Халықты жұмыспен қамту саласында
Мамандық — тағдыр таңдауы
Адам есейген сайын өз тағдырын қай мамандықпен байланыстыратыны туралы ойлануы заңды. Дұрыс таңдау жасау үшін ең алдымен өзіңді — мінезіңді, бейімділігіңді, қызығушылығыңды — танып алу қажет. «Мен кіммін?», «Өмірдегі орным қандай?», «Қалай өмір сүргім келеді?» деген сұрақтар әркімнің ішкі бағдарын айқындайды.
Мамандық — тек табыс көзі ғана емес. Ол белгілі бір дайындықты, жауапкершілікті, тұрақты еңбекті талап ететін маңызды қызмет саласы. Сондықтан мамандық таңдау — тағдыр таңдау. Кейін өкінбей, өз қабілетің мен икеміңе сай кәсіпті таңдаудың маңызы зор.
Біреулер үшін мамандық — бала күнгі арманның орындалуы немесе отбасы дәстүрін жалғастыру. Енді біреулер үшін — жаңалыққа ұмтылу, білім арқылы дербестікке жету. Ал кей жағдайда таңдау «әйтеуір бір мамандық иесі болу» ниетімен жасалып, қате бағытқа алып келуі мүмкін. Мұндай қателіктерге жол бермеу үшін өз мүмкіндігіңді де, қызығушылығыңды да қатар таразылаған жөн.
Жеке тәжірибе: қателіктен табылған жол
Өз өмірімде мамандық таңдауда шатасқан жандардың қатарына жатамын. Экономика мамандығын өз еңбек тағдырым деп қабылдап, екі жылымды сол бағытта өткіздім. Алайда қателік те — тәжірибе: ол адамның өзін тануына, дамуына ықпал етеді.
Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасындағы «Әлеуметтік жұмыс» мамандығына оқуға түсіп, бұл жолы қателеспегенімді түсіндім.
Әлеуметтік жұмыс: қайырымдылық пен жанашырлыққа негізделген қызмет
Әлеуметтік жұмыс — елдің негізгі тірегі саналатын қарапайым халыққа бағытталған, альтруизм мен жанашырлықты алға қоятын мамандық. Бұл сала қайырымдылықтың мәдениетін күшейтіп, қоғамдағы әлсіз топтарды қолдауға нақты үлес қосады.
Әлеуметтік жұмыс — адамдардың әлеуметтік мәселелерін, әсіресе әлеуметтік жәбір көрген тұлғалар мен қоғамдық топтардың қиындықтарын шешуге бағытталған кәсіптік іс-әрекеттің ерекше түрі. Ол азаматтардың әлеуметтік кепілдігі бар құқықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, адамның әлеуметтік қызмет атқару қабілетін қалпына келтіруге немесе арттыруға жағдай жасауға көмектеседі.
Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс — мүмкіндігі шектеулі жандарға әртүрлі қолдау түрлерін көрсететін қызмет. Қазақстанда бұл мамандық әлі де даму үстінде болғандықтан, енгізілетін жаңалықтар мен жүзеге асатын бастамалар көп. Ал шет елдерде әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі жоғары, қызмет аясы кең әрі мүмкіндіктері мол.
Неге бұл мамандық маңызды?
- Қоғамдағы осал топтардың құқығы мен қажеттіліктерін қорғауға бағытталады.
- Қалпына келтіру, бейімдеу және қолдау шараларын жүйелі түрде ұйымдастырады.
- Мемлекеттік және қоғамдық институттар арасындағы байланысты күшейтеді.
Әлеуметтік қызметкер қай жерде жұмыс істей алады?
Бүгінде әлеуметтік қызметкерлер әртүрлі бағытта еңбек ете алады. Қызмет орындарының ауқымы кең, ал жұмыстың мазмұны қоғамның нақты сұраныстарымен тығыз байланысты.
Мемлекеттік қызмет және инфрақұрылым
- Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО)
- Халықты жұмыспен қамту саласы
- Зейнетақымен қамтамасыз ету орталықтары
Денсаулық және қолдау орталықтары
- Оңалту орталықтары
- Дағдарыстық орталықтар
- Ауруханалар және емдік-профилактикалық мекемелер
Тікелей әлеуметтік қолдау
Жастармен, егде жастағы азаматтармен, көпбалалы немесе көмекті қажет ететін отбасылармен тікелей жұмыс жүргізетін мемлекеттік мекемелер мен бағдарламалар.
Кафедра туралы: сапалы білім және халықаралық мүмкіндік
Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушылар құрамы кәсіби біліктілігімен, өз ісіне және университетке адалдығымен ерекшеленеді. Ұжым әр студенттің білім сапасына мән беріп қана қоймай, үнемі бағыт-бағдар мен ақыл-кеңес ұсынуға дайын.
Бүгінде кафедра түлектері үшін Ресей Федерациясындағы бірқатар жоғары оқу орындарымен бірлескен қосдипломдық бағдарлама жұмыс істейді. Атап айтқанда: Ураль федералдық университеті (Ресейдің тұңғыш Президенті Б. Н. Ельцин атындағы) және Белгород мемлекеттік ұлттық зерттеу университеті базасында.
Түлектерге үндеу
Әлеуметтік жұмыс мамандығын таңдаған жастарды шет ел тәжірибесінде қолданылып жүрген озық әдістер мен қызмет түрлерін елімізде жаңғыртуға, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға және осы саланың білікті маманы болуға шақырамын.
Автор туралы мәлімет
Автор
Зинадин Жұлдызай Мұхтарқызы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы, 4-курс студенті
Жетекшілері
- доцент м. а. Сарыбаева И. С.
- доцент м. а. Амитов С. А.