрегей келіп қонған күн. Қыранды қуып көгінен, Қарғалар билік алған күн.
Шектеліп ана тіліміз, Оқылмай өлең-жырымыз. Жабылып жатса мектептер, Жадырар қалай күніміз? Тарылып жатса даламыз, Қайтіп біз тыныс аламыз? Қақымыз да жоқ айтуға, Әділет қайдан табамыз?
Бұрқ етті қазақ баласы, Кеудеге өршіп наласы. Алаңға қарай ағылды, Таусылып барлық шарасы. Жанымыз жомарт қазақпыз, Мәңгүрт боп кете жаздаппыз. Қосайық басты, бауырлар, Жанайық, жансақ маздап біз.
Қақап күннің ызғары Сүйектен өтіп кеткен күн. Қаракөз қазақ қыздарын ОМОН-дар бастан тепкен күн. Қариялар итке таланып, Ер басын күрек шапқан күн. Аппақ қар қанға боялып, Қып-қызыл мұз боп жатқан күн.
Жас арудың жанарында — Желтоқсан, Қанды ғасыр табанында — Желтоқсан. Қаралы өмір қайыстырған халқымның, Қара тұман қабағында — Желтоқсан. Жауыздықты жасаған да — Желтоқсан, Жаңа ғұмыр бастаған да — Желтоқсан. Жазықсыздың көз жасына жуынып, Абақтыға тастаған да — Желтоқсан.
Куәгерлер сөзі: тарихпен бетпе-бет
Тәуелсіздік жолы — жеңіл жол емес. Бұл жолда мыңдаған адамның арманы мен тағдыры сынға түсті, талай боздақ жанын қиды. Соның айғағы — күллі әлемге қазақ деген атты танытқан Желтоқсан оқиғасы.
Сұхбатқа ұсынылатын сұрақтар
- Желтоқсан оқиғасына қатысқаныңызға өкінбейсіз бе?
- Сол кезде өміріңізге қауіп төнеді деп қорыққан жоқсыз ба?
- Сізбен бірге алаңға шыққан жастардың ішінде жараланғандар болды ма?
Ескерту: Сұхбат бөліміне куәгер ретінде Рақымжанов Ерлан аға шақырылады (сөз сөйлейді, сұрақтарға жауап береді).
Желтоқсан қаһармандары: есімдер мәңгі жадымызда
1-жүргізуші • Нияз
Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым, Бет бағдарын бақиға бұрғандарым. Қаралы жылдардай боп қарауытып, Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым. Құрбандарым, жазықсыз құрбандарым, Кеудемдегі қоламта қоздатқаным. Тұншықса да түрмеде тозбапты әнім. Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан, Жалтақтап кете барған боздақтарым.
Енді желтоқсан оқиғасында құрбан болған қазақтың қайсар қыздары мен жігіттерінің өмір жолына қысқаша тоқталайық.
Сәбира Мұхамеджанова
1985 жылы сегізжылдық мектепті үздік бітіріп, бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын оқу орнына студент болып қабылданды. Алматыдағы жастар шеруін жүрегімен қолдап, Өскемен қаласындағы сергек ойлы студенттермен бірге Ушанов алаңына қарай өлең айтып, шеру жасады. Кейін жиналыста айыпталып, «тәртіпсіз» деп бағаланды. Албырт жас жатақханадағы бөлмесінің терезесінен секіріп, қаза тапты.
Көрсетілім: Сәбираның өмір жолы туралы слайдтар.
Ләззат Асанова
Алматы облысы, Панфилов ауданы, Ақжазық ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеде қобызшы мамандығы бойынша оқыды. Небәрі он алты жылдық қысқа ғұмыры қыршыннан қиылды. Жерлеу алдында оның екі білегінде темір бұғаудың көкшіл іздері, ал бас сүйегінің шүйдесі ойылғаны байқалған. Бұл — жазалаушылардың қорлығынан қаза тапқанын аңғартады.
Көрсетілім: Ләззаттың өмір жолы туралы слайдтар.
Ербол Сыпатаев
Талдықорған облысы, Панфилов ауданының Ленин атындағы совхозының екінші бөлімшесінде дүниеге келген. Энергетика институтының II курс студенті, бір үйдің жалғыз баласы еді. 1986 жылдың 18 желтоқсанында сағат 20:00 шамасында ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізіліп, есін жимастан қайтыс болды.
Анасының жоқтауы (үзінді)
Әлди-әлди, ақ көкем, Жер бесікке жат, көкем. Аямайтын қыршының, Заман беті қатты екен. Кімнен болды ажалың, Кімнен болды азабың? Езілген мына бауырымды Қалай ғана жазамын?.. Алтын баулы ақ сұңқар Енді қайтып келер ме?! Мәңгі шөккен қара нар Енді қайтып тұрар ма?! Тәубе деймін, қарағым, Тәубе деймін, қарағым!
Көрсетілім: Ерболдың өмір жолы туралы слайдтар.
Қайрат Рысқұлбеков
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтына оқуға түсті. Желтоқсан оқиғасынан кейін оған жазықсыз жала жабылып, аса қауіпті қылмыскерлерге арналған изоляторда ұсталды.
Ақтық сөзі (үзінді)
Біріншіден мен анамды сағындым, Екіншіден бұл Құдайға не қылдым? Бостандықта еркін жүрген жан едім, Енді міне абақтыға жабылдым. Күнәдан таза басым бар, Жиырма бірде жасым бар. Қасқалдақтай қаным бар, Бозторғайдай жаным бар, Алам десең, алыңдар! Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар. Еркек тоқты — құрбандық, Атам десең, атыңдар!
Анасының жоқтауы (үзінді)
Желтоқсанның шыдадың Толғағына, қарағым. Арман, арман, арман көп... Қысқа ғұмыр сүрсең де, Таң қалдырған қарағым! Алатауға абырой Алып берген қарағым! Бақұл бол, бақұл, әй, көкем, Тәубе, тәубе, тәубе етем!
Көрсетілім: Қайраттың өмір жолы туралы слайдтар.
Егемендікке басталған жол
2-жүргізуші • Жібек
Ұлтжанды аға-апаларымыздың ерлігі арқасында біз егемен ел атандық. Желтоқсан оқиғасы — тәуелсіздіктің бастауы болды. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң жарияланып, еліміздің дербес мемлекет екені әлемге айқындалды. Содан бері Қазақстан өз жолын өзі айқындап келеді.
Куәгермен сұхбатқа ұсынылатын сұрақтар
Ескерту: Бұл бөлімде Бейғанова Бақыт апайға сөз беріледі (сұхбат, сұрақ-жауап).
- Алаңға шыққаннан кейін болған жайттарды көрген сәтте өкінген кезіңіз болды ма?
- Еліміз тәуелсіздік алғанын естігенде қандай сезімде болдыңыз?
- Жастардың арманы орындалды. Ендігі арманыңыз қандай?
Тәуелсізбін, тәуелсізбін мен бүгін, Келді, міне азаттығым, теңдігім. Бостандықта байлығым мен ендігім, Шешіл енді, шемен болған шерлі үнім. Қарсы қарап қатал мынау заманға, Айналдық біз қайтпас қайсар қамалға. Алды бүгін Тәуелсіздік тау тасым, Орман, көлім, өзендерім, далам да! Таңым менің, қаным менің — тәуелсіз, Өткізбейік біз де бұл күнді әуенсіз!
Көркем оқу: сынып оқушысы Ақгүлдің Отан туралы өлеңі.
Ән орындау
Музыка: Мукашев С. — «Менің Қазақстаным».
Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Нұрлы Отанымыз — Тәуелсіз Қазақстанның бағы жанып, абыройы арта берсін!