Сиырдың сүті қай жерінде

Сабақ туралы қысқаша таныстырылым

Әріптестеріме ұсынатын келесі сабағым Аналар мерекесіне арналады. Сабақ барысында ата-ана, мектеп және ұстаздар арасындағы байланысты нығайтып, бірлескен жылы атмосфера қалыптастыруға болады.

Тақырыбы

«Әлемнің жарығын сыйладың сен маған!»

Мақсаты

  • Балаларды мейірімділікке, инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.
  • Аналардың өлшеусіз еңбегін бағалауға үйрету.
  • Елге, Отанға деген балалық махаббатты арттыру.

Көрнекілігі

  • Қабырға газеті: «Аналар – асыл жандар»
  • Ашық хаттар
  • Интерактивті тақта және өзге де құралдар

Сабақтың өту барысы (сценарий)

Кіріспе: жүргізушілер сөзі

Мерекелік көңіл күй қалыптастыратын құттықтау және кіріспе шумақтар.

№1 жүргізуші

Армысың, ауылымның асылдары,

Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.

Сендер үшін ән мен күй, өлең мен би,

Сендер үшін мереке шашулары.

№2 жүргізуші

Әлемнің жарығын

Сыйладың сен маған.

Даланың әр гүлін

Жинадың сен маған.

№1 жүргізуші

Көктемді қанатына қондырып, жан жылуын көкірегіне толтырып, әйел-аналардың дәстүрлі мерекесі — 8 Наурыз да ауылымызға келіп жетті. Өздеріңізді анадай шуақты, құлпырған қызғалдақтай әсем мерекемен құттықтаймыз!

№2 жүргізуші

«Отбасы — шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ — мемлекетіміздің құт-берекесі. Әйел-ана — отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі, болашақ азаматтарды тәрбиелеуші.

№1 жүргізуші

Олай болса, бал бөбектеріңіздің өздеріңізге арналған жыр жолдарын қабыл алыңыздар.

Балалардың арнауы (өлеңдер)

Оқушылардың анаға деген ықыласын жеткізетін көркем сөздер.

Жансая

Бүкіл әлем аналардың ақ сүтінен нәр алған,

Бүкіл әлем аналардың үмітінен таралған.

Әлемде сен болмасаң осылайша,

Туар ма еді жүрегімде биік мақсат, игі арман?

Нұрмұхамед

Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,

Тәтті ұйқыңды бөліп, талай тіл қаттың.

Өміріме нәрін берді ақ сүтің,

Кең құшағың — аясындай гүл бақтың.

Ақнұр

Мен өзіңмен қайда болса біргемін,

Махаббатың жүрегімде жүр менің.

Күн нұрындай жадырай бір күлгенің,

Қандай жақсы ортамызда жүргенің.

Жарасқан

Сияқты бір жаздың сұлу нәр гүлі,

Құлпырады бүгін міне март күні.

Осы күні тасып сенің көңілің,

Жас жүректен шықты шалқып шат үні.

Ақнүр

Қуанып көз алдымда жүргеніңе,

Құмарсың менің келер күндеріме.

О, ана, жетсе екен бар өмірің,

Қартайған шағымды да бір көруге.

№1 жүргізуші

Күнде той бола бермес дәл осындай,

Тыншымас көңіл бақыт жол ашылмай.

Өмірде саған жақын адам болмас,

Төрт бөлген түн ұйқысын анашыңдай.

Хор

«Құттықтаймын, мама!» әні

Есекен

Адамдықтың ашқан соң қақпасын кең,

Туған елің сүйсіне мақтасын деп.

Пәк сезіммен тілеймін адамдарды,

Анасының ақ сүтін ақтасын деп.

Ақтоты

Мінекей, жер көгеріп көктем келді,

Шығарып сап боранды, өппек желді.

Жаңа көктем әкелсін мол жақсылық,

Өткен өтті, салауат өткенге енді.

№2 жүргізуші

Тыныштық — баршамыздың ұранымыз,

Мәңгілік таусылмайтын жыр-әніміз.

Арманның асқарына қанат қаққан,

Бақытты, бейбіт елдің ұланымыз.

Хор

«Анаға сәлем»

Ақтілек

Ақ сүтінен барлық адам нәр алған,

Ол азығың өзіңмен бірге жаралған.

Туа салып тұңғыш татқан дәмің — ол,

Күш-қуат боп өн бойыңа таралған.

Ақерке

Сенен өскен балалар —

Батырлар мен даналар.

Құттықтаймыз мейраммен,

Құрметті абзал аналар!

Мәди

Ана — адамзат мекен еткен жер шарының әр түкпірінде, әр үйде мейірім мен мерейдің, достық пен туыстықтың туын тіккен жан.

Индира

Ана! Ол біздің елде ардақты адам,

Кіші де, үлкені де ардақтаған.

Өзінің аяулысы — Отанын да

«Ана» деп біздің халық текке айтпаған.

Өмірде ана — бақыт, ана — пана,

Өмірді өркендетер ана ғана.

Өсірген талай көсем, талай шешен,

Талай ер, талай ақын, талай дана.

Нұрғанат

Көңілің Алатаудың ақ қарындай,

Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.

Қалайша, аяулы ана, тына алармын,

Ән болып сағыныштан ақтарылмай.

Береке

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,

Ана дейді жас сәби де жарқылдап.

Ана деген бәйтерегі өмірдің —

Ана деген алтын қазық, алтын бақ.

№1 жүргізуші

Аяулы ана, алтын нұрлы анашым,

Жүрегіммен мәңгі бірге боласың.

Сен асқарсың, сен аспансың, биіксің,

Сен дархансың, сен жомартсың, данасың.

Хор

«Ақ мамам»

Перизат

Адам бар ма ана сүтін татпаған,

Алуан-алуан ауыр сыннан аттаған.

Адалдықты, ар-намысты сақтаған —

Мен өзімнің анашыммен мақтанам.

Нұржау

Туғаннан құлыным деп аймалаған,

Өзіңдей қымбат адам қайда маған?

Дүние аналармен көрікті ғой,

Оларсыз бақта бұлбұл сайрамаған.

Нұрдос

Адамзат ең алдымен ана алдында қарыздар. Ана қарызы — алтынға бөлеуді, ақ орда салуды қаламайды. Ана баласының ер жетіп, адам болуын қалайды. Анаға осыдан артық бақыттың керегі жоқ.

Альбина

Ана — деген адамзаттың данасы,

Ана — деген сәбилердің панасы.

Ана — деген жарық жұлдыз шырағың,

Ана — деген қайнар ыстық бұлағың.

Ана — деген өмірдегі қамқорың,

Ана — деген сүйенерің, жан құрбым.

Анар

Құттықтаймын мейрамыңмен, аналар,

Әр күлгенің бізге бақыт саналар.

Еңбегіңді еш етпейді өмірде —

Елің, жұртың, ұл мен қызың бағалар.

№2 жүргізуші

Ол — ана, адамзатқа қанық үні,

Әр жүрек, әр көңілдің жарық күні.

Ол — алыбы ғой алыптардың,

Ананың тілі емес пе халық тілі.

Ән

«Мама»

ІІ бөлім: шығармашылық жұмыс

«Анам менің жасыл бағым жайнаған…» — деп ақын жырлағандай, енді балалар аналарына арнап шағын қолтаңбаларын жазады. Бұл жұмыс «Кубизм» стратегиясы бойынша орындалады.

1-топ

Ана туралы эссе жазу.

2-топ

Сезімнен туған өлең құрастыру.

3-топ

Тілек жазу.

Тапсырмадан кейін

  • Бірнеше оқушы жұмыстары бойынша оқып береді.
  • Барлық оқушы орындарынан тұрып, «Ана туралы жыр» әнін орындайды.

ІІІ бөлім: тренинг және байқаулар

Анасы мен қызына арналған сұрақтар

Шарты: әр дұрыс жауап үшін қыз балаға 10 ұпай. Қыз жауап бере алмаса, анасы көмектеседі — 5 ұпай.

  1. Терезені жуудың тәсілін айтып бер.
  2. Әшекей бұйымдарға нелер жатады?
  3. Жұмыртқадан қандай тағамдар жасауға болады?
  4. Матаның түрлерін ата.
  5. Бір асты дайындау тәсілін айтып бер.
  6. Ине мен жіпті сабақтау және ұсыну тәсілін көрсет.
  7. Жент неден жасалады?
  8. Аптаның жеті күнін екі түрлі атап бер.
  9. Сиырдың сүті қай жерінде болады?
  10. Қандай «кілт» аспанда болады?
  11. Тұмауды неліктен қауіпті ауру дейді?

Анасы мен ұлына арналған сұрақтар

Күнделікті тұрмысқа қатысты жылдам сұрақтар.

  1. Бір пакет сүт қанша теңге тұрады?
  2. Бір келі картоп қанша теңге тұрады?
  3. Жұмыртқаны қалай қуырады?
  4. Үйлеріңіздегі шаңсорғыштың маркасы қандай?
  5. Қабырғаға шегені қалай қағады?
  6. Шалбар жылтырап қалмауы үшін қалай үтіктейді?
  7. Лампаны салғанда қай жаққа қарай бұрайды?
  8. Сиырды қай жағынан сауады?
  9. Атты қай жағынан қамшылайды?
  10. Тауық түс көре ме?

«Мен анамды қаншалықты білемін?» байқауы

Шарты: анасы мен баласы сұрақтарға қатар жауап береді.

  1. Анаң қандай түсті киімдерді ұнатады?
  2. Жақсы көретін тағамы қандай?
  3. Ұнататын гүлі қандай?
  4. Анаң қандай иіссуды ұнатады?
  5. Бос уақытында немен шұғылданғанды ұнатады?
  6. Ұнатпайтын ісі қандай?
  7. Ұнататын әншісі кім?
  8. Сырғасы қандай, неден жасалған?
  9. Анаңның көзінің түсі қандай?
  10. Анаң қандай телехикаяларды (сериалдарды) көреді?
  11. Анаң еркелеткенде жиі айтатын сөзі қандай?

Қорытынды

№1 жүргізуші

Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,

Жүрегіңе жүрегімді жалғадым.

Өзің мына сыйға берген өмірде,

Ақ сүтіңді ақтап өту — арманым.

Осы жыр жолдарымен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.