Оқушыларды компьютердің сыртқы құрылғыларымен таныстыру

Информатика (6-сынып): Пернетақта

Бұл сабақта оқушылар дербес компьютердің сыртқы құрылғыларымен танысып, пернетақтаның қызметі мен жұмыс істеу принципін түсінеді.

Сабақтың тақырыбы

Пернетақта

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Көрнекі құралдар

Компьютер, оқулық, жұмыс дәптері

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Енгізу және шығару құрылғыларына жалпы шолу жасау, пернетақтаның жұмысымен таныстыру арқылы білімін арттыру.

Тәрбиелік

Ұқыптылыққа, тиянақтылыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.

Дамытушылық

Ойлау қабілетін, логикалық және абстрактілі ойлауды дамыту.

Сабақтың өту барысы

  1. Оқушыларды ұйымдастыру.
  2. Үй тапсырмасын тексеру.
  3. Жаңа тақырыпты түсіндіру.
  4. Тапсырмаларды орындау.
  5. Сабақты бекіту.
  6. Үй тапсырмасын беру.

Өткен материалды қайталау сұрақтары

  • Компьютердің негізгі құрылғыларын ата.
  • Компьютер жадысының қандай түрлерін білесің?
  • Тұрақты жад пен жедел жадтың айырмашылығы қандай?
  • Ақпаратты енгізу және шығару құрылғыларын ата.
  • Жадтың сыртқы тасымалдағыштарын сипатта.
  • Монитордың ажырату қабілеті дегеніміз не?

Жаңа түсініктер: сыртқы құрылғылар

Дербес компьютердің сыртқы құрылғылары компьютердің интерфейстері арқылы қосылады және қосымша операцияларды орындауға арналған. Арналуына қарай сыртқы құрылғыларды мынадай топтарға бөлуге болады:

Деректерді енгізу құрылғылары

Компьютерге ақпарат енгізуге арналған құрылғылар.

Деректерді шығару құрылғылары

Нәтижені пайдаланушыға көрсетуге арналған құрылғылар.

Деректерді сақтау құрылғылары

Ақпаратты ұзақ уақыт сақтауға арналған тасымалдағыштар.

Деректерді алмасу құрылғылары

Құрылғылар мен желі арасында ақпарат алмасуға арналған.

Пернетақта (клавиатура)

Пернетақта — компьютерге ақпарат енгізуге арналған негізгі құрылғы. Әдетте онда 101 немесе 102 перне болады және ол таңбалық деректерді енгізу қызметін атқарады.

Пернетақтаның жұмыс істеу принципі

  1. Перне басылғанда пернетақтадағы арнайы микросхема сәйкестендіретін скан-код жіберіледі.
  2. Скан-код микросхемаға түседі, ол процессорға бекітілген нөмірі бар үзілу (interrupt) береді.
  3. Үзілу келгенде процессор ағымдағы жұмысты уақытша тоқтатып, үзілу нөмірі бойынша қызмет көрсететін бағдарламаның адресін табады.
  4. Үзуді өңдегеннен кейін процессор аяқталмаған жұмысын жалғастырады.
  5. Енгізілген, бірақ әлі өңделмеген символдар пернетақта буферіне түсіп, бағдарлама алып кеткенше сақталады.

Пернетақтаның негізгі блоктары

Алфавиттік-цифрлық блок

Әріптер, цифрлар және таңбалар енгізілетін негізгі бөлік.

Функционалдық пернелер (F1–F12)

Жиі қолданылатын күрделі операцияларды жылдам шақырады; қызметі бағдарламаға байланысты өзгереді.

Арнайы пернелер

Enter, Esc, Tab, Ctrl, Alt, Backspace сияқты басқару пернелері.

Меңзерді басқару және редакциялау

Меңзерді жылжыту және мәтінді өңдеу пернелері.

Сандық пернетақта (NumPad)

Қосымша цифрлық блок. Num Lock арқылы қосылады/ажыратылады.

Негізгі пернелердің қызметі

Enter — енгізу пернесі; белгілі бір әрекетті аяқтау немесе команданы орындау үшін басылады.

Бос орын (Space) — сөздер мен символдарды бір-бірінен ажыратады.

Backspace — меңзердің сол жағындағы символды өшіреді.

Shift — уақытша бас әріп енгізу немесе қосымша таңбаларды теру үшін қолданылады.

Caps Lock — бас әріп режимін қосады/сөндіреді.

Delete — меңзердің оң жағындағы символдарды өшіреді.

Ctrl + Alt сияқты пернелер комбинациясы кейбір әрекеттерді орындауға мүмкіндік береді.

Сабақты бекіту сұрақтары

  • Компьютердің сыртқы құрылғыларын ата.
  • Енгізу және шығару құрылғыларын ата.
  • Пернетақтаның блоктарын ата.
  • Негізгі пернелер қандай қызмет атқарады?

Үй тапсырмасы

Оқу

Пернетақта тақырыбын қайталап оқу.

Сөзжұмбақ

Пернетақтаға қатысты сөзжұмбақ құрастыру.

Ребус

Тақырып бойынша ребус құрастыру.